Көрген де, көрмеген де арманда...

Dalanews 20 авг. 2017 07:29 1015

ЭКСПО көрмесіне шетел туристерінен бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған азамат барып, Астана мен ЭКСПО қалашығын аралап көріп жүр. Жеке азаматтар отбасымен, бауыр-туысымен бірлікте көрмені аралап көрсе, мемлекеттік мекемелер, компаниялар мен зауыт жұмысшылары ұжым болып, Астанаға т абан тіреп, өз әсерлерін әлеуметтік желіде бөлісуде. Алматыдағы ұзақ жылдық тарихы бар Алматы экономикалық колледжінің ұстаздары өткен айдың соңында көрмеге барып қайтқанын естідік. Біз колледж директоры мен ұстаздардың көрмеден алған әсерлерін білу үшін арнайы жолыққан болатынбыз.

 

Жақсыбай ҚАСЫМБЕК, техника ғылымдарының докторы, профессор, колледж директоры:

– Астанада өтіп жатқан ЭКСПО – көрмесі еліміз тарихындағы айтулы шараның бірі. «Арқа төсінен жаңа Астана бой көтереді, бас қаланы ауыстырамыз» дегенде, Президент Назарбаевтың сөзіне сенбегендер, қарсы уәж айтқандар болмай қалған жоқ. Қазір Астана – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, даму мен өркендеудің символына айналды. Сол Астанамызда ЭКСПО көрмесі өтеді дегенде де әртүрлі пікір айтып, бұл көрменің ел экономикасына, дамуына ешқандай тигізер пайдасы жоқ, босқа ақша шашу деп сынағандар да арамыздан шықты. Енді, міне, 3 айға созылған көрменің негізгі уақыты да өтіп барады. Құдайға шүкір, дос түгіл, дұшпан сүйінетін деңгейде өтіп жатыр. Арқа төсінің ажарына айналған Астананың жаңа бетбейнесі іспетті ЭКСПО қалашығы бой көтерді. Шетелден, елімізден миллиондаған туристер Астанаға ағылып, Қазақстан туралы жағымды жаңалықтар шетел баспасөзіне жариялануда.

ЭКСПО көрмесі – жай ат шығару, елден қалмау, жұртқа танылудың жобасы емес, бұл адамзат қоғамы дамуының болашақ жоспарын жасайтын, әр елдің ғылымы мен жаңа технологияларын айғақтайтын, ел мен елдің арасындағы қарым-қатынасты, білім мен технология алмасуды жетілдіретін бірегей шараның бірі. Сондықтан, мұндай шараны экономикалық дамуы мен халқының әлеуеттілігі, білімділігі ұштасқан елдер ғана өткізуге ұсыныс жасай алады. Қазақстанда ЭКСПО көрмесінің өтуі біздің елге шетелдіктердің, Батыс елдерінің сенімі зор екенін көрсетеді.

Біздің ұсынған тақырыбымыздың өзі өте актуальды. «Болашақтың энергиясы». Аты айтып тұрғандай, бүгінгі күннің ең қажетті тақырыбын ұсынып отырмыз. Энергия тапшылығы – қазірдің өзінде үлкен проблема. Оны шешу үшін әлем болып, баламалы энергия көздерін іздестіріп жатыр. Осы көрме аясында тың идеялар, жаңа жобалар, энергия көзін су, жел, күн арқылы алудың алуан түрлі әдіс-тәсілдері, технологиялық мүмкіндіктері ұсынылып, әр ел өзінің даму тенденциясын дәлелдеп бағуда. Сондықтан, жастарды, әсіресе ғылым жолына түскен ғалымдарды көрмеге міндетті түрде апару керек.

Өткен айдың соңын ала біздің колледждің бір топ (23 адам) ұстазы кәсіподақ атынан ЭКСПО көрмесіне барып қайтты. Алған әсерлері туралы өздері айтатын шығар. Алдағы айдың басында колледждің үздік 20 студентін Астанаға аттандыруды жоспарлап отырмыз. Еліміз төрінде өтіп жатқан бірегей шараны көріп, ондағы технологиялық жаңалықтармен танысып, ойларына шабыт қосып қайтсын деген ниет біздікі. ЭКСПО Астана төрінде, тіпті Қазақстанда жыл сайын өтпесі анық. Бұл – еліміз үшін тарихи оқиға. Одан шет қалмауға тиіспіз.



Алма ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ұстаз:

– ЭКСПО көрмесін көру бақыты бұйырған ұстаздар қатарында болғаныма қуаныштымын. Шын мәнінде, еліміз дамуының нақты көрсеткіші – Астана шаһары. Күнделікті ақпараттардан оқып, телеарналардан көріп жүрген Елорданың өзін аралау, ондағы әрбір ғимаратқа асықпай көз тастап, еліміздің дамуын іштей бағамдаудың өзі бір ғанибет. Астана жыл сайын өзгеріп, уақыт озған сайын нән қалаға айналып барады.

Ал ЭКСПО-ның орны бөлек. Бұл қалашық – Астананың айбынын асырып, сән-салтанатын одан ары көркейте түсті деуімізге болады. «Нұр әлем» павильонына кіру үшін біраз уақыт бөгелуге тура келді. Қазақстан павильонына қызығушылар өте көп. 8 қабаттан тұратын павильонды толықтай аралап, әрбір қабаттағы тақырыптық ерекшеліктерге тоқталар болсаңыз, едәуір уақытыңыз кетуі мүмкін. Сондықтан, ұжым болып жүргендіктен көп уақыт бөле алмадық. Бірақ бізге қазақтың тарихын, мәдениетін, дәстүрін және тақырыпқа сай технологиялық жаңалықтарын толық қамтуымен «Нұр әлем» ерекше ұнады.

