"Көп қытай ішінде бір қазақ". Романтикалық реалти-шоуға қатысқан Медет туралы не белгілі

Кәмшат Тілеухан 20 дек. 2024 11:05 1027

Медет Серік – Қытайдағы жетекші компаниялардың бірінің IT-консультанты, Forbes Kazakhstan басылымының 2022 жылғы "30-дан 30-ға дейін" рейтингісіне енген. Туған жері - Жезқазған, бірақ соңғы 11 жыл ішінде ол Қытайда, атап айтқанда Шэньчжэнь қаласында тұрады, "Қытай Силикон алқабында" жұмыс істейді, деп жазады Dalanews.kz.

Fortune 500 тізіміне енетін компаниялар басшыларымен стратегияларды әзірлеуге, қарым-қатынас орнатуға және басқаруға жауапты Медет Серік туралы Forbes.kz басылымы кең ауқымды метариал әзірлепті. Басылымның жазуынша, Медеттің басты міндеті - ірі әлемдік корпорациялар үшін цифрлық трансформациялау мәселесінде шешімдер іздеу және осы компаниялардың бірінші тұлғаларына белгілі бір жоғары технологиялық шешімдердің артықшылықтарын жеткізу.

Медет қазір жұмыс істеп жатқан компаниясының атын атамауды сұрады. Өйткені бұл оның 2024 жылы қатысқан Қытайдағы Heart Signal ("Жүрек қалауы") телевизиялық жобасының шарттарын бұзу болып саналады. Ол жұмыс істейтін компания әлемдік алыптардың бірі екенін ғана айтсақ та жетіп жатар. Heart Signal реалити-шоуы эфирге шыққалы жеті жылдың жүзі болыпты. Онда бір ай ішінде алты жігіт пен алты қыз бір үйде тұрып, осы уақыт ішінде өз жұбын табуы керек.

Хатты алаяқтар жіберді деп ойладым

Жоба - қытай тілінде, ал жақында оның сюжеттері әлеуметтік желіде орыс тілді сегментте субтитрлермен беріле бастады. Осыған байланысты Heart Signal тек аспан асты елінде ғана емес, көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да танымал. Ал 2024 жылы қазақ жанкүйерлеріне тосын сый жасалды, өйткені бағдарламаның кейіпкерлерінің бірі біздің отандасымыз болды. Онда да Медет жобаға қатысушы алғашқы шетел азаматы екен.

Медет, әрине, Heart Signal туралы білген. Өйткені ол Қытайдағы ең танымал реалити-шоулардың бірі! Ол бұл бағдарламаның фанаты емес, бірақ шоу, көбінесе тұрмыстық диалогқа негізделгендіктен, кейде қытай тілін дамыту үшін көретін болған.

— Қытайда 10 жыл өмір сүргеннен кейін бір күні желіде парақша ашу туралы шешімге келдім.  Сөйтіп Instagram секілді жергілікті аумақтағы Little Red Book деген желіден парақша аштым. Онда Қытайдың 200 миллионнан астам қолданушы тіркелген. Бірнеше селфиімді жариялап, екі жазба жаздым. Әрине, бірден танымал болмадым, бірақ қандай да бір әрекеттер болды: лайық басып, пікірлер қалдырылды. Бір күні Heart Signal ұйымдастырушыларынан хабарлама алдым. Шоуға қатысуымды сұрапты, - дейді Медет.

Хабарламаны жіберуші Медетті мәселені егжей-тегжей талқылау үшін кездесуге шақырады. Бірақ біздің кейіпкеріміз бұл хатты елемейді, оны алаяқтар жазған болуы керек деп ойлайды. Алайда бірнеше аптадан кейін тағы хат келеді.

