Мәмин? Ол отставкаға кетпейді. Екі президенттің де тілін тапты - сарапшы

Dalanews 28 июн. 2021 07:39 730

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше Үкімет отставкаға кетеді деген гу-гу әңгімеге еш негіз жоқ. Мәминге Елбасының да, Тоқаевтың да көңілі толады. 

Dalanews.kz "Тоқаев премьерді неге орнынан алмады?" деген сауалға жауап берген сарапшының пікірін оқырман назарына ұсынады.

Әшімбаевтың айтуынша Мәминді бұл қызметке әкелген Тоқаев емес. Қазіргі президент билік басына келмей тұра, бір ай бұрын Назарбаевтың бұйрығымен тағайындалған. Биылғы жылғы Парламент сайлауында қайта тағайындалғаны болмаса, осы уақытқа дейін орынтағы шайқалмай келген санаулы саясаткердің бірі осы – Мәмин.

"Мәмин Тоқаевтың жүзіне тура қарады. Жауапкершіліктен жалтарған жоқ. Елдегі экономикалық һәм әлеуметтік проблемаларды мойнымен көтере білді. Сөйтіп Тоқаевтың көңілінен шықты. Үкіметтің жұмысын екі шоқып, бір қарап отыратын президенттің жұмысын жеңілдетті.

Оның үстіне сынды да салқынқанды қабылдайды. Тоқаевтан сөз естісе еңсесін түсірмейді, керісінше сыннан сабақ алып, президенттің көңілі толмаған олқылықтардың көзін жоюға күш салады, сол тұсқа министрлерді жолдап, мәселеге орай толыққанды мағлұмат алуға тырысады", – дейді Әшімбаев.

Сарапшының пайымдауынша Мәмин Назарбаевтың адамы. Бірақ бұл оның Тоқаевты тыңдамайтынын білдірмейді. Керісінше екі басшының да тілін тапқан. Мәминнің Назарбаев тағайындаған кадр саналуы қазіргі президентке де тиімді.  


"Мұның бір кілтипаны бар. Ертең елде Үкімет ауысқан күні жаңа команданың кәсіби біліктілігіне қатысты саяси жауапкершілік Тоқаевтың мойнына артылады. Дәл қазір Тоқаев "елдегі экономикалық дағдарыс Назарбаевтың бұйрығымен тағайындалған Үкіметтің тұсында туындады" деп айта алады. Айта алмаса да, меңзеп өтерлік құқы бар.

Тұтастай алғанда Мәминді бәленшенің, түгеншенің адамы деу әл-әзір өзекті емес. Ол бұл деңгейден өсіп, ауқымынан шығып кетті. Бір кездері Әділбек Жақсыбектің адамы саналған еді. Кейін сыныптасы Кәрім Мәсімовтің көмегімен Үкіметке кіріп алды. Әйткенмен қазіргі Мәмин бұрынғы Мәмин емес.

Өзі де біреулерге ықпал етерлік қауқар қуаты бар, толысқан, тәуелсіз тұлға".

Сөй деген Әшімбаев Мәминнің төңірегіне топтасқан біраз адамның атын атаған екен. Солардың ішінде құрылыс саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бар.

"Мәминнің мамандығы дипломат емес. Алайда екі президенттің де тілін тапқанына қарағанда кәнігі дипломаттан кем түспейтін машығы бар. Ең бастысы Үкіметті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр", – дейді сарапшы.

...

Сіздің Мәмин үкіметіне көңіліңіз тола ма?

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


Рекомендовать
Последние новости