«Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» онкүндігі шеңберіндегі іс-шара

Dalanews 15 февр. 2022 03:35 1059

Алматы қаласындағы «Ұстаздар үйінің» аға оқытушысы Айжан Есентаева мен ақпараттық-технология бас маманы Қалмұқан Айбек Серікұлы №178 мамандандырылған лицейдің «Мәңгілік елмәртебелі тіл» атты  қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының онкүндігі аясындағы іс-шараға қатысты.

Айтулы онкүндік – (2022 ж.  07 – 17 ақпан аралығында) жеке тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу, үздік әдіс-тәсілдер мен жаңа технологияларды оқыту үрдерісінде қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін, біліктілігін арттыру мақсатында жоспарланып өтуде.

Айжан Ыдырысқызы және лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәулетбаева Гүлнафис Абатовна, «Үздік педагог», ардагер ұстаз Байтубекова Ләззат және лицейдің гуманитарлық бағыттағы пән мұғалімдері қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі Ауелбекова Айман Айтжанқызының 7-сынып оқушыларымен өткізген «М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі» тақырыбындағы сабағына қатысып,  кері байланыс алды.

Айман Ауелбекова сабақ жүргізген сыныпта 32 оқушы бар. Педагогтің ашық сабағында оқушылар шығармадағы қарама-қарсы суреттеулерді тауып, салыстырып талдау дағдыларын дамытып, өзіндік ой қорытындылауға ынталанды. Сабақ барысында оқушылар кино мен шығармадағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарды табу арқылы мақсатты және қандай білім бағаланатынын түсінді. Балалар бірлесіп жұмыс жасауға үйренгенін  топтық әрекетте шығармадағы қарама-қарсы суреттеулерді салыстырып талдау жұмысында көрсете алды.

Мұнда мұғалімнің нұсқауымен барлық оқушы шығармадағы қарама-қарсы суреттеулерге салыстыру жасай отырып, дескриптор негізінде  бірін-бірі оқытуға талпынды. Бүкіл сынып болып «Пікірлер сызығы» пікірталас алаң жаттығуында «Кінәлі Көксерек пе, адамдар ма?»  деген сұраққа негіздеме жасап, өзіндік пікірлерін алға тартып, сабақты түсінгендерін және терең ойлануға ынталанғандарын көрсетті.

Сабақ соңында, «Өрлеудің» аға оқытушысы, тренер Айжан Ыдырысқызы сабақтың жоғары деңгейде өткендігін баяндап, мұғалімнің кәсіби шеберлігін атап өтті. Лицей әкімшілігі де өз кезегінде кәсіби кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісетін «Өрлеу» орталығына, іс-шараға арнайы қатысуға келген Педагогтердің біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері Айжан Ыдырысқызына, Айбек Серікұлына ерекше алғыс білдірді.

«Өрлеу» Алматы

Рекомендовать
Последние новости