Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде бейбіт келіссөздер жүргізу туралы ұсынысын қабылдамай, оны Киевке шақырды. Бұл туралы ол ABC News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ол Киевке келе алады. Егер адам соғыс кезінде кездескісі келмесе, ол әрине, мен үшін де, басқалар үшін де қабылдай алмайтын нәрсені ұсынады. Бұл - мен оған Киевке келуін ұсынғаныммен бірдей", – деді Украина президенті.
Зеленскийдің пікірінше, Путин мұндай ұсынысты кездесу уақытын кейінге шегеру үшін жасаған.
Украина басшысы, сонымен бірге, елі күн сайын зымыран шабуылына және түрлі соққыларға ұшырап жатқан кезде Мәскеуге бара алмайтынын айтып, Путиннің мұны "жақсы түсінетінін" жеткізді.
Путин 3 қыркүйекте Қытайға жасаған сапарынан кейін Зеленскиймен келіссөздерді Ресей астанасында өткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Екі күннен соң Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Мәскеудің "жоғарғы деңгейдегі келіссөздер үшін ең қолайлы орын" екенін тағы да атап өтті.