Талғарда атышулы «Хутор» қылмыстық тобының басшысы деп танылған Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Сотталушы соңғы сөзін айтып, өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz
«Тергеу барысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары өрескел бұзылды. Маған қарсы бірде-бір нақты дәлел ұсынылған жоқ. Істе тек жалған жәбірленушілердің сөздері ғана бар», – деді Қасымбаев.
Оның айтуынша, қоғамдағы резонансты басу мақсатында өзін айыпты етіп көрсеткен.
«Бұл – әділдікке де, заңға да, адамгершілікке де қайшы. Егер мұндай жағдай жалғаса берсе, билік жүйесіне өзгеріс қажет», – деді айыпталушы.
Aikyn.kz мәліметінше Қасымбаев бір жылдан астам уақыттан бері тергеу изоляторында қамауда отырғанын және бұл шешімді заңсыз деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, осы кезеңде отбасы мен кәмелетке толмаған балалары қатты зардап шеккен.
Сотталушы өзіне ақтау үкімін шығаруды сұрап, әділ шешімге сенім білдірді.
«Маған айыптау үкімін шығарып, тағдырымды талқандамаңыздаршы. Мен Құдай мен заң алдында тазамын. Біз бәріміз бұл өмірде уақытша қонақпыз. Ең бастысы – әділдік пен шындық», – деп сөзін қорытындылады ол.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
