Кәсіпкер: «Тутубаевтың мақсаты - мені түрмеге қамату»

Dalanews 13 мар. 2017 09:36 977

(Негізгі беттегі суретте Асқар Тутубаев. Фото интернеттен алынды)

 Өткен аптада баспасөзде кәсіпкер Қонай Масипханның Бас прокурор Жақып Асановқа жазған Ашық хаты жарияланды. Кәсіпкер хатында Асқар Тутубаев (Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары) пен оның інісі Бақытбек Тутубаевтан қысым көріп отырғанын жазып, Бас прокурордан араша сұраған. 10 наурыз күні осы іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Осы сотқа нақтылы мән-жайды білмекке бір топ журналист барған еді. Бірақ Тутубаев пен оның қорғаушылары журналистердің сот отырысына қатысуына қарсы болды. Олар журналистерге осы мәселе төңірегінде пікір білдіруден қашып, «Ашық хат жарияланған сайттарды жаптырып тастаймыз» деп те шүйлікті. Біз соттан кейін хат иесімен жолығып, мәселенің мән-жайын тереңірек білмекке тырысып көрдік. Егер екінші тарап дәл осындай сұхбат беруге келісер болса, олардың да уәжін тыңдауға әзірміз. Келесі сот отырысы 15 наурыз күні Іле аудандық сотында өтеді.

 

[caption id="attachment_24630" align="alignleft" width="275"] Асқар Тутубаев[/caption]

– Қонай Масипхан мырза, Сіздің ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановқа жазған Ашық хатыңызды оқыдық. Оқиғаның мән-жайымен жітірек танысу үшін өзіңізден сұхбат алғанды жөн санап отырмыз. Бізге нақтылы болған жайды егжей-тегжейлі баяндап берсеңіз жөн болар еді.

– Бұл оқиғаның басталғанына 10 жыл болды. Соңғы екі жыл бойы тергеу мен сот арасында салпаңдаумен келемін. Талайға үміт арттым. Кейбір белгілі тұлғалардың өзі «бәрін әділдікке жеткізбей тынбаймыз» деп уәде берді... Бірақ, көбінің ойлағаны менің әділдікке жетуім емес, өздерінің қу құлқыны екенін кеш аңғардым. Ақша, ақша, тағы да ақша керек... Соларға сенем деп, онсызда шамалы қаржымды түгеттім. Ақыры, амалдың жоқтығынан баспасөзге жүгінуге тура келді. Сондықтан қандай сұрақ болса да жауап беруге әзірмін.

– Қазақстанға қашан, не мақсатпен келдіңіз?

– 2004 жылы келдім. Мақсатым тарихи отанымды көру, мүмкін болса осында қалу, адал еңбегіммен өмір сүру еді.

– Естуімізше, ол жақта белгілі кәсіпкер атаныпсыз. Бұл жаққа келген соң да бизнеспен айналыстыңыз ба?

– 2000 жылдан бастап жеке кәсіппен айналыстым. Оған дейін музыкант маман ретінде қызмет атқарғам. Атамекенге көшіп келгенде де кәсіпкерлікті тастағам жоқ. Қайта жаңа мүмкіндіктер ашылды. Екі ел арасындағы саудаға бірден араласып кеттім. Одан бұрын Үрімжі қаласына барып, сауда істеген біраз кісілермен де танысып үлгерген едім. Бұл жаққа келген соң олармен етене араласа бастадым.

– Қытайда жүргенде қайырымдылық шараларын қолға алыпты, ел-жұртқа көмектесіпті дейді кейбір таныстарыңыз. Рас па?

– Істеген азын-аулақ шаруаны айтып мақтанғым келмейді. Мен сөзге шорқақ жанмын. Өзімнің туған жерім Күнес ауданы Аққой ауылынан мешіт салдырдым. Өнер жұлдыздарына, спортшыларға да қолымнан келген көмекті аяғам жоқ. Осы жақтағы белгілі спорт мамандары мен көмекке зәру жандарға да шама-шарқымша қаржылай көмектескенмін. Оның бәрін айтып жатудың реті жоқ шығар.

– Ашық хатыңызда аты аталған Асқар Тутубаевпен қай кезде таныстыңыз?

– Ұмытпасам, 2003 жылы болса керек. Асқар Үрімжіде жүр екен. Сауда жасайды. Сол кезде таныстым.

– 2004 жылы елге келген соң Асқар Тутубаевпен кезіктіңіз бе?

