«Kcell» тау-кен өндірісінде 5G желісін ендірмек

Қаракөз Амантай 07 июн. 2024 15:37 4224

Еліміздің жетекші мобильді операторы «Кселл» 5G технологиясын кен орындарында өрістету арқылы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін цифрландыруға ниетті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан 14-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресі мен көрмесінде оператордың өкілі хабарлады. Компанияның жоспарында заманауи желі негізінде өндірістік алаңдарда пилотсыз техниканы іске қосуға көмектесу және ішкі цифрлық экожүйе, машинааралық өзара іс-қимылды реттеу, диспетчерлеу және тағы басқа өндіріс қызметін автоматтандыру бар.  

Естеріңізге сала кетейік, Kcell еліміздің бірқатар өндірістік алпауыттарында байланыс желісін тартып, Private LTE жеке желілерін ашқан ТМД бойынша алғашқы операторлардың бірі және Қазақстандағы тұңғыш оператор. Жеке желілерді өндіріске орната отырып, оператор бірден бірнеше міндеттерді шешуге мүмкіндік берді, олар: бизнес-процестерді автоматтандыру, M2M машинааралық коммуникацияларын құру, IoT сенсорлары арқылы деректер алмасу, Push To Talk жабық радио байланысы, цифрлық бейнебақылау, қауіпсіздік жүйелерін біріктіру, қажет болған жағдайда кеңейтуге және жаңа қызметтер мен құралдармен толықтыруға болатын өзіндік бөлек, ішкі цифрлық экожүйесін іске қосу. Енді «Кселл» өндірісті цифрландыруды бұдан да тереңірек ендіруге кірісті: тау кен өндірісіндегі алпауыттарға бесінші буын технологиясына негізделген жеке немесе Private  Network желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорындар алдында цифрлық және технологиялық трансформацияға шексіз мүмкіндіктер жасауға жол ашады.

«Біз қазірдің өзінде тек үш алып компанияның өндірістік алаңдарында-KAZ Minerals, Polymetal International және ERG кеніштерінде бірнеше ондаған базалық станцияларды орнатып, Private LTE желісін тарттық. Мысалы, ERG компаниясының алты комбинатында біз 216 км2 аумақты қамтитын кеніш алаңына 40-тан астам базалық станция қойдық.  Бұл Тараз немесе Семей сияқты қалалардың аумағымен салыстыруға болады. Бұл ретте, әріптестермен бірлесіп желілерді өндіру мен пайдалануды жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, қазір өндірісте алғашқы 5G-желісін іске қосуға дайындық жұмыстары жүруде. Осы технологияның негізінде қашықтан басқарылатын техниканы іске қосу жоспарлануда»,- деп атап өтті «Кселл» АҚ Бизнес-нарықты дамыту департаментінің директоры Динара Қасымова.

 Жалпы алғанда, 5G технологиясына келетін болсақ, «Кселл»  жобасы өткен жылдың басынан бастап іске асырылуда және бүгінгі күні ел бойынша оператор 800-ден астам жаңа буын базалық станцияларын салып, іске қосты.  Жүздеген мың қазақстандықтар қазірдің өзінде жаңа байланыс технологиясы бойынша барлық телеком-қызметтерді және цифрлық сервистерді пайдалана алады. Алайда, қарапайым қазақстандықтар 5G желісінің кең мүмкіндіктерін толыққанды қолданбайды, яғни мамандардың айтуынша, технология мүмкіндіктерінің аз ғана бөлігін «кәдеге жаратады». Ал Private LTE/5G желісінің  әлдеқайда үлкен әлеуеті өнеркәсіпте және кәсіпорындарда ашылады. Жаңа байланыс стандарты кеніштер мен комбинаттардың барлық жүйелерін, қызметтері мен бизнес-процестерін біріктіру арқылы орталықтан басқаруға, алып техникаларды қашықтан бақылап игеруге мүмкіндік береді.  

«Біз 4 жыл бұрын еліміздегі алғашқы Private LTE коммерциялық желілерін алғашқылардың бірі болып орнатып, pLTE құрылысындағы ізашар болдық десек те болады. Желілерді өнеркәсіптік пайдалануға 2020 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Ақтоғай» кенішінде KAZ Minerals компаниялар тобы енгізді. Бұрын шахтада қызметкерлер үшін де, машинааралық өзара әрекеттесу үшін де бірнеше түрлі байланыс жүйелері жұмыс істеген. Дегенмен жылдам дамыған технологиялық процесстерге цифрландырудың үздік үлгілеріне бұл желілер сай келмей жатты. Осы ретте Private LTE өндірістегі барлық процестерді оңтайландырып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге мүмкіндік берді.

Мұнан кейін бізде Polymetal International және ERG кәсіпорындарында жеке желілерді өрістетудің табысты кейстері болды. Ал жақында «Бақыршық тау-кен кәсіпорнында» жеке желілер тартылып, бұл диспетчер үшін байланыс арнасын іске қосуға, темір жолда концентраттың тиелуін бейнебақылауға мүмкіндік ашты. Бұл кәсіпорын мамандарына «тікелей эфирде» теміржол станциясында жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын бақылауға мүмкіндік берді»,- дейді Динара Қасымова.

Айтпақшы, жеке желі немесе Private Network немесе Private  LTE — бұл ұйым немесе кәсіпорын үшін қауіпсіз және басқарылатын байланыс құралын қамтамасыз ететін және бірқатар бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін тәуелсіз, жабық ұялы байланыс желісі және pLTE компанияларды цифрлық трансформациялауға, әртүрлі цифрлық қызметтер мен технологияларды орналастыруға және біріктіруге негіз бола алады.  Оның мүмкіндіктері мол: заттар интернеті, жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлтты есептеу, робототехника және өндірістік инфрақұрылым шеңберіндегі процестерді автоматтандыру, смарт фабрикалар, цифрлық егіздер құру және т.б.

Тағы бір дерек, World Economic Forum компаниясының Connected Workers бағытындағы зерттеуіне сәйкес, 2025 жылға қарай бүкіл металлургия және тау-кен өнеркәсібі үшін интеллектуалды электроникалық құрылғыларды қолданудың экономикалық әсері шамамен 85 миллиард долларды құрайды және 500-ден астам құтқарылған адам өмірі деп айтуға болады.

 


Рекомендовать
Последние новости