Көріпкел Салтанат қайтыс болған түні Бишімбаевтың анасымен де сөйлескен

Көркем Алдабергенова 24 апр. 2024 12:47 4604

Салтанат қайтыс болған түні Бишімбаев сөйлескен көріпкел сотта куәлік етті. Ол сол түні тек Бишімбаевпен ғана емес, оның анасымен де сөйлескенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен Бишімбаевтың анасына хабарласып балаң бірдеңе бүлдіріп қойды, барып біл" дедім. Бұл Бишімбаевпен сөйлескеннен кейін болған жағдай. Ол қатты жылай бастады, мен тұтқаны қоя салдым. (...) Қиын жағдай болды, олар бір-бірін өлтіріп қоярдай төбелесті" деп айттым ”, – деді таролог.

Сонымен қатар, көріпкел үш күннен бері әлдебіреулер хабарласып, түрлі нәрсе айтып жатқанын айтты. Таролог енді полицияға жүгінбек.

Қорғаушы Назым Құсайынова Бишімбаев хабарласқаннан кейін карта аштыңыз ба деген сұрақ қойды. 

- Жоқ.

- Онда неге “бәрі жақсы, Салтанат таңға дейін ұйықтайды” деп айттыңыз? Неге шатастырып жатсыз? 

- Мен солай сездім. 

- Бишімбаевтың анасына неге хабарластыңыз?

- Мен солай сездім. 

Куәгерден жауап алу кезінде айыпталушылардың бірі Байжанов "көріпкел-таролог өтірік айтып жатыр" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, таролог жедел-жәрдем шақырыңыз деп айтпаған. 

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында шымкенттік көріпкел куәлік етті.

Прокурор Айжан Аймағанова көріпкел жеке деректерін жария еткісі келмейтінін айтып, сот отырысы барысында судьядан оның тек дауысы естілуіне жағдай жасалуын сұрады. Көріпкел өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.

Сот отырысы барысында көріпкел Бишімбаевты 1,5-2 жылдан бері анасы арқылы білетінін айтты.

"Екі айда бір рет қоңырау шалып, жұмысы, кәсібі туралы сұрайтын. Мен тарологпын, ол бірдеңе білгісі келсе, "қарап көріңізші" деп жүгінетін", - деді ол.

Сонымен қатар, көріпкел марқұм Салтанат Нүкенова қайтыс болған күн туралы баяндап берді.

"Ол хабарласты. Нақты уақыты есімде жоқ. Менің қолым бос емес еді. Бірақ тұтқаны көтердім. Ол "Салтанат екеуміз қатты мас болып, төбелестік" деді. Бұл шамамен түстен кейінгі уақыт еді. 15.00-16.00 еді. Оның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Қатты мән бермедім. Ол "қарап беріңізші" деді. Мен "дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр" дедім. Ол "қайта-қайта қарап көріңізші" деді. Өте қысқа әңгіме болды. 30 секундтай. ..."Кеше қатты ішіп, қатты төбелестік" деді. "Мен не істейін?" дедім. Дауысы күндегідей емес еді, әр сөзін таңдап айтты. Мен "жедел жәрдемге хабарлас" дедім", - дейді куәгер.

Көріпкелдің сөзінше, Бишімбаев Салтанаттың ұйықтап жатқанын, қорылдап жатқанын айтқан. Сондай-ақ, қозғалмайтынын, тұрмайтынын, ештеңе ішіп-жемегенін жеткізген.

Одан бөлек куәгер Бишімбаев жеке қарым-қатынасына қатысты мәселеде, отбасылық тақырыптарда психолог көмегіне жүгінгенін айтты. "Өте әдемі екенін, оны сүйетінін айтты (Бишімбаев Нүкенова туралы - еск.)", - деді ол.

Көріпкел жауап беру кезінде Бишімбаевпен сөйлескенде бірнеше рет "жедел жәрдемге хабарлас" деп кеңес бергенін қайталады.


Рекомендовать
Последние новости