Келешегі кемел кәсіпкерлік білім

Dalanews 28 июн. 2015 21:57 1195

Жақында Алматы Менеджмент Университетінде «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік білім беруді дамытудың келешегі» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Университет қабырғасында ұйымдастырылған шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев және Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Бүгінде дамыған елдер экономиканың қозғаушы күшіне айналған кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша мән беріп отырғаны белгілі. Экономикасы қуатты мемлекеттердің өзі шағын және орта бизнес саласына баса мән беріп, қолайлы жағдай туғызып отырғанда дамуға бет алған Қазақстанның бұл бағытта аянып қалатын жөні жоқ. Қазіргі таңда билік кәсіпкерлік саланы өркендету үшін қаржылай қолдаулар көрсетіп келеді. Бірақ күн өткен сайын бизнесті дамыту қаржылай қолдаумен шектелмейтінін байқап жүрміз.  Елімізде нарықтық экономикалық қатынастардың қыр-сырын жетік білетін мамандарға деген сұраныс қазір күн сайын артуда. Білікті маман даярлауда кәсіпорындар, бизнес қауымдастықтар және жоғарғы оқу орындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін кезі келді.

AlmaU бастамасымен алғаш рет кәсіпкерлік білімді жетілдіру мәселесін қаузаған дөңгелек үстелді сөз алған вице-министр ойын былайша қорытты.

Нурлан Жумахан  (4)– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 реформа, 100 қадам бағдарламасында білім беру саласын жетілдіру мәселесі жан-жақты қамтылған. Бұл бағытта Бақылаушы кеңестер мен еліміздегі жетекші оқу орындарына автаномды басқару жүйесін енгізу мәселесін қарастырып жатқан жайымыз бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін заң дайындап, оны Парламент қарауына ұсындық. Қазіргі таңда заңды халық қалаулылары талқылау үстінде. Заңда кәсіпкерлік білім беруді дамыту мәселесін толықтай қамтылған. Дамыған батыс елдерінде жастарды кәсіпкерлікке баулу мектеп жасынан бастап қолға алынатынын білеміз. Тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлік білім беруге бағытталған оқу орындар көптеп құрылды. Солардың арасында Алматы Менеджмент Университеті зор жетістіктерге қол жеткізді деп есептеймін. Керек десеңіз, бүгінгі дөңгелек үстелдің алғаш рет осы оқу орнында ұйымдастырылғанынан көп жайтты аңғаруға болады, – деді вице-министр. Осылайша Тахир Балықбаев елімізде кәсіпкерлік білім берудің орталығына айналған оқу орнында білікті оқытушылар шоғыры мен мығым іс-тәжірибе қалыптасқанын көпшіліктің есіне салып өтті. Бұдан кейін дөңгелек үстелге арнайы келген Ұлттық кәсіпкерлік палата Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев кәсіпкерлік білімді дамытуға қатысты ойын былайша сабақтады.
AlmaU көтерілген мәселенің маңызы зор. Бұл бағытта бизнес қауымдастық пен оқу орынның тізе қосып жұмыс істей бастағаны көңілімізге қуаныш ұялатты. Жиын барысында сөз алған Н.Әлтаев AlmaU бірлесіп Үкіметке индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығын іске асыру шеңберінде 5 мың менеджерді оқыту турасында ұсыныс жасағандарын алға тартты. Палата басшысы білікті мамандарды даярлауға жұмсалатын шығынның 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын отандық кәсіпорындар көтеруге дайын екенін алға тартты. Тек осы бір орынды ұсыныстан атқарушы билік бас тартпаса болғаны. 

