Жетісу ұлтаралық татулықтың алтын бесігіне айналды

Dalanews 14 окт. 2020 06:16 745

Алматы облысында қазақ тілі үшін жаны күйіп, ана тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Осы ретте Алматы облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, Қарасай ауданы Қошмамбет ауылы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльнара Таштанованы айрықша атап айтуға болады. Ол тіпті қоғам белсенділерінің қазақ тілін қолдауға қатысты Ашық хатына қол қойып, қазақ тіліне қатысты позициясын ашық білдірген Ассамблея мүшелерінің бірі. Таяуда ауыл жастарына білім беріп жүрген майталман мұғаліммен аз-кем тілдесіп, қазақ тілінің мәртебесін қалай қайтаруға қатысты ой-пікірін тыңдаудың сәті түсті. Осы ретте Dalanews.kz ақпарат агенттігінің Эльнара Таштановамен болған шағын сұхбатына назар аударыңыздар.



– Эльнара ханым, қазіргі таңда қоғам белсенділері, білікті мамандар қазақ тілін дамытуға қатысты ой-пікірлерін ашық айтып жатқанын білеміз. Білім саласында жұмыс істеп жүрген тәжірибелі маман ретінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге қатысты қандай ой-пайымдарыңыз бар?

– Бірден айту керек, қазір қазақ тілін қолдану аясы күн өткен сайын кеңейіп келеді. Бұл үрдісті енді ешкім тоқтата алмайды. Алдағы уақытта қазақ тілі технологияның, білім мен ғылымның тілі болатынына сенімдімін. Осы ретте жаңа технологияларды пайдаланып, балаларға білім беріп жүрген маман ретінде қазақ тілін дамытуда заманауи технологиялардың көмегіне жүгіну керек деп есептеймін.

Қазіргі техника даму заманында әртүрлі тақырып аясында чат-боттар мен марафондар ұйымдастырылатыны белгілі. Осы жүйеде тіл төңірегінде де онлайн топтар ұйымдастырып, адамдарды қызықтырса, қазақ тілін үйренуге де қызығушылық пен сұраныс өсетініне сенімдімін.

Бірақ, тілді меңгеру деңгейі әртүрлі болғандықтан, кішкене қиыншылықтар туындауы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, қазақ тілін оқытуда тілді меңгеру деңгейіне айрықша көңіл бөлу керек. Сонда әр деңгейдегі адамдарға белгілі бір әдістемелік ұстанымдар дайындауға жеңілірек болар еді. Мәселен, ағылшын тілін меңгергендігін А1, А2Б В1, В2,С1, С2 деңгейлері арқылы көрсетіледі, осы жүйені қазақ тілін үйреніп көруге де қолдануға болады.

Тағы бір айта кететін мәселе, қазақ тілін үйренуге тіліміздің грамматикасын, лексикасын және орфографиясын дамытуға арналған бірыңғай жол дайындаудың маңызы зор деп есептеймін. Бұл іспен тіл мамандары айналысуы керек. Сол кезде бірқатар қиындықтар оң шешімін табады.

– Қазіргі таңда үлкендерден гөрі жастар қазақ тілін тез меңгеріп жатады. Мұның қандай да бір сыры бар ма?

– Дұрыс байқағансыз.  Бұл үрдістің ешқандай құпия-сыры жоқ. Әңгіме басында қазақ тілінің қолдану аясы күн өткен сайын кеңейіп келеді деп айттым ғой. Бұл – заманның сұранысы. Мұны жастар сезініп отыр. Жалпы, жас адам қоғамдық өзгерістерге тез бейімделеді ғой. Сондықтан мұны заман талабынан туындаған үрдіс деп қабылдаған жөн.

Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастауыш сынып бағдарламасындағы пәндер қатарына қазақ тіліне басымдық беруге де тоқталды. Бұл дегеніміз – кемел келешекке қазақ тілін жетік білетін білімді жастың кірпішін қалау бағытында рөлі зор екендігін де айқындап тұр.

Қазіргі таңда Қарасай ауданының Қошмамбет ауылында бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілін оқытамын. Тіліміздің грамматикасын меңгеруде түрлі әдістерін жинаудамыз.

Техника заманы болғанына қарамай, қайткенмен балаға ойын қызық, сондықтан «Қазақ тілі сабағын меңгеруде үстел ойындарын қолдану» әдістемелік нұсқаулығын дайындадым. Яғни балалар ойын ойнау арқылы тіліміздің белгілі бір қырын тереңдеп білуге немесе қайталауға, мүмкіндік ала алады.

Мысалы, «нарды» ойынын балаларға түбір сөз бен қосымшаларды (жұрнақ пен жалғауды) дұрыс жалғауды үйренуде қолдануға болады және үстел «джанго» ойынын да сөздік қорын дамыту мақсатында тиімді қолдануға болатыны бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалуда. Бұл жұмыс балалардың тіл меңгеруге қызығушылығын арттырады және грамматикалық сауаттылығын дамытуға үлесін қосады деген үміттемін. Осындай әдістемелік топтамаларды жинақтап, кеңінен тарату керек. Әсіресе орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі деңгейін көтеруге көп мүмкіндік болады деген ойдамын.

 – Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі ретінде өңірдегі ұлтаралық татулықты дамыту бағытындағы жұмыстарға белсене араласып жүргеніңізді білеміз. Облыс аумағындағы қоғамдық келісім бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз?

– Киелі Жетісу жері бүгінде ұлтаралық татулықтың алтын бесігіне айналып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Соңғы уақыттар пандемияның кесірінен түрлі іс-шаралар қысқарып, ойға алған көптеген жоспарларымызды кейінге шегеруге тура келді. Бірақ індет кезінде біздің ауыз бірлігіміз одан сайын нығайып, одан бетер тұтаса түсті деп айта аламын. Алматы облысындағы Ассамблея мүшелері қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, індеттің алдын алуға бағытталған жұмыстарға белсене қатысқанын өзіңіз де білесіз. Оның бәрін тізбелеп жату мүмкін емес. Жалпы, Алматы облысында ұлтаралық татулықты дамытудың жүйелі үрдісі қалыптасқан.

– Ассамблея қазақ қоғамындағы маңызды институтқа айналғаны белгілі. Ұйымның жұмысын жандандыруда мемлекеттік деңгейде қабылданған қандай іс-шаралар пайдасын тигізуде?

– Дұрыс айтасыз, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел дамуында өміршең жобаға айналып, Қазақстанның ұлтаралық татулықты сақтаудағы сәтті тәжірибесіне көптеген елдер қызығушылық танытып отырғанын жиі еститін болдық қой. Осы ретте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, сондай-ақ оның аясындағы жобаларды ілгерілету бойынша елімізде түрлі шаралар өз деңгейінде өткізілуде. Айталық, өткен жылы Елбасының аталмыш бағдарламасын облыс көлемінде дәріптеп, Жастар жылы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыру мақсатында Райымбек ауданы, Қарасаз ауылы мен Шалкөде жайлауында «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» атты мәдени-көпшілік шарасын ұйымдастырдық. Мәдени басқосу аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқудан облыстық байқау мен «Қымызмұрындық» мерекесі ұйымдастырылып, онда әр этнос өкілдерінің жастары өз өнерлерін ортаға салды.

«Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» атты мәдени-көпшілік шараның алғашқы күнінде ауданнан, қаладан келген барлық қатысушылар алдымен Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаз ауылындағы әдеби-мемориалды музейді аралады. Одан кейін жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұзбалақ ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан Мәдениет үйінде өткізілген байқауда бақтарын сынады. Жарыстың шартына сәйкес, әр қатысушы автордың екі өлеңінің бірін ана тілімізде, екіншісін өзге тілде мәнерлеп жатқа айтты. Осы шараға қатысып, ақынның «Дос болам десең…» деген өлеңін қазақ тілінде мәнерлеп оқып, ақынның «Автограф» деп аталатын жыр-шумақтарын орыс тілінде тебіреніспен оқыдым. Мұндай шаралар бізді тұтастырып, ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілігімізді нығайта түсетінін байқадым. Байқауға қатысқан әрбір ұлт өкілінің жанарынан жарқылды байқап, олардың елге деген құрметін көрдім.

– Эльнара ханым, әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР.

Рекомендовать
Последние новости