— Бұл кездейсоқтық емес деп ойладым. Содан хатқа жауап беріп, кездесуге бардым, алдымнан түсірілім тобы шыққанда ғана мұның барлығы шынайы екенін түсіндім. Маған сұқбат видеоға түсірілетінін бірден ескертті. "Егер мен іріктеу турынан өтсем, ол бағдарлама шығарылымына қосылады", - деді маған. Продюсермен келіссөздер шамамен екі сағатқа созылды, әртүрлі сұрақтар қойылды: өмірбаяным, кәсібім туралы стандартты сауалдардан бастап, махаббат пен армандар туралы жеке бас мәселелеріне дейін. Сол кездесуден кейін тағы бірнеше сұхбат болды, ақыры маған" кастингтен өттіңіз, жобаның он екі қатысушысының бірі болдыңыз" деді. Мен финалдан бір-ақ шығамын деп ойлаған жоқпын. Басқа түскен соң мен бұл жобаның мәні неде екенін егжей-тегжейлі зерттей бастадым. Сөйтіп шоудың бүкіл тарихындағы алғашқы шетелдік екенімді түсіндім", - дейді Медет.

Ол бара салып, продюсерлерді сұрақтың астына алыпты: "Неге мені таңдадыңыздар, қытай тілін де жетік білмеймін, түрім де өзім де басқалардан өзгешемін деген сияқты" деп.

 — Мен оларға бірден айттым, қытайшам онша емес, тілдік деңгейі менен әлдеқайда жоғары басқа шетелдіктерді білемін дедім. Оның үстіне талшыбықтай жас емеспін, жасым 31-де екенін де ескерттім. Өйткені бұл жобаға қатысушылар әдетте, 25 жасқа дейінгілер, - дейді ол.

 Біз де Медетті мазалаған осы сұрақтарды Heart Signal шоуын әзірлеуші Tencent video компаниясының продюсері Чао Гыға қойып көрдік.

- Әлеуметтік желідегі Ми Диенің (бағдарламада Медетті осылай атады) парақшасына кездейсоқ тап болуда біздің жолымыз болды. Біз онымен көптеген әңгіме-дүкен құрып, оның өте қызықты және ерекше жан екенін түсіндік. Оның махаббат пен қарым-қатынасқа деген көзқарасы қарапайым әрі көркем еді. Ол "Кішкентай ханзададан" үзінді келтірді: "Біз қолға үйрететінімізге жауаптымыз" деп. Ал түрі мен тіл айырмашылығы бұл арада маңызды емес, - деді Чао Гы.

Чао Гының айтуынша, шоуға қатысушыларды таңдау кезінде 30 режиссерден тұратын топ жұмыс істеген, олар алты айдан астам уақыт бойы әлеуметтік желілерде де, нақты өмірде де әлеуетті кандидаттарды тыңғылықты зерттеген. Продюсер атап өткендей," бұл оңай шаруа емес еді", өйткені олар бұрын БАҚ-қа шықпаған, танымал емес адамдарды іздеген. Әлеуетті үміткерді таңдағаннан кейін оған қатысты 10 раундтан тұратын сұхбаттар жүргізіледі. Бұл жұмысқа Чао Гы айтқандай, команданың 70% уақыты мен күші кетеді.

— Бұл реалити-шоу болғандықтан, көрермендер "қуыршақтар"емес, шынайы эмоциядағы адамдарды көруі үшін қатысушылар өз сезімдері мен ойларын білдіруде қабілетті болуы маңызды. Шоу барысында біздің команда қатысушылардың өзара әрекеттесуіне кедергі келтірмеу үшін үнемі тысқары қалуға тырысады. Шоуды көргендер Ми Диенің өте қарапайым және ұялшақ екенін білді, бірақ ол бірдеңе айта бастаса, адамдар оны мұқият тыңдауға мәжбүр. Өйткені оның ойлары ерек. Бұл сапа біз үшін өте маңызды болды", — деп сөзін қорытындылайды Чао Гы.

"Мен сені жақсы көріп тұрмын"

"Жарайды, ұйымдастырушылар сізді ұнатқан екен, ал сіз бұл "шытырманға" неге келістіңіз" деп сұраған мен Медеттен "танымалдылық үшін керек болды немесе тәжірибе жинағым келді" деген секілді жауап күткен едім. Алайда бұл ретте мен мүлде басқа жауап алдым.

