Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым импорттық шикізатты кеденнен өткізу мәселесі бойынша Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, кедендік рәсімдердегі жүйелі қиындықтар отандық өндірушілер мен бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Кәсіпкерлер тауарларды кеденнен шығару барысында ұзаққа созылатын, түсініксіз және анық регламенттерсіз рәсімдерге тап болады. Сараптамалар апталап немесе айлап созылып, нақты мерзім белгіленбегендіктен бизнес шығынға ұшырайды.
"Бұл белгісіздік өндіріс құралдарын сақтау шығындарына, өндірістің тоқтауына, келісімшарттардың бұзылуына, айыппұлдардың салынуына, өнімнің өзіндік құнының өсуіне және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соқтырады", – деді Айдос Сарым Мәжіліс отырысында.
Депутат кешігулер әсіресе тез бұзылатын тауарлар мен өндіріс үшін стратегиялық маңызды шикізатқа қауіп төндіретінін атап өтті. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы "Альприма" ЖШС спорттық киім тігуге арналған 3 тонна матаны 4 тамыздан бері кеденнен шығара алмай отыр. Салықтар мен сертификаттар төленгеніне қарамастан, тауар 50 күннен бері уақытша сақтау қоймасында тұр. Бұл компанияның қаржылай жағдайына және келісімшарттарды орындауына қауіп төндіруде.
Айдос Сарым кәсіпорындардың алдын ала шикізат сатып алып, өндірісті қамтамасыз етуге тырысатынын, бірақ олар үнемі кеден органдарына тәуелді болып отырғанын айтты.
"Кеден рәсімдері лототронға айналдя. Бір күндік кідіріс ондаған адамның жалақысына, отбасына және өнімнің бағасына әсер етеді", – деді депутат.
Сонымен қатар кәсіпорындар барлық салық пен алымдарды төлеуге дайын екенін, алайда кедендік рәсімдердің жылдам әрі ашық өтуін күтетінін атап өтті. Бұл тәжірибе мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдау, кеден рәсімдерін оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі тапсырмаларымен қайшы келетінін айтты.
Айдос Сарым Министрліктен импорттық шикізатты кеденнен өткізу механизмін жеңілдету, кәсіпорындарға жедел қолжетімділікті қамтамасыз ету және артық әкімшілік кедергілерді жою бойынша нақты шара қабылдауды талап етті.