Көптен көрінбей кеткен Даниал Ахметов қайда жүргені белгілі болды

Көркем Алдабергенова 05 авг. 2024 11:05 405677

10 жылға жуық уақыт Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметов Парижде жүр, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Айта кетейік, қазіргі таңда Ахметов "Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясы" РҚҰ президенті. Ол Парижде еліміздің жеңілатлеттерімен көзге түсті. 

Экс-әкімнің суреті Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Федерация президенті Даниал Кенжетайұлы спортшылар мен жаттықтырушыларға қолдау көрсету мақсатында жеңіл атлетика командасымен кездесу өткізді. Президент команданың әрбір мүшесінің маңыздылығын атап өтіп, Федерация алдағы уақытта да дайындық пен өнер көрсету үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін атап өтті", - делінген жазбада. 

Айта кетейік, Даниал Ахметов 2018 жылы Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының президенті болып сайланған. 

Ал жақында экс-шенеунік Даниал Ахметов миллиардтаған қаржыны заңсыз шығарды деген күдікке ілінгені белгілі болды.Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовке қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуге уәде берді. Бұрынғы шенеунік Тайвань арқылы Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) миллиардтаған қаржыны шығаруға қатысы бар деген күдікке ілінді. 

"Шығыс Қазақстан облысындағы ағайындардың өтінішін және мен сұраған қосымша құжаттарды (Ахметовке қатысты – Dalanews.kz) тиісті сараптамаларымен құқық қорғау органдарына жіберемін", - деп жазды Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оcы тұста ол бұған дейін Қазақстанның әр өңірінен келіп түскен арыз-шағымдар бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

"Олардың барлығын бірдей жазып не әлеуметтік желіде бөлісіп отыру мүмкін емес. Бірақ, бір нәрсе анық. Бір кездері жалғанды жалпағынан басып, Елбасының сенімді адамы атанғандардың жыры әлі талай жылға азық болатын түрі бар. Соның бірі, жоқ бірегейі – Даниял Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес.

Сол көп шағым ішінен біреуіне ғана тоқталайын, ДА әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыруға деп ЕБРР (Европа қайта құру және даму банкі) арқылы 3, 6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Бұл жобаны ДА тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде, оның әкім боп тұрғанда ЕБРР-дың Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады шағым иелері", - дейді Абзал Құспан.

Айтуынша, мәселе онда да емес, мәселе сол миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кеткендігінде және кепіл уақыты ішінде ауыстырылмауында. Нәтижесінде, Өскемен мен Семейде көше жарығы жоқ, алайда ол жағдай екі облыстың бюджетін ЕБРР алдындағы қарыз міндеттемелерінен босатпайды.


Рекомендовать
Последние новости