Колумбияда не болып жатыр? АҚШ-та жүрген Қазақстан азаматтарына да ескерту жасалды

Кәмшат Тілеухан 27 янв. 2025 11:03 26286

АҚШ-та көші-қон саясатының қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген отандастарымызға ескерту жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ескерту АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі өкілдігінің ресми сайтында жарияланды.

"Құрметті Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары! ҚР АҚШ-тағы елшілігі Америка Құрама Штаттары шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына назарларыңызды аударады. Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда. АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр", делінген елшіліктің ресми ескертуінде.

Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектесетіні де нақтыланады.

Тағы бірқатар өзгерістерді атап өтуге болады:

  1. "Мексикада қалыңыз" саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
  2. "Ұста да жібер" (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, "Мексикада болу" бағдарламасы бойынша);
  3. Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын-ала жеңілдіктер қарастырылған "CBP One" мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыру ұсынылады:

  • АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);
  • АҚШ Мемлекеттік департаменті - Консулдық мәселелер бюросы.

Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласу сұралады:

  • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
  • ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
  • ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.

Айта кетсек, күні кеше, жексенбіде Дональд Трамп Колумбияға қарсы тарифтер мен санкциялар енгізілетінін жариялап, екі ел арасындағы қатынас шиеленісе түсті. АҚШ жаңадан қабылданған көші-қон шаралары шеңберінде елде заңсыз жүрген колумбиялықтардың бір парасын әскери ұшақтарға мінгізіп, кері қайтарған. Алайда Колумбия бұл ұшақтарды қабылдамай қойған. Сол-ақ екен, екі ел президенттері желіде "айтысқа" көшті.

Алдымен Трамп ашуға мініп, мыналарды бұйырды:

  • Боготадағы АҚШ елшілігін жабуды;
  • Колумбиядан келіп жеткен барлық таауарларға 50% деңгейінде баж енгізуді;
  • Колумбия шенеуніктеріне АҚШ-қа кіруге тыйым салуды;  
  • Шекарада Колумбия азаматтарына қатысты бақылауды күшейту;  
  • Колумбияның экономикасы мен банк жүйесіне санкция енгізу шараларын дайындауды. 

"Бұл шаралар тек бастамасы. АҚШ Колумбияның өз міндеттемелерінен бас тартуын көтере алмайды, деп атап өтті Трамп Truth Social-дағы парақшасында. 

Негізінен,Колумбия - Латын Америкасындағы АҚШ-тың үшінші ірі сауда серіктесі. Осыны негізге алған Колумбия президенті Густаво Петро "америкалық тауарларға 50% баж салығын енгіземіз" деп доқ көрсетті. Көп ұзамай ол Х желісіндегі парақшасында  өзінің сауда министріне АҚШ импортына баж салығын 25%-ға көтеруді тапсырғанын мәлімдеді.

"Бүгіннен бастап Колумбияның бүкіл әлемге есігі ашық. Біз бостандықтың, өмірдің және адамгершіліктің құрылысшыларымыз. Адам еңбегінің "жемістерін" АҚШ-қа экпортына 50 пайыз көлемінде тариф енгізгеніңізден құлағдар болдым, мен де дәл солай жасадым. Біздің адамдар Колумбияда жүгері отырғызып, онымен бүкіл әлемді тамақтандырсын", деді Густаво Петро.

Мигранттар ұшаққа отыруда, C-17 Globemaster III, Форт-Блисс, Техас, 23 қаңтар 2025
Сурет: АҚШ Қорғаныс министрлігі

"Егер қыңыр адам кім десеңіз, ол мен боламын, осымен нүкте қоялық. Экономикалық әлеуетіңізбен және тәкаппарлығыңызбен  мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысатын шығарсыз, тура Альендегідей. Бірақ мен өлсем, өз заңыммен өлемін, азаптауларда да басымды тік ұстағанмын, сіздің алдыңызда да бас ие қоймаспын. Мен Колумбияның құл иеленушілер жағында болғанын қаламаймын, ондайлар бізде көп болды, бірақ біз бәрін жеңдік", деді Петро.

Осы айтқанына сай Петро бір сағаттан кейін мигранттарды азаматтық рейстермен оралуын ұйымдастыруды, соның ішінде Колумбия азаматтарының елге "лайықты оралуы" үшін  өзінің президенттік ұшағын пайдалануды ұсынды. Сонымен бірге ол Колумбия ешқашан өз аумағында құжатсыз жүрген америкалықтарды депортацияламайтынын атап өтті.

"Маған Сіздердің мұнай,Трамп дегендеріңіз ұнамайды, ол ашкөздіктен адамзат баласын жойып тынар. Мүмкін бір күні асқаным ауырғанына қарамастан бір бокал шарап ішіп, бұл туралы ашық сөйлесе алармыз, бірақ бұл жағы қиындау, өйткені сіз мені төмен нәсіл деп санайсыз, шынтуайында барлық колумбиялықтар сияқты мен ондай емеспін", деді Колумбия президенті.

Бұл сөз жарысқа Трамп Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) былай нүкте қойды: "отпен ойнама, күйіп қаласың" деген мағынаны білдіріп, өз суреті артына FAFO аббревиатурасын орналастырды. 

Сөйтіп бұл айтыс-тартыстың соңы жақсы аяқталды. Екі тарап та талаптың орындалуына байланысты енгізген баж салықтарын демде алып тастады. Дегенмен осылайша АҚШ қатаңдатылған көші-қон саясатымен "ойнауға" болмайтынын басқа елдерге де үлгі етуге тырысқандай.

 


Рекомендовать
Последние новости