"Кінәлі екендері айдан анық" заңгерлер Орал қаласының әкімдігін Жоғарғы сотқа беретін болды

Dalanews 31 мар. 2023 16:54 849

Өткен жылдың 27 желтоқсанында «Кублей» ісіне қатысты судья Бақтияр Жорабаев сот шешімін шығарған болатын. Ол «Кублей» ЖШС-нің Орал қаласы әкімдігі мен оның басқармаларының үстінен түсірген шағымын толықтай қанағаттандырусыз қалдырған. Судья заңсыз шешім шығарды деген кәсіпорын тарапы ақпан айында аппеляциялық шағым түсірді. Сол шағымның негізінде Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасының соты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Енді «Кублей» зауыты Орал әкімдігін Жоғары сотқа бермек.



«Кублей» тарапының заңды өкілдері әкімдіктің заңсыз әрекетін әшкере етпей қоймаймыз деп бекініп отыр. Өйткені 2020 жылы-ақ дауға сот нүкте қойса да, әкімдік пен «Ирменова» жеке кәсіпкерлігі әдейі мәселені ушықтырып отырған көрінеді. Сондай-ақ құрылыс компаниясына алданғандар саны 300 емес, 30 тұрғын екенін алға тартты.

«Біздің бірінші үйге ешқандай наразылығымыз жоқ. Сол үйде 100 пәтердей бар. Үй салынып бітті. Жекеменшік құқықтары бар. Олардың сот процесіне неліктен келіп жатқаны бізге түсініксіз. Олар әдейі қатысып жатыр. Біреудің тапсырмасымен. «Келіңдер, наразылық білдіріңдер» деп отырған адамдар бар. Ал үшінші-төртінші үй салынып біткен жоқ. Ол жерде ешкім тұрмайды. Екінші үйдегі 30 пәтерде тұрып жатқандар бар.

2020 жылы сот шешімі біздің пайдамызға шешілген кезде дәл осы екінші үй салынып бітпеген еді. Олар сол сот шешімі Кублейдің пайдасына шешілсе де, заңсыз екінші үй салды. Ол үйге заңсыз коммуникация қосылды. Кәріз жүйесі, су, жарық, жылу қосылды. 30 пәтеріне адам кіргізілді. Әкімдік осыған әдейі жол берді. Қазіргі күні сол 30 пәтер үшін осындай үлкен дау болып жатыр», - деді «Кублей» ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.



Сотта «Ирменова» жеке кәсіперлігінің үйді заңсыз салғанын қала құрылысын бақылау басқармасының маманы да растады.

«2020 жылы қаңтарда «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне қатысты тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша жеке кәсіпкер Ирменова Жанар Сапарқызы жіберілген заң бұзушылықтар үшін әкімшілік тарапынан жауапкершілікке тартылды. Мәселен жобалау-сметалық құжаттаманың және сараптаманың оң қорытындысы болған жоқ. Оған қоса, құрылыс-монтаждау жүргізу ісі басталғаны туралы хабарлама да болмаған. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы туралы заңнамада көзделген техникалық және авторлық қадағалаулардың болмағаны анықталды.

Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерге қатысты бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізілді. Атап айтқанда құрылыс монтаждау жұмысын тоқтату және жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды түгел жою қажет.

Бірақ құрылыстың тоқтатылғаны туралы хабарлама келген жоқ. Десе де Жанар Сапарқызы 4 үйге арналған 4 жобаны әзірлегенін атап өткім келеді. 4 жобаға сараптама жүргізілді және 2020 және 2021 жылдары құрылыс монтаждау жұмысын жүргізуді бастауға қатысты хабарлама берілді. Алайда бұл хабарламалар 2020 жылдың 28 желтоқсанынан бастап қабылданбады. Оған жерді пайдалану мақсатын өзгерту себеп болды. Бүгінгі таңда сот дауларына байланысты құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілмей тұр», - деді Орал қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының маманы Кенжебек Ахметов.

Сондай-ақ сотта санитариялық бақылау басқармасының жетекшісі «Кублей» ЖШС-нің санитарлық қорытындысының бар екенін және оның аумағы кемі 100 метр екенін растады.

