Ауыл әкімін сайлау? Мәмин үкіметі науқанды бастамай жатып бүлдірді - депутат

Dalanews 28 июн. 2021 09:48 918

Мәжілісмен Айқын Қоңыров ауыл әкімдерін сайлауға қамданып жатқан Мәмин үкіметіне көңілі толмайды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Депутат аталған науқанға апыл-ғұпыл дайындалған Үкімет сайлауды өз деңгейінде өткізуге дәрменсіз деп есептейді. Оның үстіне уақыт та орайсыз. Індет қайта асқынған шақта мұндай деңгейдегі науқан өткізу ақылға сыймайтын әрекет.

"Ауыл әкімдерінің сайлауалды бағдарламасы қайда, бар ма? Жұртпен жүздесіп, тұрғындардың алдынан өтті ме? Үкімет тарапынан қандайда бір ақпараттық үгіт-насихат жүргізілді ме? Шынтуайтында ауылдағы ағайын мұндай шараның өтерінен хабарсыз. Әкімдер халықпен жүзбе-жүз емес, онлайн кездеседі екен. Ауыл тұрмақ кейбір қалалық жерде интернеттің ұстауы қиын. Мәмин үкіметі мұны қалай жүзеге асырмақшы?", – дейді Айқын мырза.

Депутат бұл сайлауға әзір қызметінде отырған әкімдердің қатысуына қарсы. Халық осы лауазымға лайықты азаматты өздері таңдауы қажет.

"Кім креслосын оңайшылықпен босата қойсын. Қызметіне жармасып отырған қазіргі әкімдер алдағы сайлауда әкімшілік ресурсты пайдаланып, жеңіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан оларды бұл науқанға маңайлатпау керек. Бұлар сайлауға қатысар болса, Тоқаевтың тапсырмасынан мән кетеді. Мәмин үкіметіне айтарым, көзбояушылықты доғару қажет. Үкіметтің сыңайына қарасам сайлауды ертерек өткізіп, ертерек есеп беріп бұл науқаннан құтылғанша асық болып жүр. Ал мұның пайдасынан зияны көп, өткенінен өтпегені жақсы...", – дейді халық қалаулысы.

Айта кетейік осы жылдың тамыз айында біраз ауыл әкімдерінің өкілеттігі аяқталып, қызметінен босайды. Ал ауыл тұрғындары жалпы саны 755 әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлауға мүмкіндік алмақ. Сайлаудың уақыты жақын күндері белгілі болмақ. Науқанды ұйымдастыру үшін бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді.

Рекомендовать
Последние новости