"Үш күннен бері үш нәрсе ойыма орала берді. Жүректе сақтамай, жұртпен бөліскенді жөн көрдім… 1 - Ұлы адамдарды Алла ұлы ғып жаратады. Жақсы ма, жаман ба, ғалым ба, залым ба, зиялы ма, зиянды ма - ұлы адам бәрібір тарихта ұлы боп қала береді. Ірілердің ірі боп, мықтылардың мықты боп қалуының ең бірінші себебі - мақсатына адал боп, принципінен қайтпауында. Біздің жақсы болсақ та, жаман болсақ та ұсақ болуымыздың, көп нәрсе тындыра алмауымыздың ең үлкен себебі - мақсатымыз айқын емес, принциптерімізден де сәт сайын тайқып кетуімізде… Мағауин атамыз кеше де, бүгін де мақсатын белгілеп алған соң принципінен бір тайған жоқ. Біз де сондай болсақ, біраз жерге барар едік", дейді Мұхамеджан Тазабек.
"Жастау кезінде қазақты сүйген шығар. Кейін бізден бас тарты. Біразымыздан жиіркенді. Қазақтың жазушысы емес, әлемнің ойшылы екенін түсінді. Қазақтың ұлысы емес, адамзаттың ірісі екеніне сенді. Ақырында бізге үш талақ айтып, қайырылмай кетті… Жарыса мақтап, жабыла теңеу іздеп, қан-сорпамыз шығып жатыр. Ол Мағауинға көк тиынға да керек емес. Ол мақтамаса, мақтанбаса жүре алмайтын қазақ қоғамы үшін, айналамыз үшін айтылып жатқан әдеттегі әңгімеміз ғана… Себебі, ол бізден басын алып қашты, көбімізді менсінбеді, біразымыздан құсқысы келді. Шындығы сол. Біз мойындағымыз келмейді. Арсалаңдаймыз. Анасына жабысқан тастанды баладай жәутеңдеп, етегіне жабысамыз. Ол көзіне де ілген жоқ. Шығармаларын оқимыз, тамсанамыз. Біз үшін жазғандай мейірленеміз. Біз үшін жазған жоқ. Өзі үшін жазды. Ол тарихтағы шын қазақты, текті түрікті, бекзат болмысты аңсады. Бүгінгілерден түңілді. Бізден қашты. Бізді аяды.
Яғни, Мағауин тұлғасы - қазіргі көп қазақтың аңсаған моделі. Осындай болсам ғой деген арманының көрінісі. Демек, көп қазақ өз ісінің майталманы болғанды қалайды, ұлттық тақырыптарда жүргенді дұрыс санайды, шетелде тұрғанды аңсайды, жат жерде жан тапсырып, сонда жерленуге де кет әрі емес… Расында солай болса, “Ер туған жеріне” деген де мақалдың мазмұны ауыса бастады деген сөз. Бұрынғы ірі қазақтардың өлімі, жерленген жерінің өзі - мағына арқалап, үлкен миссия атқарып тұратын.
Туған ұлың неге тұра қашты? Біз неге әлі әсер қуып, сөз қуып, дау қуып жүрміз? Неге сенгеніміз серттен тая береді? Неге күткеніміз күн астынан шықпай қояды? Неге алдана береміз? Қайтсек, арманға жетеміз?!" дейді Мұхамеджан Тазабек.
Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин желідегі парақшасында жеткізді.
Айта кетейік, Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988 – 2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).