Маңғыстауда теңіз жағалауынан өлі құстар табылды

Қаракөз Амантай 12 нояб. 2025 11:02

Форт-Шевченко, Қызылөзен, Аташ және Баутино ауылдарының жағалауында мониторинг жүргізу кезінде өлі құстар анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Территорияны аумақтық инспекция қызметкерлері, балық инспекциясы және табиғатты қорғау полициясы тексерген. Тексеру барысында жағалаудың әртүрлі жерінен 13 өлі құс табылған, олардың арасында қаздар, баклан және қайықшақтар (чайка) бар. Дегенмен лабораториялық талдау үшін үлгілер алу мүмкін болмады, себебі құстардың денесі шіріп кеткен", – делінген хабарламада.

Аумақтық инспекция өлі құстардың қалдықтарын шығару және жою бойынша жұмыстар жүргізу туралы аудан әкімдігіне хабарлама жолдаған. Мониторинг жұмыстары әлі де жалғасуда.

Еске салайық, жақында Каспий теңізі жағалауынан 112 өлі итбалықтың денесі табылған еді. Бұл туралы облыстық экология департаменті мәлімдеді.

Итбалықтардың өлі денелері Асан ауылымен Баутино мүйісінің аралығынан табылған. Экологтар теңіз суынан сынама алып, зертханалық талдауға жіберді.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізі жағалауында балықтар жаппай қырылған еді.

Форт-Шевченко қаласының Түпқараған ауданы аумағында теңіз жағалауынан табылған өлі балықтардың видеосы әлеуметтік желілерге жарияланды.

7 шілде күні оқиға орнына облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары барды. Олар балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен бірге теңіз суынан сынамалар алды.

Экологтар зерттеу нәтижелерін қосымша хабарлайтынын айтты.


Рекомендовать
Последние новости