Мақсатымыз – жалпыұлттық бірлікті нығайту

Dalanews 06 окт. 2020 06:08 1028

Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Сонымен қатар жас ұрпақты патриоттыққа және рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде ұйымның орны ерекше. Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі достық пен береке-бірлікті дамытуда көптеген жұмыстар атқаруда. Бүгінде еліміз өз дамуының кемеліне жетіп, толыққанды қалыптасқан мемлекет деңгейіне көтерілді. Қазақстанның жетістіктерінде Жетісу жеріндегі Ассамблея мүшелерінің де қосқан үлесі бар.

Жалпы, көпұлтты мемлекет жағдайындағы бірегейлікті сақтау үшін, жас ұрпақты этномәдени бірлестіктердің қызметі салаларына тартудың маңызы зор. Қазір Алматы облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өмірге құштар, өздерін қазақстандық ретінде сезініп, жүрегі қуаныш пен нұрға бөленген жастардың шоғыры қалыптасқанын атап айтқым келеді.

Өз басым 2017 жылдан бері Талдықорған қаласындағы «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісімін. Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрайымы міндетін абыроймен атқарып келе жатқанымды мақтанышпен айта аламын. Маған Ассамблеяда жұмыс істеген ұнайды. Бүгінде этномәдени орталық қызметкері, басшысы деген мамандыққа дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Бұл жұмысқа әрбір азамат жүрек қалауымен келеді. Мен екі бірдей мамандық иесі бола тұра, қоғамдық негізде жұмыс істеуге өз еркіммен келдім. Маған жастармен жұмыс істеген, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді терең сіңіру үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырған өте ұнайды. Сондай-ақ менің мемлекеттік тілді еркін білуім жұмыс барысында көп көмегін тигізеді. Негізі, екі жоғары білімді де орыс тілінде алғанмын. Бірақ үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, дос-құрбыларым да қазақша сөйлейді.

Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы» деген ұлағатты сөзі бар. Мен үшін менің Отанымның тілі – ұлы. Ұлы тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау біздің азаматтық міндетіміз.

Осыдан бірер жыл бұрын жолым түсіп, Татарстанға іссапармен бардым. Жолға шығар алдында тарихи Отаныма табан тіреу қандай әсер қалдырар екен деп толқып жүрдім. Алайда 10 күн Қазақстанды сағынып, әрең шыдадым. Қашан кетер-кеткенше асықтым. Күн сайын елмен, үймен, достарыммен хабарласып, сағынышымды басуға тырыстым. Қайтар күні ұшаққа кіріп келгенімде стюардесса қыздар «Сәлеметсіз бе» деп амандасқанда, қуанғанымнан «Сәлеметсіз бе» деп дауыстап жіберіппін. Елге оралғанда көзіме жас келіп, жылап жібердім. Туған жердің қадірін сыртқа шыққанда қатты түсінеді екенсің. Құдайға шүкір, біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені соғыс көрген жоқпыз. Бұл біздің басты жетістігіміз деп білемін.

«Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы жұмысына Алматы облысындағы аудан, қала жастары белсенді түрде қатысып келеді. Қозғалыстың мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жұмыстарында жастарды біріктіру. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс істеу, Алматы облысының алыс аудандарындағы жастар қозғалысымен бірігіп жұмыс істеу және оларды қозғалыстың мақсатымен таныстыру.

Ойға алған жоспарымызды жүзеге асыру үшін барлығымыз бірлесіп еңбек етіп, ортақ мақсатты жүзеге асыруға күш салып келеміз.

«Жаңғыру жолы» аймақтық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен Достық үйінің алаңында алғашқы жиын өткіздік. Сонымен қатар Жеңіс саябағында облыс орталығының білімгерлерінің қатысуымен «Таза саябақ – Таза қала» іс-шарасы өтті. Осылайша, біздің қозғалыс Жетісу жерінде жастардың бойында экологиялық жауапкершіліктің ерте бастан қалыптасуына күш салғанымызды мақтанышпен айта аламын.

Айта кету керек, жоспарымыздың көпшілігі адамгершілікке, отансүйгіштікке және рухани тәрбиеге бағытталған. Осы бағытта лекциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, тимбилдингтер, кездесулерді жиі ұйымдастырамыз.

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жоспарына сәйкес,«Жұлдызы жарқыраған – Жетісу» облыстық форумын ұйымдастырып, жастардың бойына отаншылдық қасиетті сіңіруге тырыстық.

Форумға Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы облыстық ҚХА мүшелері, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қызметкерлері, облыстық, аудан-қалалық Қоғамдық келісім, Аналар кеңесі, «Ұлағат» ардагерлер кеңесі, жетекші журналистер мен сарапшылар клубы, ғылыми-сарапшы топ, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен белсенділері, студенттік Ассамблея, білімгерлер, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері белсене қатысқан болатын. Осылайша, біздің қозғалыс Алматы облысындағы өзге де ұйымдармен тізе қосып жұмыс істеп, өңірдегі ұлтаралық татулықты нығайтуға күш салуда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды дамытып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосатын боламыз.

Руфина УСАНОВА, Алматы облыстық «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрайымы

 

 

Рекомендовать
Последние новости