– Иә, ол маған бірігіп кірпіш зауыт ашсақ деген ұсыныс жасады. Мен бірден келістім. Кірпіш зауытының бүкіл техникасын алып келдім. Зауытты құрастыратын, жүргізетін мамандарды да шақырып, іске қосылғанға дейінгі барлық шаруаларды ойдағыдай істедім.

– Зауыттың қаржысын кім шығарды?

– Негізгі бөлігін Асқар Тутубаев шығарды. Мен сол жылы 3 зауыт әкелдім. Шамалғаннан да кірпіш зауытын құрдық. Қалған екеуіне Асқардың қатысы жоқ.

– Зауытта үлесіңіз болды ма?

– Ауызша келісім бойынша түскен пайданың белгілі бір бөлігін беретін болып уәде еткен. 2006 жылы зауытты басыбүтін Асқардың өзі алды.

– Осы кезде реніш болған жоқ па?

– Аздаған реніш болды. Бірақ үлкен дау-дамай, бірімізді біріміз қаралау болмады.

– Асқар Тутубаевпен одан кейін де араласып тұрдыңыз ба?

– Иә. Мен Асқар арқылы оның айналасының бәрімен араластым десем де болады. Үрімжіге оның достары, таныстары барса, мені іздейтін. Кейбірі бизнеспен, енді бірі жеке шаруаларымен барады.

[caption id="attachment_24634" align="alignright" width="308"] Бақытбек Тутубаев[/caption]

– Бақытбек Тутубаевты бұрыннан танисыз ба?

– Ол Асқардың туған інісі. Мен Асқармен жақсы араласқандықтан, оны да танимын. Үрімжіге сауда жасап барып жүретін. Екеуара араластығымыз көп болған жоқ.

– Сіздің басыңызды дауға қалдырған мәселе 2007 жылы Қытайдан цемент әкелуге алған 60 000 АҚШ доллары екен. Оны кімнен алдыңыз?

– 2007 жылдың жаз кезі болатын. Асқар хабарласып, осынша қаржыға цемент әкеліп беруімді сұрады. Мен келістім. Ақшаны Асқардың қолынан алдым.

– Сіздің үстіңізден арыз берген Бақытбек Тутубаев екен. Оның сөзінше, Сізге ақшаны Бақытбек беріпті. Солай ма?

– Жоқ. Ақшаны Асқардан алдым. Ортамызда ешкім болмады. Егер мен ақшаны Бақытбектен алған болсам, 2009 жылы жазған қолхатымда неге ақшаны Асқардан алдым деп көрсеттім? Меніңше, Асқар Тутубаев қазір мемлекеттік қызметкер болғандықтан, інісі арқылы мені сотқа беріп отыр.

– Ақшаны алыпсыз. Оны мойындап отырсыз. Ендеше, бұл дау қайдан туындады?

– Ақшаны алған соң 20 күн өтер-өтпестен Асқар хабарласып, цементтің арзандап кетті, цемент керек емес, ақшаны дереу қайтар деп бұйрық берді. Мен ол кезде цементтің ақшасын зауытқа төлеп, вагонға заказ беріп қойған едім. Ол ақшаны қайтару қиын екенін айттым. Ол көнбеді. Осыдан реніш басталды.  

– 2009 жылы інісі Бақытбекке ағасы Асқардан алған 60 мың долларды екі бөліп қайтарып беруге келісетініңізді айтып, қолхат жазып беріпсіз. Неге бұл ақшаны уақтылы қайтармадыңыз?

– Шынымды айтсам, дәл сол 2008 жыл менің қарызды қайтаруға мүмкіндігім болмады. Оның үстіне олардың айғай-аттаны да жыныма тиді. Ерегес болды...

– Қолхат берген кезде Бақытбек Тутубаев өзі жалғыз болды ма?

– Жоқ. Қасында белгілі бір адамдар болды...

– Ақшаны айтқан уақытыңызда қайтардыңыз ба?

– Айтқан уақытымнан бұрын қайтардым. Үшаралдық Баха деген жігіт бар еді. Осындай шаруаларды бітіретін. Ықпалды жігіт. Сол бір күні хабарласып, өзіне Асқардың жігіттері келгенін, қарыз ақшасын қайтарып беруді тездетуімді сұрады. Мен Қытайдағы Алтай аймағы Жеменей ауданында жүргем. Бір аптадан кейін Үрімжіге барғанда беретінімді айттым. Тура бір апта өткенде ол хабарласты. Мен ақшаның дайын екенін жеткіздім. Үш жігіт джиппен келіп алып кетті. Олардың аты-жөнін де сұрамаппын. Бахаға хабарласып, келген жігіттерге ақшаны толық бергенімді айттым. Ол осымен Асқар Тутубаевтың мәселесі шешілгенін жеткізді. Дәл сол кезде Асқарға телефон шалып, ақшаны Баханың жігіттері алып кеткенін хабарлағам.

