Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов химиотерапия туралы маңызды жазба жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, "Халық денсаулығы туралы" кодексте әрбір азаматтың тегін дәрімен қатар, қосымша төлем арқылы өзіне қажет дәріні таңдау құқығы айқын көрсетілген. Яғни мемлекет белгілі бір дәріні тегін береді, бірақ егер науқас сол диагнозға арналған басқа, түпнұсқа немесе бағасы жоғарырақ дәріні алғысы келсе, оның бағасындағы айырмашылықты өзі төлеп, сол дәріні алуға құқылы.
"Алайда бұл норма тек қағаз жүзінде қалды. Іс жүзінде ол толыққанды жұмыс істемейді. Бірнеше пилоттық жоба басталғанымен, үлесақы тетігі науқасқа дейін жетпей отыр. Адамдарға бұл жүйенің пайдасын көру мүмкіндігі берілмей келеді. Бұл мәселе, әсіресе, онкология саласында өте өзекті. Химиотерапияға қатысты айтсақ, бұл ымыра көтермейтін сала. Себебі мұнда қате шешім адам өміріне тікелей әсер етеді. Онколог дәрігерлердің өзі жеке сөйлескенде, емнің сенімді әрі тиімді болуы үшін дәлелденген түпнұсқа препараттарды қолдану қажет екенін айтады. Ал отандық өнімдерге келсек, олардың бәрі тиімсіз деуден аулақпыз.
Бірақ басты мәселе - бұл дәрілердің сапасы мен тиімділігі қалай және қаншалықты тексеріледі? Шикізат елге кіргенде бақылау бар ма? Кейін қандай қадағалау жүргізіледі? Бұл - жауапсыз қалып отырған сұрақтар. Ал сапалы түпнұсқа химиотерапияға қажет препараттардың бағасы өте қымбат", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, осы мәселелердің салдарынан көптеген отбасы үйін сатып, несиеге белшесінен батып, жақынына "нағыз" ем, сапалы "химия" алып беруге мәжбүр.