«Кең Дала» бағдарламасы – шаруаның жұмысын жандандырды

Жарбол Кентұлы 18 сент. 2024 20:56 2832

Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған бірнеше бағдарламалар жүзеге асты. Әрбір бағдарламаның өзіндік орыны бар. Бәрі де ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталғанын білеміз. Сондай маңызды жобалардың бірі һәм бірегейі «Кең Дала» бағдарламасы. Аталымыш бағдарлама еліміздегі ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне елеулі ықпал еткені сөзсіз.

2020 жылы қолға алынған бағдарлама ауыл шаруашылығын қолдау мен дамытуға бағытталып, талай жер емген шаруаның жұмысын жандандырды деп нық сеніммен айтуға болады. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдап, инфрақұрылымын жаңартуды көздеген-ді.

Осыған дейін ақпарат құралдары елімізде ауыл шаруашылығы техникаларының әбден ескіргені жайында көп айтылды. Ескі техника еліміздің аграрлық секторда өнімділіктің арттыруға қолбайлау болып келгені де жасырын емес. Кеңес заманында шыққан ескі тракторлар мен комбайындарды жамап-жасқаудан шаруалап әбден шаршады десек болады.

Қазір заман талабына сай ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы өте қымбат. Оны алуға кез келген шаруаның қолы жете бермейтіні анық. Осы ретте «Кең Дала» бағдарламасы арқылы фермерлерге жеңілдетілген несиелер беріліп, шағын және орта ауыл шаруалардың жаңа техника, түрлі технологияларға арналған жабдықтарды сатып алу жол ашылды. Жаңа жобаның арқасында шаруа қожалықтары жаңа техникаға қол жеткізіп, өндіріс көлемін ұлғайтты.  

Бүгінде еліміздің агро секторына аса қажет техникаларға – дән сепкіштер, комбайндар, тракторлар, суару және тыңайтқыш шашатын жабдықтар екенін сала мамандары сан мәрте айтқан еді. Шаруалар өзінің егістік жерлерінің аумағын кеңейтіп, өнімділікті арттыру үшін бірінші кезекте техникаларын жаңартуы керек еді. «Кең Дала» бағдарламасы бұл мәселерді толықтай болмаса да біраз шешуге ықпал еткенін айтуға тиіспіз.

Бүгінде елімізде егін жинау науқаны кезінде дәнді-дақылдары шашпай-төкпей жинап алу үшін сапалы комбайндар қажет. Сол себепті шаруалар арасында астық пен дәнді дақылдарды жинауға арналған комбайндарға сұраныс өте жоғары. Соңғы жылдары Үкімет ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаражат бөліп, жер емген шаруалардың техникаларды алуына қолдау көрсетті.

Егер мамандардың ой-пайымына құлақ асатын болсақ, еліміздегі шаруаларға тек қана комбайын ғана емес, еліміздің түрлі климаттық жағдайларына бейім, қуатты әрі көп функциялы тракторлар да қажет. Тракторлар жер жырту, дән себу, тіпті тасымалдау жұмыстары үшін таптырмайтын техника.

Бұдан басқа топырақ құнарлылығын сақтап, өсімдіктердің жақсы өсуіне қамтамасыз ету үшін тыңайтқыш шашатын арнайы жабдықтар да шаруаларға аса қажет. Сол сияқты заманауи, жоғары дәлдікті дән сепкіштер егіс жұмыстарының тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының өрісін кеңейтетінін естен шығармауымыз керек.

Қазіргі дамыған ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды атқаратын түрлі техникалар бар. Әдетте ауыл шаруашылығы техникасы дегенде бірінші кезекте көз алдымызға комбайн мен трактор елестейтіні белгілі. Шындығында агроөнеркәсіп саласының табыстылығын арттыратын техникалар өте көп. Солардың бірі су ресурстары тапшы өңірлерде суды үнемдейтін техникалар.

Бүгінде заманауи суару жүйелері суды үнемдеуге мүмкіндік берсе, жаңбырлату мен тамшылатып суаратын жабдықтар дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік туғызып отырғанын бәріміз білеміз. «Кең Дала» бағдарламасы аясында еліміздегі біраз шаруалар өздерінің шаруашылықтарында суды үнемдейтін технологияларды енгізіп, қазір оның рахатын көріп отыр.  

Үкіметі фермерлерді осы техникалармен қамтамасыз ету мақсатында субсидиялар және лизингтік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығы секторындағы техникалық базаны жаңартуға бағытталған бірнеше бағдарламаны жүзеге асырып келеді.

Осы бағдарламаның арқасында еліміздегі ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы біршама жақсара түскені анық. Айталық, ауыл шаруашылығы жерлеріне жолдар салу, суармалы жерлерді дамыту және қойма орындарын кеңейту арқылы өнімдерді тасымалдау мен сақтау процесі біршама дамыды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетіп, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Кең Дала» бағдарламасының арқасында ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындары пайда болып, ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсаруына айтарлықтай септігін тигізгені анық.

«Кең Дала» бағдарламасына еліміз бойынша мыңнан астам шаруа қожалықтары қаржыландырылды. Ал биылдан бастап бағдарламаның екінші кезеңі іске қосылып, ауыл шаруашылығымен айналысатын 1,6 мыңнан астам фермерге жеңілдетілген несиелер ұсынылған. Бұл жалпы фермерлердің шамамен 5%-ын құрайды.

Аталмыш бағдарлама фермерлерге жылдық пайыздың мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін ұсынды. Сонымен қатар, кепілдікпен қамтамасыз етілмеген фермерлерге «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры тарапынан қарыздың 85%-ына кепілдік беріліп, қосымша қолдау шарасы ретінде шаруалардың мойнындағы жүктемесін біршама азайтты.

О баста «Кең Дала» бағдарламасы арқылы жыл сайын 70-140 миллиард теңге қаражат көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге бөлініп келген болатын. Мәселен, 2023 жылы бағдарламаға жалпы сомасы 140 миллиард теңге бөлінсе, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 150,4 миллиард теңгеге жетті. Аталған қаржылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдетілген несие беру мен қажетті инфрақұрылымды дамыту мақсатында пайдаланыланды. Тағы да айта түссек, 2023 жылы осы бағдарламаның аясында шаруалар 1,6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Техникалардың көпшілігін тракторлар мен комбайндар және егіс жұмыстарына қажетті жабдықтар құрады. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталған қаржының көлемі шамамен 67,4 млрд теңгеге жетті. Осылайша «Кең Дала» бағдарламасының арқасында шаруалардың өндірістік әлеуеті арттып, жұмысы айтарлықтай жеңілдеген.

 


Рекомендовать
Последние новости