- Менде үміт болды. Үйленетін уақыт келді. Мұны маған осылай еске салып жатқаннан емес. Өзім солай ойладым. Көп кітап оқыдым, басқа елде мансап құрдым, өзге елдің тілдерін үйрендім, осылайша жеке басқа уақытым болмады. Иә, қазірдің өзінде тығыз жұмыс кестесіне байланысты бұған уақыт табу қиын. Сондықтан бұл жобадан үміт күткенім рас. Кейде шоу қатысушылары түсірілім аяқталғаннан кейін отбасы құрып жататын кездері болады. Мені кездейсоқ тауып алған ғой, содан: "Мүмкін бұл маған бұйырған тағдыр сыйы шығар" деп ойладым. Қалай болғанда да, ештеңе жоғалтпайтынымды білдім", — деп мойындайды Медет.

Тіпті, бұл жобаны жұмыс кестесімен сәйкестендіріп отыруға тура келген.

"Түсірілім бір айға созылды, негізінен кешке және демалыс күндері болды, өйткені барлық қатысушылар күндіз өз істерімен айналысып, содан кейін түсірілім алаңына келетін. Сонымен қатар, жоба кейіпкерлерінің бір-бірін дұрыс бағалауы үшін жеке қасиеттерінен басқа, мысалы компаниямыз туралы айтуға тыйым салынды. Егер сызық сызатын болсақ, онда барлық қатысушы шартты түрде нөлден бастады, ал мен болсам, минус бірден кірістім. Өйткені шетелдік болсам да қытай мәдениетін түсінетінімді ол арада дәлелдеуім керек еді. Яғни Қытай азаматтары бір-біріне түсіндіріп жатудың қажеті жоқ нәрселерді менің айтып отыруыма тура келді. Оның үстіне біз бәріміз әртүрлі саладан болдық, сондықтан бастапқыда бізді байланыстартын ортақ нәрселер аз болды. Былайша айтқанда, ол адамдармен қарапайым өмірде мүлде жолығып, аралас-құралас болмас едім", — дейді Медет.

Әрбір жаңа түсірілімге кіріскен сайын оларға сөйлесу оңайырақ болды, ал басқа қатысушылар Медетті өздері "зерттей" бастады, өйткені олар Қазақстан туралы да, оның елінің мәдениеті туралы да ештеңе білмеді.

- Кездесулердің бірінде қыздардың бірі менен Қазақстан мәдениетінің ерекшеліктері туралы айтуымды өтінді. Содан кейін мен біздің тілімізде "мен сені сүйемін" деген тікелей сөз тіркесі жоқ екенін айттым, бізде махаббат деген сөз тіркесі бар, бірақ сөзбе-сөз аударғанда "мен сені жақсы көремін" деген көру қабілетіне қатысты мағынаны білдіретіндей аударылады дедім. Бұл сөзім эфирге шыққанда Қытайда үлкен резонанс тудырды. Барлық әлеуметтік желіде осы сөз үзіндісі қаптап кетті.  Жұрт енді "сені жақсы көремін" дегеннің орнына "мен сені жақсы көріп тұрмын" деп жаза бастады, осы фразада хэштегтер пайда болды. Тіпті, біреу маған видео жолдап жіберіпті, онда сахнада қытайдың бір әншісі: "мен бүгін бәріңді жақсы көріп тұрмын" деп айтады. Бір сөзбен айтқанда, бұл осы жобаны айқындаушы ұран сөздердің біріне айналды, - дейді Медет.

Тағы бір кездесуде Медет Алматы, атап айтқанда, биік тау басында қонақ үйлері мен шаңғы курорты бар Шымбұлақ туралы айтады. Сюжет шыққаннан кейін бірнеше ай өткен соң, сол жобаны тамашалаушылардың Қытайдан Алматыға арнайы сол жерді көруге барғаны белгілі болды. 

- Күзде Қазақстанға келдім, біздің елімізде де Heart Signal жобасы танымал бола бастағанын түсіндім. Өйткені мені көшеде танып жатты, деп күледі Медет. — Бірақ мен осы жобаның арқасында үлкен аудиторияға Қазақстанды насихаттағанымды мақтан тұтамын, — деп сөзін қорытындылайды ол.

Әрине, Медет таңдаған қызбен жобадан кейінгі қарым-қатынасы қалай болғанын сұрадым. Бірақ ол бұл ретте ләм-мим деп жақ ашпады. Сөйтсе бұл жоба әлі жалғасын тауып жатыр екен, сондықтан "бар картаны ашуға" әлі ерте көрінеді. 


Рекомендовать
Последние новости