– Қолхатты неге қайтарып алмадыңыз?

– Аңғалдығым, сенгіштігімнің кесірі. Ол кездегі сауданың көбі заңсыз жасалушы еді. Бірімізден біріміз ақшаны қолхатсыз алып, уақтылы қайтарып жүре беретінбіз. Сондай-ақ, Баха сөзінде тұратын азамат еді. Ол араласқан шаруа бұлай ушығады деп ойлаған жоқпын. Асқар екеуміз одан бұрын да талай ақша алып, ақша беріскенбіз. Алған ақшасын алмадым деп айтады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеді.

Айтпақшы, ол қолхат латынша «жаңаша әріппен» жазылған. Қытайда 1970 жылдары латын алфавитімен жазатынбыз. Мектепті сол жазумен бітіргем. Мен сол қаріптермен Асқардан цемент жеткізіп беру үшін 60 мың доллар алғаным рас. Ол ақшаны енді мынша уақытта қайтарып беремін деген негізде қолхат бердім. Егер Бақытбектен алған болсам, онда сол жолы менен қолхатты неге өз атына жаздырмады? Осыдан-ақ бұл дау Асқар екеуміздің арамыздағы кикілжің екенін әйгілеп тұрған жоқ па?

– Үшаралдық Баханы бұрыннан танушы ма едіңіз?

– 2008 жылы танысқам. Уәдесінде тұратын, айналасына екі сөйлемейтін жігіттерді топтастырған азамат еді.

– Ал бұл дау қайтадан қай жылы басталды?

– 2015 жылы 15 сәуірде Алматыдағы «Апорт» сауда орталығына барғанмын. Сол жерде мені полициялар ұстап әкетті. Не болды десем, ештеңе айтпайды. Ең соңында ГРЭС-тегі (Іле ауданы) полиция бөлімшесіне алып келді. Сол кезде Бақытбек Тутубаевты көрдім. Ол «Сен маған қарызсың. Осы кеткенің кеткен. Сені түрмеден ешкім құтқара алмайды» деп айғайға басты. Сонда үш күн тергеуде отырдым. Олар менің 2009 жылы берген қолхатым негізінде үстімнен арыз жазыпты. Бақытбек Тутубаев тергеушінің көзінше мені ұрып-соғып, 92 мың долларға қарызбын деп қолхат жазып бер деді. Амалсыз соның айтуы бойынша жазып бердім. Үш күннен соң кепілдікке мініп жүрген джип машинамды және қытай паспортын қойып босап шықтым. Содан бері екі жыл өтті. Тергеуден кейін іс сотқа жетті.

– Бақытбек Тутубаевтың ұрғаны шын ба?

– Шын. Тергеушінің көзінше ұрды.

– Тергеуші ештеңе демеді ме?

– Жоқ. Қарап отырды. Жалпы, тергеу біржақты жүрді. Тутубаевтар не айтса, мені соған көндіруге тырысты.

– Адвокат жалдадыңыз ба?

– Таныстар арқылы бір адвокат таптық. Ол орыстілді болды. Тергеуші де орыстілді. Олардың сөзін аудармашы арқылы біліп отырдым. Сол тергеу кезінде бұра тарту, маған түсініксіз жайттар өте көп болды. 

– Егер тергеу кезінде ұрған болса, кепілмен босаған соң неге емханаға қаралып, справка алмадыңыз?

– Ақыл көрсететін ешкім болмады. Мен бұл жақтың заңынан бейхабармын. Оның үстіне, шынымды айтайын, есім шығып кетті.

– Сіз әлі Қытай азаматысыз ба?

– Иә. Ықтияр хат алғамын. Отбасым, бала-шағам Қытайда тұрады. Екі жыл болды, ол жаққа бара алғам жоқ.

– Тергеу кезінде тағы 3 арыз түсіпті үстіңізден. Оларды танисыз ба?

– Шаханова есімді кісіні танитынмын. Елге танымал ақын Мұхтар Шахановтың әйелі. Қытайға барып, сауда жасап жүретін. Ол менің үстімнен 2008 жылы Қонай менен 5 мың доллар қарыз алып, қайтармай кетті депті. Сол кезде тергеушілерге айтып түсіндіре алмадым, мен 2008 жылы паспортымның жарамдылық мерзімі бітіп, Қытайда жүрдім. Қазақстанға келгем жоқ. Ал Шаханованы талай күтіп алып едім. 2015 жылы ауырып жатыр дегенді естіп, көңілін сұрап та барғанбыз. Қалбалақтап, рахметін айтып қалған. Көп өтпей менің үстімнен арыз жолдапты. Тутубаевтар әулеті бірін бірі жақсы таниды...

