Мақтаарал ауданында жаңа әкім тағайындалды

Dalanews 11 апр. 2018 10:40 903

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Мақтаарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына Жамантай Қанайұлы Бейсенбаевты тағайындады.



Әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, Елбасы бекіткен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы түрде жүзеге асыруға атсалысу қажеттілігін айтты.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлді. Әсіресе бұл саланы цифрландырып, өнім көлемін арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл жұмысты үйлестіруде Жамантай Бейсенбаевтың тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Бүгінде мұнда көктемгі егіс науқаны қызып жатыр, мақта тұқымы толық жеткілікті. Осы көктемгі уақытты тиімді пайдаланып, егін егуді ұтымды жүргізуді, экономиканы әртараптандыруды және өндіріс саласына инвестиция тартып, көкөніс пен бақша дақылдарының экпортын ұлғайтуды тапсырамын, – деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтып, сол бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды және еңбек ресурстарын реттеп, халықты жұмыспен қамтуды тапсырды. Осы ретте, әкім еңбек күші мол Мақтаарал ауданынан, еңбек күші жетіспейтін  республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, елді сол жақта шаруашылықпен айналысуға шақыруды міндеттеді. Осы аталған жұмыстарды аудан депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асыруды айтты.

Ж.Бейсенбаев 1958 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша ғалым агроном, заңгер. Еңбек жолын 1982 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданы «Пригородный» кеңшарының аға агрономынан бастаған. 1984-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жетісай аудандық комитетінің хатшысы, Жетісай аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Красная звезда» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Халық депутаттары Жетісай аудандық Кеңесі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Жетісай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Мақтарал ауданы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Мақтарал ауданы Жетісай қаласының әкімі, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2011 жылдың шілде айынан бастап Мақтарал ауданы Жетісай қаласының әкімі, 2015 жылы Мақтаарал ауданының әкімі лауазымын атқарған. Ал 2016 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болып еңбек етіп келген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости