Kaspi.kz акцияларын құлдыратқан зерттеуде не айтылды?

Dalanews 20 сент. 2024 10:53 7314

Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында бірден 16 пайызға құлдырады. Оған Culper Research компаниясының жасаған зерттеуі себеп болды. Онда Kaspi компаниясы америкалық инвесторлар мен реттеуші органдарды шатыстырып келген деген айып тағылған. Финтех-топ бұл зерттеу жұмысына қатысты ресми жауап беріп, жоққа шығарды. Даудың басы неден шыққанын, неліктен мұндай айып тағылып отырғанын Dalanews.kz тілшісі толығырақ тарқатты.

Зерттеу жұмысындағы басты мәселелер

Culper Research жасаған көлемді зерттеуде Kaspi.kz компаниясына қатысты негізгі қаржылық және саяси қауіптер тізілді. Оның ішінде Ресеймен арадағы байланысы Қазақстанға қауіпті екенін айтады. Атап айтқанда, зерттеуде былай делінген: «Мысалы 2022 жылдан бері Ресейден басын ала қашқан мигранттар мен санкцияның сергелдеңіне түскен тұлғаларға Kaspi карта рәсімдеу жеңілдеген. Туризм картасын ашқан адам саны күрт көбейіп, компанияның қаржылық көрсеткіші өскен. 2021 жылдың соңынан бастап Қазақстандағы резидент емес тұлғалардың депозиті 338%-ға артқан. Кіріс көзі ретінде өте жақсы болғанымен, екінші реттік санкцияларға ұшырау қаупі бар. Себебі Ресей экономикасы әлсіреп жатқандықтан, санкцияны айналып өтетін жолдың бәрі халықаралық қадағалаушылардың жіті бақылауында болады».

Kaspi рубльмен операция жасауға рұқсат бере ме?

Зерттеуде айтылған келесі мәселе —  Raiffeisenbank арқылы ақша жылыстату. Компания «ресейлік банктер арқылы аударым жасайды» дегенді ресми түрде жоққа шығарды. Бірақ зерттеуде Raiffeisenbank банк арқылы рубльмен операциялар жасалғаны айтылады. Ал бұл банк болса, қазіргі уақытта Ресейде жұмыс істеп тұрған аз банктің бірі. Әрі ақшаны жылыстату ісі бойынша тергеуде тұр. «Осы тұрғыдан алғанда Kaspi компаниясының қаржы жүйесіне халықаралық деңгейде үлкен қауіп бар. Егер байланыс толығымен ашылса,  Kaspi-дің халықаралық қаржы нарығындағы беделі мен болашағына нұқсан келеді» делінген зерттеуде.     

Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ге қандай қатысы бар?

Culper Research Қайрат Сатыбалдының Kaspi арқылы жүздеген миллион долларды жылыстатқанына баса назар аударған. Осылайша компанияның қаржы жүйесінде қылмыстық әрекеттер болған деп топшылаған. Зерттеуде былай дейді: «Сатыбалдының ісі тек Kaspi банкінің қаржылық әрекеттерін ғана емес, сонымен қатар компания құрылтайшыларының жемқорлыққа қатысын да көрсетеді. Бұл жағдай Kaspi-дің акционерлер тізіміне және олардың компаниямен байланысына қатысты көп сұрақ туындатады. Егер Kaspi-дің ішкі бақылауы осыған дейін әлсіз болып келсе, оның болашақта қаржы және құқықтық мәселелерге тап болатыны анық».

   Ресеймен тығыз байланыстың тағы бір ұшы

«Kaspi-дің ресейлік нарыққа шығуы банктік қызметтермен шектелмейді. Компанияның электрондық коммерция платформасы ресейлік клиенттер мен жеткізушілерге белсенді түрде қызмет көрсетіп жатыр» дейді Culper Research. Зерттеуде бірнеше ресейлік форум мен чатта Kaspi арқылы қалай сауда жасауға болатыны туралы кеңестер берілгені айтылады. Демек, көрші елдің нарығымен тығыз байланыс бар деген сөз дейді. «Kaspi ресейлік Smartix сияқты компаниялармен QR Pay жүйесін енгіземіз деп серіктестік орнатқан. Алайда бұл серіктестік ресми түрде жарияланбаған және АҚШ-тағы инвесторлар бұл туралы білмеген. Бұл әрекет компанияның Ресеймен байланысын жасыруға тырысып жатқанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, Kaspi ресейлік Yandex.Taxi сияқты компаниялармен де жұмыс істеп, Қазақстан нарығындағы үлесін сақтап келеді. Бұл байланыстар Kaspi-дің ресейлік нарықтағы ықпалы өте жоғары екенін көрсетеді, бірақ бұл байланыстар әшкере болса, компания үшін ауыр салдарларға әкелуі мүмкін» делінген зерттеуде.

Санкция салынуы мүмкін бе?

Culper Research Ресеймен арадағы байланыстың кесірінен Kaspi екінші реттік санкцияларға ұшырауы мүмкін дейді. «2024 жылы финтех-топ санкцияланған тұлғалармен жұмысын тоқтатуға мүмкіндігі бола тұра тоқтатпады. Егер осы байланыстар ашыла берсе, Kaspi-дің АҚШ-тағы және басқа халықаралық нарықтардағы орны айтарлықтай әлсірейді. Сондықтан халықаралық қаржы нарығындағы орнын сақтағысы келсе, компания стратегиялық қадамдар жасауы керек» деп қорытындылаған.   

Kaspi не деп жауап берді?

Culper Research жобасының зерттеуіндегі ақпараттарды фитнет-компания жоққа шығарды. Бұл жобаны @FINANCEkaz телеграм-арнасы биржадағы шорт-позициялардан табыс табу үшін осылай істейтіндердің әрекеті деп отыр. Ал Kaspi болса, есептің шындыққа жанаспайтынын айтты: «Бұл шабуыл Kaspі-дің Nasdaq биржасына сәтті шыққанына байланысты болуы мүмкін. Шортистер арасында беделіміздің артқаны сөзсіз. Бізді талай жылдан бері білетін инвесторлар абыройымыздың асқақ екенін жақсы біледі».

Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе әлеуметтік желідегі парақшасында былай деді: "Шорт-селлерлерге жылдам табыс табуға жәрдемдесу үшін жасалған әдеттегі шабуыл ғана. Есептің деректері анық емес, нвесторларды екіойлы қылу үшін әдейі жасалған. Лондон қор биржасында 2020 жылдан бері бармыз, жария компаниямыз. Жақында Nasdaq-қа шықтық. Талапқа сай, барлық ақпаратты уақытылы жариялап отырамыз. Жақында кеңейтілген заңды тексерістен өттік. Өнімдерімізге, есептер мен бағдарламалардың сәйкес келетініне және бақылау құралдарымызға сенімдіміз. Ұзақ уақытқа бағытталған стратегиямызға қарай әдеттегідей бағыт алып келеміз" деді ол. 

Еске сала кетсек, былтыр «шортистер» шабуылына Freedom Holding Corp. та тап болған еді. Hindenburg Research компания есебі жалған жасалды деп айыптаған. Кейіннен шетелдік тәуелсіз фирмалар тексеріс жасап, зерттеу жұмысындағы фактілердің жалған екенін анықтаған.   

 

  


Рекомендовать
Последние новости