Кремль Ресейдегі әзербайжандарға қысымды күшейтуі мүмкін - сарапшы

Көркем Алдабергенова 21 июл. 2025 17:40

Жақында Ильхам Әлиев Оңтүстік Кавказды тұрақты аймаққа айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Саясаттанушы, «Атлас» саяси зерттеулер орталығының басшысы Эльхан Шахиноглу Әлиевтің бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев III Шуша жаһандық медиафорумында Оңтүстік Кавказды тұрақты аймаққа айналдыру қажеттігін жеткізді.

«Бізге тұрақтылық пен қауіпсіздік керек. Оңтүстік Кавказ ғасырлар бойы қақтығыс пен қан төгілген, халықтары көп азап шеккен аймақ болды. Енді мұның бәрі артта қалуы тиіс», – деді Әлиев.

Президенттің осы сөзіне байланысты саясаттанушы Эльхан Шахиноглу пікір білдірді. 

«Әзербайжан, расында, бейбіт өмір сүргісі келеді. Бірақ Кремльдің Оңтүстік Кавказдың тұрақтылығы мен тыныштығын қалауы күмәнді. Ресей билігі бұған дейінгі қиратушы саясатын жалғастырып отыр. Бүгінгі басты сұрақ: Кремль Әзербайжанға қарсы енді не ойластырып жатыр? Ресейдің әртүрлі қалаларында тұратын әзербайжандардың жағдайы қиындауы ықтимал. Бұған дейін болғандай, ауыл шаруашылық өнімдерімізді кері қайтару әрекеттері де жалғасуы мүмкін. Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері Ресейдің мемлекеттік арналары, шақырылатын сарапшылары мен Z-блогерлер Әзербайжанға қарсы арандатуды күшейтуге шақырып жүр», – дейді сарапшы.

«Бұл бізді алаңдатуы тиіс пе?» деген сауалға саясаттанушы:

«Егер ресейлік әскерилер Қарабақта «бітімгерлер» деген атпен әлі күнге дейін жүрген болса, алаңдауға негіз болар еді. Бірақ біз бұл мәселені шештік: 200 жылда алғаш рет жерімізде Ресей әскерлері жоқ. Дегенмен солтүстіктен түрлі арандатуларға дайын болуымыз керек», – деп жауап берді.

Шахиноглудың пікірінше, Әзербайжан екі бағытта сақтық шараларын қолға алуы тиіс.

«Біріншіден, ауылшаруашылық өнімдерімізді сатуға балама нарықтарды тезірек іздеп табуымыз қажет. Екіншіден, Ресейдегі әзербайжандардың елге оралуына жағдай жасау керек. Оларға Қарабақ пен Шығыс Зангезурда бизнес ашуға мүмкіндік беріп, жеңілдетілген несие беруге болады. Себебі Кремль Грузиямен соғыс кезіндегі тәжірибесін бізге қарсы қолдануы ықтимал. Яғни, Ресейдегі әзербайжан кәсіпкерлерінің капиталын «салықтық тексеріс» желеуімен тәркілеуі мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Ресей мен Иран Каспий теңізінде бірлескен әскери жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр, бұл Әзербайжанның теңіз шекараларына қауіп төндіруі мүмкін.

«Сонымен қатар, Ресей Дағыстанмен шекаралас аймаққа қосымша күштер шоғырландыруы ықтимал. Бұған жауап ретінде Әзербайжан Түркия және Орталық Азиядағы түркітілдес елдермен әскери жаттығулар санын көбейтуге күш салуы керек», – дейді сарапшы.

Саясаттанушы қорытындылай келе:

«Логикаға салсақ, Кремль Әзербайжанмен қарым-қатынасын ушықтырмауға тырысуы керек еді. Өйткені өткен жылдың желтоқсанына дейін екі елдің қарым-қатынасы қалыпты болатын. Алайда Кремльдің шешімдерінен логика іздеудің өзі қиын», – деп түйіндеді Эльхан Шахиноглу.

 


Рекомендовать
Последние новости