Екінші арызданушы Сабиля Бекмұхамбетовадан мен 2007 жылы 7 айдың 10 күні 40 мың доллар қарыз алып, қайтармаппын. Оның сөзінше, бұл ақшаны оның күйеуі Ержан Астанадан телефон шалып, Қонайға бер депті. Ешқандай қолхатсыз мен 40 мың долларды алыппын да, сол күйі хабар-ошарсыз кетіппін.

– Ержанды танушы ма едіңіз?

– Асқар арқылы танысқам. Жақсы жігіт еді. Қытайға барған сапарында ішкі Қытайды аралатып, шығарып салғанмын. Бірақ ол бизнесмен емес еді. Екеуміздің арамызда ешқандай саудалық қарым-қатынас болған емес. Шынымды айтайын, оның екі-үш әйелі болды. Алматыда жүргенде үйіне шақырған. Барғаным рас. Бірақ ақй әйелінің үйіне барғанымды білмеймін. Мына Сабиля оның қай әйелі екені есімде жоқ. Тіпті, түрін де танымаймын. Ержан 2007 жылы қайтыс болып кетіпті.

– Үшінші арызданушы кім?

– Асқар Жолтабаров деген азамат. 2007 жылы мен одан 82 мың доллар ақша алып, оған цемент жібергем. Ол ақшаны Үрімжіге Нұрбол есімді жігіт маған апарып берген. Мен уәделі уақытта 6 вагон цемент жеткізіп және асқан қаржысын (20 мың доллар) қайтарып бергемін. Ол болса маған 2 вагон цемент, 15 мың доллар ғана берді деп, тағы 49 мың доллар сұрап отыр.

– Бұл азаматты қайдан танисыз?

– Асқардың таныстары арқылы танысқам. Шынымды айтайын, ол кезде бәрі Қытайдан тауар алдырып, бизнес жасап жатқан кез. Біреумен таныссаң, екінші біреу жолығатын. Таныстардың таныстары арқылы сауда жасаған кезіміз көп болды.

– Бұлардың қолында қолхат бар ма?

– 2015 жылы үш күн абақтыда отырып шыққан соң зар еңіреп Нұрбол деген жігіт хабарласты. Жолықтық. Маған Жолтабаровтың ақшасын Үрімжіге жеткізген жігіт. Өзінің 4 баласы бар екенін, ақшаның иесі қысым жасап жатқанын айтып, маған сол ақшаны тапсырып алдым деп қолхат жазып берсеңіз деп жалынды. Ақшаны сол жігіттің қолынан алғаным шын. Бірақ оған тауарын және артылған ақшасын жібергем. Ана жігітке жаным ашып ақшаны сол жігіт арқылы алғанымды жазып бердім. 2015 жылы. Қолхаттың қай кезде жазылғаны көрсетілген.

– Басыңызға ауыр іс түскенін біле тұра неге олай жасадыңыз?

– Әділдік бар деп ойладым. Үрімжіден цементке сол жылы төлеген ақшамның түбіртегі бар. Олар екі вагон деп отыр. Менің 6 вагон жібергенім шындық. Шын тексерсе, ол шығады.

Кейде сол қолхатты неге жазып бердім деп өкінемін. Менің елге жаным ашығанымен, олардың маған жаны ашып отырған жоқ.

– Егер жазықсыз болсаңыз, бұлар неге Сіздің үстіңізден арыз берді?

– 2015 жылы мен ұсталған соң 3 күн өтпей бұлар да арыз беріп үлгеріпті. Бірінен бірі естідік дейді...

– Сонда бұл әдейі құрастырылған сценарий дегіңіз келе ме?

– Солай демеске лажым жоқ. Мені ауыр қылмыскер, талай жұртты сан соқтырған алаяқ етіп көрсеткісі келеді.

– 2009 жылдан кейін Қазақстанға келдіңіз бе?