«2015 жылы 4 қарашада «Кублей» ЖШС санитарлық қорғау аймағына қатысты ең алғаш біздің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алды. Оған сәйкес қалада тұрған консерві зауыты «Кублей» ЖШС біздің қорытындымыз бойынша төртінші қауіптілік класына жатады. Оның санитарлық қорғау аймағы минималды 100 метрден аспауы керек. 2015 жылы қорытындыны алған уақытта біз арнайы орынға бармай, іште отырып, арнайы жобаға сүйеніп жүргізетінбіз. Жоба бойынша барлық қорғау аймақтары болды. Арнайы қорғау аймағы алдын ала жіктелді, жоба бойынша 100 метрі белгіленді. Жалпы қорытындыны бір рет ала алады. Санитарлық қорғау аумағын белгілеу Бас жоспармен бекітілген норма», - деді Орал қаласы санитариялық бақылау басқармасының жетекшісі Гауһар Дүйсеғалиева.



Апеляциялық сот отырысында «Циолковский» тұрғын үйін соққан «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Константин Кленин «Кублей» тарапы ортақ мәмілеге келуден бас тартқанын сөз етті. Ол зауытқа қажетті шетелдік құрал жабдықты құрылыс компаниясы өз қаражатына жеткізіп беруге әзір болғанын алға тартты. Дәл осылай мәселені шешіп, тұрғын үйді сүрмеудің амалын айтқан екен. Яғни олардың ойынша қымбат құрал-жабдықтарды орнату арқылы зауыттан шығатын қалдықтардың көлемін едәуір азайтуға болады.

«Бұған дейін облыс әкімі, «Кубей» ЖШС директоры және «Ерменова» жеке кәсіпкерлігінің өкілі ретінде біз үш тарап кездесіп, дауды талқыладық. Біз ортақ келісімге келуге тырыстық. Сол кезде құрылыс компаниясы өз есебіне Германиядан тұрмыстық газды жағуға арналған арнайы құбырларды, кәсіпорыннан шығаратын дыбысты бәсеңдететін құрылғыларын Италиядан әкеліп берейік деп ұсынды. Бірақ «Кублей» тарапы медиацияға келіспеді», - деді «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің заңгері Константин Кленин.

Ал «Кублей» заңгері Жәнібек Башанов мұндай кездесудің болмағанын алға тартып, мұның бәрі қып-қызыл өтірік екенін алға тартты. Сондай-ақ ол құрылыс компаниясы санитарлық қорғау аймағына өтпесе, несіне қымбат құрылғыларды жеткізуге әзір екеніне аң-таң. Осылайша, заңды өрескел бұзып отырғандарын өздері-ақ мойындап отыр деді.

«Біріншіден біз тұрғындармен немесе құрылыс компаниясымен соттасып отырған жоқпыз. Біз тікелей әкімдікпен дауласып отырмыз. Сосын Ерменовтердің шетелден құрылғыларды жеткізіп береміз деген сөзі қып-қызыл өтірік. Ал неліктен Ерменовтер ол құрылығыны бізге әкеліп бермекші, мұның бәрі ақша ғой. Егер олардың тарапынан заңбұзушылық болмаса несіне бізбен ортақ мәмілеге келуді көздейді. Осы сөздерінен-ақ, олардың кінәлі екендері айдан анық емес пе?» - деді ол.



Жәнібек Башанов өз сөзінде сот материалдарында осыған дейін болмаған фото-видеоның қосылып кеткені өте күмәнді екенін айтып отыр.

«Өткен жұма күні біз сот материалымен танысып шықтық. Сонда тұрғындардың өтініші жазылған видео материал тұр. Бірақ бірінші сатыдағы сот процесінде мұндай материалдарды сот материалдарына енгізу туралы арыз түскен жоқ. Мұны Жоғары сот көрсін деп екінші жақ әдейі қосып қойып отыр. Қысқасын айтқанда әкімдік те, құрылыс компаниясы да тұрғындарды жылатып қойып сытылып кетпекші. Бірақ заңның аты заң. Әркім өз былығына өзі жауап беруі керек. Қарапайым халықты қалқан етіп қолданудың қажеті жоқ», - деді заңгер.

Сондай-ақ сотқа зауыт жұмысшылары да келіп, өз наразылықтарын білдірді.

«Тұрғындар жиған-тергенін салып, пәтерлер салып алған екен. Араларында науқас адамдар да бар дейді. Бірақ біздің жұмысшылардың да отбасы, бала-шағасы бар. Олар да ауылда тұратын ауру қарт әке-шешелерін әкеліп, емдетеді. Енді зауыт жабылып қалса, олар тұрақты табысынан айырылады. Олардың қарт әке-шешелеріне кім қарасады? Зауыт жабылып қалса, біздің қызметкерлер қайда барады? Біз көппіз, 700-ге жуық жұмысшы», - деді «Кублей» ЖШС қызметкері Гүлнұр Досмұқанова.

