Келестік шаруа әр гектардан 90 тонна пияз алуды көздеп отыр

Dalanews 31 мая 2023 06:51 975

Бүгінде Келес ауданында көктемгі егіс жұмыстары қыза түсті. Қазіргі таңда мол өнім алу мақсатында егістік алқаптарды тазалау, жер жырту, тұқым себу және суару жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауданның еңбекқор шарулары жергілікті халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, кәсіптерінің жемісін көруде. Солардың бірі – келестік шаруа Өмірзақ Мақсат. Ол үш жылдан бері пияз егіп, табысын еселеуде. Шаруа Жаңадәуір ауылында орналасқан 2 гектар суармалы жеріне өткен жылдың тамыз айында пияз еккен. Биыл маусым айының басында еккен өнімін саудаға шығаруға дайын отыр. Шаруа мол өнім алуда кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ түретінін айтып өтті.

– Пияз егумен үш жылдан бері айналысып келеміз. Өнімнің тұқымын көрші өзбек елінен алдырамыз. Олар Кореядан дақылдарды арнайы алдырып, сұрыптап, саудалап отыр.


Биылғы еккен пиязымыздың сорты «Пассад» деп аталады. Бұл сұрып ұзақ күнде дайын болуымен ерекшеленеді. Есесіне өнім мол алынады. Өткен жылдың тамыз айында тұқымын жетілдіріп, қазан айында көшет қылып отырғыздық. Қысымен қардың астында жатады. Көктемде өңдеу жасалып, өнім алуға дайындаймыз. Өнімді еселеу үшін түрлі сыналған дәрумендер қолданылады. Нәтижесінде пияз еккен шаруалар гектарынан 80-90 тоннаға дейін өнім жинайды, – дейді шаруа.

Айта кетейік, биыл Келес ауданында 27 мыңнан аса аумаққа егін егілсе, оның 11 мыңға жуық жеріне бақша, көкөніс өнімдері егілген. Жалпы өткен жылы шаруалардың тынымсыз еңбегінінің арқасында аудан бойынша 458 359 тонна өнім өндірілді.

Рекомендовать
Последние новости