Каспий теңізінде балықтар қырылып жатыр: Эколог мұнай компанияларын тексеруді талап етті

Қаракөз Амантай 10 июл. 2025 14:30

Каспий теңізінің жағалауында орын алған жаппай балықтың қырылуы экологиялық апаттың белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы Ақтаулық тәуелсіз эколог, «ECOJER» қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақ мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Экологтың айтуынша, қазіргі таңда зертханалық сараптамалар тек теңіздің жағалауынан алынған сынамалармен шектеліп отыр. Ал бұл жағдайдың толық көрінісін ашуға жеткіліксіз.

«Балықтың жаппай қырылуы — теңіздің ластануының айқын белгісі. Ластану көзін нақты анықтау үшін оқиға орын алған аумақтың өзінен зерттеу жүргізілуі керек. Әйтпесе, басқа аумақтардан алынған сынамалар толыққанды нәтиже бермейді», – деді Қозыбақ.

Ол сондай-ақ Каспийде жұмыс істеп жатқан барлық мұнай компанияларын қатаң бақылауға алуды ұсынды.

«Мұндай тексерулерге міндетті түрде тәуелсіз экологтар тартылуы керек. Тек сол кезде ғана біз болашақта орын алуы мүмкін экологиялық апаттардың алдын ала аламыз», – деп атап өтті эколог.

Өз кезегінде «Qazaq Balyq» республикалық балық шаруашылығы және аквакультура қауымдастығының Маңғыстау облыстық филиалының директоры Данияр Акимжанов бұл экологиялық мәселе жаңа емес екенін айтты. Оның сөзінше, Каспийде соңғы екі-үш жыл ішінде ұсақ балықтардың ғана емес, су құстарының да қырылуы жиілеген.

«Негізінен жас каракоздар қырылып жатыр. Олар күзге дейін өсіп, аулануға жарамды деңгейге жетуі керек еді. Қазір су мен топырақтан сынама алып жатырмыз дейді, бірақ бұл жеткіліксіз. Қатаң әрі нақты шаралар қабылдануы керек. Тәуелсіз сарапшылар мен зертханалар тартылып, кешенді жұмыс қолға алынуы қажет», – деді Акимжанов.

Сондай-ақ ол эколог Қозыбақтың тек жағалаумен шектеліп қалмай, теңіздің басқа бөліктерін де қамту қажет деген пікірімен келісті.

«Аралдарды, Каспийдің солтүстік және оңтүстік бөліктерін де зерттеу қажет. Барлық аймақ тексерілуі тиіс», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында балықтың жаппай қырылуы тіркелген болатын. Маман­дар Форт-Шевченко қаласы маңынан су сынамаларын алып, сараптама жүргізіп жатыр. Зерттеу нәтижелері кейінірек жарияланады деп жоспарлануда.


Рекомендовать
Последние новости