«Бұл көпқабатты үйлер өнеркәсіп аймағында салынғаны айдан анық қой. Мен осы өңірде өскенмін. Енді тұрғын үй салынып бұрын кедергі болмаған «Кублей» аяқ асты кедергі келтіре қалды ма?

Бізге хабарлама берілді. Егер сот біздің тараптың пайдасына шешім шығармаса, бізді жұмыстан қысқаруы мүмкін. Сосын біз қайда барып жұмыс іздейміз? Кім бізді асырайды?» - деді «Кублей» ЖШС қызмекері Василий Сластин.



Ал заңгер Жәнібек Башанов сөз арасында Кублейдің келесі қадамы Жоғары сот екенін алға тартты.

«Кезекті қадамымыз заң бойынша кассациялық шағым беру. Өйткені қабылданған шешім заңсыз.

Бізде 3 негіз бар. Біріншісі – заң жүзінде егжей-тегжей жоспары Орал қаласының бас жоспарына қайшы келмеуі керек. Бас жоспар бойынша өндірістік аумаққа тұрғын үй салуға болмайды.

Екіншісі – зауыттың санитарлық қорғау аймағы тектен тек белгіленбеген. Сондай-ақ санитарлық қорғау аймағы деп танылған қорытындының күші жойылмаған. Оны да сот ескеріп отырған жоқ.

Үшінші негіз – әкімдік егжей-тегжей жоспарын жайдан жай қабылдай алмайды. Ол арнайы процедурадан өтуі керек. Ал ол процедуралар жасалмаған әрі оны сот процесіне әкеліп дәлелдеген де жоқ. Осыған қарамастан сот осындай заңсыз шешім қабылдап отыр», - дейді заңгер Жәнібек Башанов.

Ал кәсіпорынның тағы бір заңгері Евгений Прицкер, әкімдік өкілінің сотта әбден шатасқанын сынап, Жоғары соттың ұсынысы мүлдем ескерілмегенін айтты.

«Әкімдік тарапы қай жылдың бас жоспары жұмыс істейді деген сауалға 2014 жылғы дейді. Ал егжей-тегжей жобасы қай жылдың бас жоспары негізінде өзгертілген десек, 2010 жылдың дейді. Ал 2010 жылдың бас жоспары деген құжат мүлдем жоқ. Әкімдік бірінші сатыда сотта сұратылған 40-қа жуық құжатты әкелген де жоқ.

Сот жүріп жатқанда Жақып Асановқа тұрғын үйдің иелері арыз бергені белгілі. Дәл сол ұсыныстың нәтижесінде біздің пайдамызға шығарылған облыстық соттың заңды шешімі бұзылған болатын. Ол жерде тек үшініші тарап ретінде тұрғындардың пікірі тыңдалсын делінген. Соның өзін сот бүге-шүгесіне дейін жеткізіп отырған жоқ.

Апелляциялық сот алқасының өзі бұған дейін тек он шақты тұрғынға сотқа шақырту қағазы жіберілгенін айтты. Бұл істі бірінші сатыға қайта түсіруіне жеткілікті», - деді заңгер Евгений Прицкер.

Сотқа шақырту алған тұрғындардың басым бөлігі апелляциялық сот процесіне келген жоқ. Бұған дейінгі сот отырыстарына он шақты тұрғын келіп, оның екеуі ғана сот алдында сөйлесе, бұл жолы жиырмадан аса адам келіп, төрт тұрғын баратын жерлерінің жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, сотта заңгер Евгений Прицкер 2016 жылдан бері үлескерлердің мәселесіне қатысты тікелей жергілікті әкімдік жауапты екенін де еске салды. Яғни «Циолковский» тұрғын үй кешеніне ақша құйып, оны заңды түрде рәсімдей алмай отырған тұрғындардың мәселесіне тікелей Орал қаласы әкімдігінің жауапты екенін алға тартып, қылмыстық құрамның бар екеніне баса назар аудару қажет деді.

Осыған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған деп нақты көрсеткен болатын. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар, ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және онда тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған деген жауап жолдаған.

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі де зауыттың жабылуы нарыққа соққы беретінін мәлімдеген еді. Министрлік «Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізеді, зауыттың проблемасы шешілмесе Қазақстанда қайта өңдеу саласы құлдырап, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі төмендейтінін хабарлаған. Бүгінде аталған зауытқа екі жарым мыңнан астам шаруа қожалығы мал өткізіп отыр.

Айта кетейік, Оралда тағы бір тұрғын үй заңсыз құрылысты бастап кеткен. Қазір аталған үйді құрылыс компаниясы әлеуметтік желі арқылы сатуға кірісіп кеткен.

Рекомендовать
Последние новости