Келесі Премьер кім?

Dalanews 25 янв. 2016 07:07 991

 

Мәжіліс сайлауы өткен соң Үкімет құрамы қайта жаңарады. Жаңа Үкіметті кім басқаруы мүмкін? Мәсімов Үкіметі не бітірді? Бүгінгі Үкімет өз орнында қала ма? Жаңа Үкімет елдегі саяси өзгеріске бастамашы болуы мүмкін бе? Осы сұрақтар ел арасындағы пікірлерді жинақтап, ой қорытып отырмыз..

МасимовМәсімов Үкіметі – дағдарыс Үкіметі ме?

Қазіргі Премьер-министр Кәрім Мәсімов екі рет Үкіметті екі Ахметовтен кейін басқарды. Біріншісі – Даниал Ахметов, екіншісі – бір ай бұрын 10 жылға қамалған  Серік Ахметов. Бірінші жолы Үкіметке келген оны «әлемде ұйытқи соққан дағдарыс дауылымен күресетін білікті маман» деп таныстырған болатын. Шын мәнінде, Даниал Ахметов кезінде Қазақстан едәуір дамыды. Жыл сайын  ЖІӨ 7-8 пайыздан кем болмады. Экономика жақсарып, әлеуметтік жағдайымыз түзеле бастаған. Ал мұнай бағасы 2004 жылдары небары 25 доллар шамасында болатын. Оны қазіргі Үкімет ұмытып кетті.

Бірінші жолы Мәсімов дағдарыспен күресе алды ма? Елімізде сақалды құрылыстар көбейіп, жұмыссыздық артып, ипотека дауы мен үлескерлер мәселесі ушыққаны жадымызда. Ол түйткілдер әлі толық шешімін тапқан жоқ. Сыртта жүрген Әкежан Қажыгелдин бір сөзінде: «Мұндай Үкіметпен өмір бойы дағдарыстан құтылу қиын», – депті. Мәсімов Үкімет басқарғалы бері жағдайымыз жақсарды дегенді естігеміз жоқ.

Бірінші жолы ол «Мен қазақша сөйлеймін!» деп уәде берген еді. Оның талай уәдесі уәде күйінше қалды. Бірер жиынды Мемлекеттік тілде өткізді. Одан кейін ескі әуеніне қайта басты...

Екінші жолы тағы да дағдарыстан бір құтқарса, осы Мәсімов құтқарады деп, бұрынғы орын тағына қайта жайғастырдық.  Не болды? Мәсімов Үкіметті басқарғалы бері «жағдайымыздың күн санап қиындағанын» әлемдік дағдарыстан көріп, күнелтіп жатырмыз. Инфляция, теңгенің құнсыздануы, жұмыссыздық, сыртқы қарыздың өсуі, несиелік саясаттағы дау-жанжал... Мәсімов Үкіметімен бірге «дамып» келеді. Биылғы дағдарыс толқыны тіптен Үкімет кабинетінен шығып, әр тұрғынның үйіне кірді... Қазір екі қолға бір күрек таппай, несиесін төлей алмай, бизнесі жүрмей, саудасы тоқтап, қарызы көбейіп жүрген адам көп. Статистикаға сүйенсек, елде 1990 жылдардың басындағыдай қиыншылық қайта келгендей күй кешесіз...

 Дағдарыспен қалай күресті?

Сонда біздің Мәсімов Үкіметі дағдарыспен қалай күресті? Олардың сан тарау жоспарлары мен қаулылары, бағдарламалары неге дағдарысты шешуге қауқарсыз болды?

Мұның бір жауабы бар: Мәсімов Үкіметі әлемдік экономикадағы модернизацияға төтеп бере алмады. Былайша айтқанда, кәсібилігі төмен Үкімет жасақтап, миллиардтаған қаржыны желге ұшырды.

Жуырда мұнай сатудан жинақталған Ұлттық қордың қаржысы дәл осылай орынсыз жұмсалатын болса, 2-3 жылда түгесілуі мүмкін деген пікірлер ақпарат құралдарында жарық көрді. Бізді дағдарыстан, кез келген қаржылық дауылдан құтқаруға тиіс миллиардтаған доллардың біршамасын қазірдің өзінде кеміріп үлгеріпті, дағдарыспен күресетін Үкіметіміз. Тіпті, сол мол қаржының қайда кеткенін өздері де білмейді деген сөз бар...

Теңге құнсызданудың шегіне әлі жетпеген көрінеді. Қазір 1 АҚШ доллары 400 теңгеге жуықтады. Алдағы айларда 600 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген күбір-сыбыр сөз бар. Үкімет теңгені еркін дәлізге жібердік деп отыр. Сайлаудан кейін шынымен 600 теңгеге дейін құнсызданса, онда біздегі инфляция шарықтай түспек. Айлық пен жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақыға қосылған тиын-тебендер түкке жарамайды. Халық жұмыссыздықтың зардабын шегіп, толқуы да мүмкін. Сонда да «дағдарыспен күрескен» Үкіметке алғыс айтып, Мәсімовтің жұмысын оң бағалауымыз керек пе? Бәлкім, «рахметімізді айтып», жылы орнын алып тастауы мүмкін биліктегілер.
Бірақ, кейбір әңгімелерде Дариға Назарбаева  Сенаттың спикері болады деген болжам айтылып жүр. Бұл лауазым – Президенттен кейінгі екінші адамның орны екенін есте ұстаған абзал...

Мәсімов орнында қала ма?

