Боранбаевқа тиесілі болған мұнай компаниясы 2025 жылы жекешелендірілуі мүмкін

Қаракөз Амантай 07 апр. 2025 18:19 476

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech II мұнай компаниясы 2025 жылы жекешелендірілмек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания 2023 жылдың қазан айында мемлекет меншігіне өтті — барлық 100% акциясы мемлекетке беріліп, олардың жалпы құны 35 миллиард теңгеден аса бағаланған.

Phystech II компаниясы Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнын иеленеді. Алайда бұған дейін компания шығын ғана әкеліп келген. Жекешелендіру конкурс немесе тікелей мәміле арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 2023 жылы Қайрат Боранбаев аса ірі мөлшерде мемлекет қаражатын ұрлады және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректері бойынша, 2019 жылы ол өз иелігіндегі "АзияГаз Шонжы" ЖШС арқылы газ жеткізу кезінде QazaqGaz ұлттық компаниясының қаражатын жымқырды, кейіннен ұрланған 14,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен алынған құсап дивидендтерді бөлу және төлеу түрінде заңдастырылған. "Тергеу барысында келтірілген залал толық көлемде өтелді", делінген ҚМА хабарламасында.

Агенттік заңсыз кірістер есебінен сатып алынған шетелдік активтерді белгілеу және бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатқаны да айтылды.

Кейіннен ол көптеген активін мемлекетке қайтара бастады. Мысалы, былтыр қарашада Қайрат Боранбаевпен байланысты Қарағандыдағы фармацевтикалық зауыт бюджетке 105 миллион теңгені қайтарды. Бұл ақша бұрын "Спутник V" вакцинасының пайдаланылмаған дозалары үшін бөлінген. Сол секілді "АзияГаз Шонжыны" Самұрық-Қазына қоры иелегіне өтті. Сондай-ақ Қайрат Боранбаевқа тиесілі, құны 35 млрд теңге болатын Phystech II мұнай компаниясы толығымен мемлекет балансына өтті.

Осылайша түрлі істерден басын әбден аршып алған Қайрат Боранбаевтың 2024 жылы қарашада бұрын өзі басшылық еткен "Қайрат" футбол клубына оралғаны белгілі болды.


Рекомендовать
Последние новости