Уақытты үнемдей жүріп, Қытай, Ресей, Корея, Германия, Жапон елдерінің павильондарына кіріп үлгердік. Бір байқағанымыз, «Болашақтың энергиясы» тақырыбына сай дамыған елдердің ұсынған жобалары ерекше ұнады. Кейбір елдердің тақырыпқа қатысы жоқ дүниелермен павильондарын толтырып қойғанын да байқадық. Мұнан елдің дамуы, ғылым, экономикасы қалай болса, оның осы заманғы технология мен ғылыми жаңалығы да соған сай екенін байқауға болады. Қазақстан павильонына келушілердің қарасы мол болуының себебі, шараның елімізде өтіп жатқандығы ғана емес, «Нұр әлемнің» алыстан көз тартар ерекше архитектурасы мен тақырыпты жан-жақты ашқан жаңалығынан болса керек. Еліміз ғалымдарының осы көрме үшін ерекше дайындалып, жаңа бағытта жұмыс істегеніне қуанып қайттық.

 

Самал САРИНА, ұстаз:

– Шынымды айтайын, мен Астанаға бірінші рет бардым. Талай жылдан бері барғым келсе де, жолым түспеп еді. ЭКСПО-ның арқасында елорданы да көріп қайттым. Осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін колледж директоры Ж. Қасымбек мырзаға алғыс айтсақ, артық болмас. 75 жылдық тарихы бар мемлекеттік колледждің кәсіподақ ұйымы әрқашан игі бастамаға мұрындық болып келеді. Бұл жолы да біздің барлық шығынымызды осы ұйым көтерді.

Әріптестерім  ЭКСПО-ның өзге артықшылықтарын айтып жатыр ғой. Мені ерекше тәнті еткен ЭКСПО аясында жұмыс бастаған этноауыл болды. Шетелдіктер ғана емес, біздің өзіміз таңғалып қайттық. Этноауыл деген атына лайық екен шынымен. Кірген бетте сарбаздар күтіп алды. Қазақтың тарихын, мәдениетін кітаптан, кинодан, жаңалықтардан көру, оқу бір басқа да, тура ортасында жүргендей этноауылдан көру мүлдем басқа екен. Ондағы әрбір шара, әрбір экспонат мүлдем бөлек. Бір сәт ерте ғасырға сапар шеккендей, тұтас Қазақстанның өткен дәуірін бір мезетте тамашалағандай айрықша күйге бөлендік. Ондағы әшекей бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, ежелгі тарихтан сыр шертетін мүсіндер мен балбал тастар, ұлттық тағамдар, салт-дәстүрді айғақтайтын киім-кешектер мен тарихи музыкалық аспаптар... Оның бәрін бір жерден көру әдетте мүмкін емес. Елдің бәрі тарихи мұражайға бара бермейтіні белгілі. Осы этноауылды аралап жүріп, өзіміздің тарихымызды жаңадан танығандай болдық десек, асыра айтқандық болмас. Этноауылда жүрген шетелдіктер әр нәрсеге қызығып, қайыра сұрап, жүздерінен таңғалыстары менмұндалап тұрғанын байқадық.

 

Таңат НҰРҒАЛИЕВ, колледж ұстазы:

– ЭКСПО басталар тұста шетелден ешкім келмейді, туристердің Қазақстанға ЭКСПО үшін келуі неғайбыл деген пікірді оқып едік. Ішімізде алабұртқан күдік болғаны рас. Осыншама дабырлатып, еліміз түгіл, шетелдерге де жарнамасын күн-түн демей дәріптегенде, шетелден турист келмесе, онда қыруар еңбек, қаржы, төккен тер тегін кеткені ғой деп те ойлағанбыз. Көңілге медеу болғаны – ел тарихындағы айтулы оқиғаның Астанада өтетіндігі еді.

Осы жолы барғанда бізді туристік компания вокзалдан күтіп алды. Сапарымыз аяқталғанша қайда барамыз, қайда қонамыз, қайдан тамақтанамыз деп уайымдаған жоқпыз. Еріктілер қосыны не сұрасаң да, жөн сілтеп, егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Кез келген сұрағыңа асықпай жауап беріп, ілтипатпен түсіндіреді. Олардың кішпейілділігі, ішкі мәдениеті тәнті етті. Мұндай ұжым болып атқаратын шаруада ел атына сын келмейтіндей жұмыс жасау айрықша маңызды дер едім.

Тағы бір байқағаным, әлеуметтік желідегі шетелден турист келмейді деген болжамның қате екендігі. Шетелдік туристерді көп көрдік. Қасында аудармашысы бар, әр павильонға кіріп, әр нәрсеге таңырқай қарап жүрген туристер мол болды. Оларды Астана көшелерінен де кезіктірдік. Елорданың сәнді ғимараттарының алдында суретке түсіп, өзара шүйіркелесіп жүрген шетелдіктерді байқағанда, елің үшін мақтанады екенсің. Олар Қазақстан туралы жақсы түсінікпен еліне қайтса, күні ертең айналасындағылар да біздің елімізге турист боп келуі мүмкін ғой.

 

Рекомендовать
Последние новости