Мәдениет және спорт министрлігіне жаңа басшы келді

Dalanews 17 июн. 2019 07:50 886

Мәжілісте мәдениет және спорт министрі лауазымына Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасы келісілді, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі. 

Ақтоты Райымқұлова 2016 жылдың қазан айынан бастап мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған.

Бүгін мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, онда Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасы қаралған болатын.

Комитет мүшелері Райымқұловаға бірқатар сұрақ қойды. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысының қорытындысы бойынша "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңның 22-1-бабына сәйкес, премьер-министрдің ұсынысымен Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасы мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылды. Отырыс соңында депутаттар кандидатқа алдағы жұмысына табыс тіледі.

Айта кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы ведомствоны бес жылдай басқарды. Ол мәдениет және спорт министрі болып 2014 жылдың 6 тамызында тағайындалған болатын.

Ақтоты Райымқұлова туралы не білеміз?


Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "Композиция және фортепиано" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы Халықаралық бизнес академиясын МВА дәрежесімен бітіреді.

Райымқұлова әр жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстері, тәрбие және концерт жұмысы жөніндегі проректоры болып еңбек етті. Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған.

2013 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің мәдениет және өнер ісі комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Бір жылдан кейін Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болады. 2016 жылы қазанда Райымқұлова мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне келеді.

Ақтоты Райымқұлова симфониялық поэмалар, спектакль мен кинофильмдер музыкасының, көптеген әннің авторы. 

 

Рекомендовать
Последние новости