– Қазіргі кезеңде еліміздегі кәсіпкерлік саласы бәсекелестік жағдайда дамып келеді. Шағын және орта бизнестің алға басқан қадамын кері тартып тұрған мәселелер де жоқ емес. Соңғы уақыттары еліміздегі кәсіпорындар маман тапшылығын айтарлықтай сезіліне бастады. Бұл мәселені қазірден бастап шешіп тастамасақ ертеңгі күні кеш болуы мүмкін. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта қызу жұмыстар жүргізіп, Almaty Management University тығыз әріптестік бағытта жұмыс істеуде. Өкінішке орай, Қазақстанда бизнес пен жоғары оқу орындардың арасы әлі де болса  алшақтау. Алдағы уақытта біздер кәсіби, инновациялық тұрғыда ойлайтын білікті мамандардың жетіспеушілігін бірлесіп жоюымыз керек. Осы ретте палата дамыған елдердің озық тәжірибелерін ой елегінен өткізіп, мәселенің түйінін тарқатуға күш салуда. Экономиканың күре тамырына айналған кәсіпкерлік салаға қажетті еркін ойлы мамандарды көптеп даярлауда мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Біздер Скандинавия елдеріне барғанымызда білімі жоғары, шешімшіл менеджерлер мен маркетологтар даярлау ісіне мемлекет 70 пайызға дейін қаржы құятынын байқадық. Ал қалған 30 пайыз қаржыны кәсіпорындар көтеріп алады екен. Сонымен қатар қазір кәсіпкерлік салада ғылымдардың көмегімен шешетін мәселелер қордаланып қалғаны жасырын емес. Скандинавия елдерінде бизнес пен ғылымның мүддесін түйістіретін арнайы ХАБ құрылған. Бүгінде олар осы ХАБ шеңберінде кәсіпорындарда туындаған мәселелерді ғалымдардың көмегімен оң бағытта шешіп келеді. Бұл ұйымға Еуропаның 150-ге тарта ірі компаниялары мүше болып, оқу орындарымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Германияның атақты Siemens компаниясының медициналық мақсатта пайдаланылатын томографтары қайта-қайта қызып кеткеннен кейін бизнес-инкубаторда жұмыс істейтін білікті мамандарға томографтың жұмысын жетілдіріп, жабдықтың ақауын толықтай жойған. Міне, осыдан-ақ бизнес пен ғылымның арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады, – деп Нұржан Бауыржанұлы сөзін аяқтады.

Алматы Менеджмент Университетінің президенті Асылбек Қожахметовтың баяндамасын тыңдағанымызда, ол өзі басқарып отырған оқу орнын кәсіпкерлік сала бойынша білім беретін дүниежүзіндегі 100 оқу орнының қатарына қосуды мақсат тұтқанын алға тартты.

– Бүгінде аймақтағы оқу орындары ғылымды дамытуға күш салуда. Меніңше, аймақтық университеттер кәсіпкерлік білім беру мәселесін жетілдіруге көңіл бөлсе, көбірек ұтар еді. Егер аймақтарда бизнестің қыр-сырын терең меңгерген жастар көп болса, өңірде экономикалық даму орын алып, жағдай жақсаратыны анық. Мұндай жағдайда ғылым да, аймақтың экономикасы да дамитыны сөзсіз, – деді. Өз баяндамасында А.Қожахметов елімізде Кәсіпкерлік университеттерді құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы ойларын көпшілікпен бөлісті.

Нурлан Жумахан  (2)

Қалай десек те AlmaU көтерілген мәселенің маңызы зор. Бұл бағытта бизнес қауымдастық пен оқу орынның тізе қосып жұмыс істей бастағаны көңілімізге қуаныш ұялатты. Жиын барысында сөз алған Н.Әлтаев AlmaU бірлесіп Үкіметке индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығын іске асыру шеңберінде 5 мың менеджерді оқыту турасында ұсыныс жасағандарын алға тартты. Палата басшысы білікті мамандарды даярлауға жұмсалатын шығынның 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын отандық кәсіпорындар көтеруге дайын екенін алға тартты. Тек осы бір орынды ұсыныстан атқарушы билік бас тартпаса болғаны.

Жиын соңында Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Тель-Авив университетінің кәсіпкерлік орталығы және Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Almaty Management University өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Рекомендовать
Последние новости