Мамай мен Жүкеев? Олардың мені сынауға моральдық қақы жоқ - Қосанов

Dalanews 30 июн. 2021 12:24 1012

Саясаткер, президент сайлауының экс-кандидаты Әміржан Қосанов өзінің бір кездегі басшысы Әкежан Қажыгелдинге өкпе-ренішін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Әкежан мырза, қуғындағы Ермек Нарымбаевпен сауалдасып, мен туралы тым ауыр сөз айтқан екен. “Әміржанның саяси карьерасы мәресіне жетті...” деген сарында пікір білдіріпті. Мұны естіген журналистер тыныш жатсын ба? 

Қажыгелдин сынады деп, морт сынатын жайым жоқ. Саясаткер үшін бұл қалыпты құбылыс, үйреншікті жайт. 

Өз басым Әкежан ағаны осы елдің бетке ұстар азаматы деп білемін. Премьер қызметінде аса ауыр экономикалық реформаларды жүзеге асыра білді. Билік үшін Қажыгелдиннің Қазақстанда жүргені тиімді  еді”, – дейді Қосанов. 

Саясаткер саяси мансап қууды мақсат тұтпағанын айтады. Президент сайлауынан кейін халықты алаңға сүйреп шықса, Желтоқсан мен Жаңаөзендегідей қантөгіс боларын тағы бір мәрте қайталаған екен.


“Аяқ-қолына кісен салынған мені дәп сол арада абақтыға әкетер еді. Менің кесірімнен көшедегі жазықсыз жұрт жапа шегер еді. Саяси карьерамды ойлаған болсам, осындай ойсыз әрекетке барар едім. Бірақ мен бұл жолдан бас тарттым”, – дейді ол. 

Оның пікірінше президент сайлауында жеңіске жетуіне оппозицияның өз ішіндегі алауыздық кедергі келтірген. Егер елдегі оппозиция бас құрап, ортақ кандидат ұсынған болса, мұнымен билік те санасар еді ұстанымда. 

Қосанов қазір өзін оппозиция деп атайтын топқа өкпесі қара қазандай. 

“Мен сайлауға түскенде жанымда Қажыгелдин де, Ерғалиева да, Бапи да, Мамай да, Бергей де, Рысбек Сәрсенбай да тіпті Әбләзов те болған жоқ. Бұлардың бірде-біреуі қол ұшын созуды қажет деп таппады. Сайлау қарсаңында, алдыма келіп: “Әміржан біз сенімен біргеміз!” деуге дәті жетпеді.


Керісінше: “Алдымен сенің әуселеңді көрейік, күресіп көр. Біз көрермен бола тұрайық” деген сыңай танытты. 

Ашығын айтқанда, осылардың кесірінен сайлаушылардың дауысынан айырылдым. Бұлар белсенділік танытса, қысылған шақта жанымнан табылса мына жүйеге наразы жүздеген, мыңдаған адамның назарын аударар едік. Өзін оппозиция санайтын азаматтар сөзбұйдаға салмай, керек кезде Қосановтың төңірегіне топтасса, жағдай мүлде басқаша өрбір еді”, – дейді ол.  

Саясаткерді ашық түрде қолдауға дәрмені жетпеген азаматтардың, Қосановты сынайтын моральдық құқы жоқ! 

Сөй деген саясаткер дәл сайлау қарсаңында бір топ қазақстандық белсендіні Парижге алдырып, мәжіліс өткізген Қажыгелдиннің әрекетін сынаған екен. Оның ойынша, Қазақстанда өзгеріс жасауға мүдделі болса экс-премьер жол-пұлға жұмсалған қыруар ақшаны Қосановтың сайлауалды науқанына бағыттар еді. 

“Әкежан мырза президент болғысы келе ме? Ендеше не тұрыс! Нар тәуекел! Демократиялық құндылықтарды ұлықтайтын кез-келген адамның кандидатурасын қолдауға әзірмін”, – дейді ол. 

Саясаткер бұдан бөлек Мамай мен Жүкеевті, Рысбек Сәрсенбай мен Балташ Тұрсымбайды да бір-бір түйреп өткен. 

“Сіздер айтып жүрген Төлеген Жүкеев пен Жанболат Мамай сайлау кезінде жым боп отырды! Жұмған аузын ашуға жарамады. Жым-жылас жоғалып кетті. Енді кеп “Қосанов сатқын!” деген сыңайда сөйлеп жүр. Менің атымды пайдаланып, жарнамасын жасауда. 

Төлеген мырза (Жүкеевті айтады, ред.) мен президент сайлауына түскенде сіз қайда болдыңыз, сіздің жақтастарыңыз қайда жүрді? Анығы, мені қаралау, маған күйе жағумен қызу айналыстыңыздар! Соның кесірінен қаншама сайлаушы Қосановтан теріс айналды. Мені қолдаудың орнына, маған қарсы шаптыңыздар”, – деген екен саясаткер. 

Бұдан кейін Қосанов аталған азаматтардан секем алып алған. Биліктің сойылын соғуы мүмкін деген болжам айтады. Пікірінше, билік олардың ұртын майлауы ғажап емес. 

“Шетелде жүрген, кофесін сораптап қойып, елді митингіге шығуға үгіттейтін псевдо-оппозицияға айтарым, айтуға оңай!

Ертеңгі күні жазықсыз азаматтар жәбір көрсе, бұлар ара түсуге де жарамайды. Батыр болсаңдар, елге оралыңдар! Өмірін мына жүйемен күреске арнаған, елден безбеген, ел ішінде жүрген, демократиялық құндылықтар үшін қасық қаны қалғанша айқасуға әзір Қосановтың кебін киіп көріңдер!”, – деп қорытындалапты сөзінің соңын Әміржан мырза. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости