Марқұм полицейдің әйелі: "Шындықты айтыңыздар! Ол полицияда жұмыс істейді"

Dalanews 26 мая 2020 08:38 929

Марқұмның жесірі күйеуінің абыройына нұқсан келтірмеуін және тергеуді әділ жүргізуді сұрайды.

Марқұм полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың (төменде суретте) әйелі Алматыдағы блок-бекетте ойран салған жүргізушінің өзінің күйеуімен бірге жұмыс істегенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Инстаграмдағы ztb_kz парақшасына сілтеме жасап.



"Блок-бекетте ойран салған көлік жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істеген деген өтірік. Ол полицияда жұмыс істеп жүрген адам болатын. Ол менің күйеуіммен бірге түнгі ауысымға шыққан. Өзім екеуіне жұмысқа кетерде тамақ дайындап бергенмін.

Күйеуімнің әріптестерінің барлығының түрін жақсы танимын. Өтінемін, шындықты айтыңыздар! Керемет әке, жақсы отағасын өлтірген қандықолды бүркелемеңіздер бұлай! Қайтыс болған сүйіктіміздің абыройына нұқсан келтірмеңіздер", - деді Дастан Абдықановтың әйелі.

Марқұмның жесірі күйеуінің абыройына нұқсан келтірмеуін және тергеуді әділ жүргізуді сұрайды.


Алдында құзырлы орган "екі полиция қызметкерінің өліміне себепкер мас көлік жүргізушісінің полицияда жұмыс істейді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, бүгін полиция бастығы Қанат Таймерденов күдіктінің органда жұмыс істегенін мойындады, бірақ өз міндеттерін жауапты орындамағаны үшін жұмыстан босатылғанын айтты.

"Блок-бекетте болған қайғылы оқиға бірден ішкі істер органдарында қызмет еткен екі полиция қызметкерінің өмірін қиды. Бірақ қайғылы оқиғаға себепкер болған жүргізушінің бұрын погон таққан адам болуы одан сайын жанымызды ауыртып отыр. Алты жыл полицияда жұмыс істеген ол қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жазаға тартылған. Ақыры оның ішкі істер органдарынан кетуіне осынысы себеп болды. Бірақ, өкінішке қарай, одан кейін де ол бұдан сабақ алып, ешқандай қорытынды жасамаған. Заңды белден басып, ақыры ауыр зардапқа әкеліп соғатын біле тұра, мас күйінде рульге отырып, қылмыс жасады", - деді Алматы полициясының бастығы Қанат Таймерденов.

Азамат А.-ға қатысты екі немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі, яғни "Адам өлтіру" (15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазір ол қамауда.

Рекомендовать
Последние новости