Мәсімов орнында тағы да қалуы мүмкін. Кейбір сарапшылар осылай пікір айтады. Оны білікті жұмысы үшін емес, саяси салмағы үшін орнынан ала алмайды деушілер көп. Кейбір пікірлерде Мәсімов Ресей мен Қытайдан бірдей қолдау тауып отырған адам деп сипатталады. Оның жуырда Қытайға барғанда қытайша сөйлегенін ескерсек, бұл болжамның рас болуы ғажап емес. Ал Путин үшін бүгінгі Қазақстан Үкіметінен қолайлысы жоқ. Қазақстанның Еуразиялық одақтағы мүддесін қорғамақ түгіл, бір ауыз қарсы пікір айтуға қауқарсыз, Ресей Үкіметінің ұсыныстарын қашанда құп алатын, олар қарсы пікір білдірсе, өздерін қоярға жер таппайтын, ел мүддесін емес, қалталылар мен ірі корпорациялардың мүддесін көздейтін Үкімет олар үшін ауадай қажет. Бұл Мәсімовтің қайта Премьер-министр болуына септесетін «қасиеттері».

ИмангалиЕкінші тарап Мәсімов орнынан кетеді дейді. Өйткені, қазірдің өзінде қара халықтың билікке сенімі азайған. Биліктің өзі Мәжіліс сайлауын дағдарыстың алдын алып, жаңа мандат иелерін, онда да жұмыс істеуге қауқарлы білікті азаматтарды тарту үшін алдын ала кезектен тыс өткіземіз деп отырған жоқ па?! Ел алдында сенімі кеткен Үкіметті де таратып, орнына жаңа Үкімет әкелуге тиіс, мұны Ақорда біліп отыр деген пікір айтады.

Шынымен де, егер Үкімет жаңармаса, онда Мәжілісті жаңартқаннан не қайыр? Былтыр Президенттік сайлау өткенде Мәсімов Үкіметі отставкаға кетуі мүмкін деген болжамдар айтылған. Олай болмады, Президент Назарбаев Мәсімовке және оның командасына сенім артып, орындарында қалдырды. Биыл ол сценарий қайталанбайды. Егер дәл солай жасар болса, Президент Назарбаевтың ел алдындағы беделі түседі деген уәж көп. Бұл уәждің де жаны бар. Екінші рет Үкіметті басқаруға Мәсімов қайта келгенде: «Бізде Мәсімовтен өзге адам жоқ па? Алдыңғы жолы жетістірмеген оның Үкіметі енді жарылқауы неғайбыл» деп ашық пікір айтқан азаматтар болды. Мәсімов соңғы Үкіметті басқаруында не тындырғанын көріп отырмыз...

ДаригаДариға Нұрсұлтанқызы Үкіметті басқара ма, әлде сенатты ма?

Мүмкін. Өйткені, Премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. «Дариға Назарбаева биліктің әр сатысында жүріп ысылды, Парламентте де мүмкіндігінше еңбек етті. Үкімет құрамы жаңарады дегенімізбен, бұрынғы команданың ішінен Арыстанбк Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Асылжан Мамытбековтер кетуі мүмкін. Тұтастай жаңару болмайды. Дариға Нұрсұлтанқызы Үкіметті қолға алса, батыл шешімдер қабылдап, дағдарыстан шығар жолды табуға, ел экономикасын сауықтыруға қызмет етуге талпынады деп үміт күтетіндер көп...

Бірақ, кейбір әңгімелерде Дариға Назарбаева  Сенаттың спикері болады деген болжам айтылып жүр. Бұл лауазым – Президенттен кейінгі екінші адамның орны екенін есте ұстаған абзал...

Бақытжан СағынтаевСағынтаев па, Тасмағамбетов пе?

Премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев Үкіметті басқаруы мүмкін. Сарапшылар мұның бірнеше себебін алға тартады.

Біріншіден, Сағынтаев елдегі ірі топтармен байланысы жақсы, өзі де аймақтарды басқарып, Үкіметтің әр саласында қызмет еткен білікті басшы.

Екіншіден, Сағынтаевтың Үкіметте жұмыс істегеніне бірнеше жыл болды. Ол Үкімет жұмысының қыр-сырын меңгеріп үлгерді.

Асет ИсекешевСондай-ақ, ол Ақордамен де, саяси салмақтылар санатындағы «көрінбейтін» мықтылармен де арақатынасын бір қалыпты ұстауды меңгерген жан.

Егер алда-жалда Үкіметті Сағынтаев басқарса, таңғалуға болмайды.

Тағы бір топ Үкіметке Тасмағамбетовтің келуін қалайды. Иманғали Нұрғалиұлының қазір Қорғаныс министрлігін басқарып отырғанын білеміз. Оның бұл орында ұзақ отыруынан да қауіптенетіндер бар көрінеді...

Біздіңше, онсызда халық алдында беделі жоғары И. Тасмағамбетовке екінші қайтара Үкімет басқару мүмкіндігі берілуі неғайбыл.

Одан өзге кімдер бар? Нұрлан Нығматулин, Өмірзақ Шөкеев, Әсет Исекешев есімдері де аталады. Көп жұрт Әсет Исекешевтің Үкімет басқаруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жас әрі белсенді министрдің биік мансапқа жетуіне барлық шарт-жағдайы толымды. Тек Ақорда құп көрсе болғаны...

Ержан ҚАМАЛБЕКОВ


P.S. «Биік мансап – биік жартас, Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,  Екпіндеп ұшып қыран да шығады...». Абай хакімнің осы сөзі – сөз. Үкіметті кім басқарса да, Қазақстанды экономикалық дағдарыстан тез айықтыратын бағдарлама құрып, тынбай жұмыс істеуге қауқарлы білікті маман болғаны абзал.

Рекомендовать
Последние новости