– 2009-2015 жылдар аралығында жылына 100 рет келіп-кеткен кездерім болды. Кен өндірісімен айналыстым. Қытайдан инвестор әкеліп, алтын кен өндіретін зауыт құруды қолға алғанбыз. Амал нешік, мына іс қозғалған соң инвесторлар қайтып кетті. Өз басым татада қалды. Осы істің салдарынан «Ұлытау», ТОО «КНК сервис» деген екі компанияға бұғау салынды. Екеуінің де негізгі акционері мен едім. Бұл компанияларды құру, жұмыс бастауға дайындық кезіндегі миллиондаған ақшамның желге ұшқанын айтпай-ақ қояйын, кен өндіретін аумақты мемлекеттен алғанмын. Заңды түрде. Екі жыл ішінде зауыт құрылып, жұмыс бастамағандықтан, оны да мемлекет қайтарып алды.

– 2009-2015 жылдары Қазақстанға кіріп-шығып жүрген болсаңыз, Асқар Тутубаев мырза сол кезде неге тұтқындатпаған?

– Егер шын қарыздар болсам, мені сол кезде-ақ тұтқындатуына болар еді. Мен Алматыға сан мәрте келдім. Тіпті, мұнда айлап жүрген кезім болды. Олар сол кезде неге мені іздемеді? Менің өз ойымша, олар әлдебір ортақ таныстарымыз арқылы менің ірі жұмыстар істеп жатқанымды біліп, соны алғысы келді ме деп ойлаймын...

– Сізді тергеу кезінде Асқар Тутубаевтың өзі келді ме?

– Келді. Ол да інісі Бақытбек Тутубаев секілді доқ көрсетіп, сені қаматамын, барлық дүние-мүлкіңнен айырыласың деумен болды. «Саған керегі ақша болса, 60 мың долларыңды тағы берейін. 92 мың доллар алам десең де берейін. Бұлай ушықтырмайық» деп екі рет бөлек шақырып айттым. Ол келіспеді. «Құртам, суалтам» деумен болды. Ол осы ақшаны төлейсің және түрмеге түсесің деп кесетті. Інісі болса құрықтарының ұзын екенін, ағасының мәнсабы бұдан да биікке өсетінін айтып, үнемі қорқытумен келеді.

Тергеушілер де "ақшасын төлеп бере сал, сосын ары кетсе 7-8 жылға кесілесің, 3-4 жылда құтылып кетесің" деп "ақыл" айтты.

– Олар сонда неге сонша өшігіп отыр?

– Білмеймін. Ерегес, керісу болды арамызда. Бірақ дәл осындай қастық сайлайтындай бас жарылып, көз шыққан жоқ еді...

– Ұсталған соң үшаралдық Бахаға неге хабарласып, куәлікке тартпадыңыз?

– Оларға дереу жігіттер арқылы хабарластым. Мен үш күн тергеуде отырғанда Қонарбай деген жігіт ақшаны Үрімжіден алып, Асқар Тутубаевқа әкеліп бергеміз деп қолхат әкеліп беріпті. Оны менің сол кездегі адвокатым бір айдан кейін тергеу ісіне тіркеген. Неге кешіктіргенін білмеймін. Кейін кепілмен босаған соң Баханың өзіне хабарластым. Астанада жүрмін, дүйсенбі күні барамын, үш адам куә болады деді. Сол аптаның соңында сенбі күні Баха жол апатынан қайтыс болып кетті деген суық хабар жетті. Кейін естуімше, Қонарбай деген жігіт өз сөзінен жалтарыпты. Ақшаны алған жоқпын, ол іске қатысым жоқ депті. Баха тірі болса, өйтпеген болар еді...

– Сол қолхат берген Баханың жігітін көрсеңіз танисыз ба?

– 2009 жылы болған оқиға ғой. Үш жігіт болатын. Түстерін де танымаймын, аттарын да білмеймін. Қонарбайдың қолхатын өз көзіммен көргем жоқ.

– Баха жоқ болса, оның айналасындағы азаматтар бар шығар осы оқиғаны білетін. Олар іске араласпай отыр ма?

– Араласқысы келмейді. Баханың інісі, қасындағы жақын жүрген достары бұл оқиғаның мән-жайын жақсы біледі. Бастарын алып қашып жүр.

– Егер ақталып жатсаңыз, қандай жұмыспен айналысар едіңіз?

– Ең бірінші кезекте марқұм анамның басына барып, құран бағыштар едім. Осы дауға басым шатылған кезде ол кісі бақилық болды. Топырақ сала алмадым. Ары қарайғы шаруаны содан кейін көрер едік.

– Ашық хатыңыз Бас прокурор Жақып Асановтың назарына ілігіпті деп естідік. Соттың әділ өтеріне сенімдісіз бе?

– Әрине. Бірінші сот отырысы кезінде Алматы облыстық соттан арнайы адамдар келіп, хатымызбен танысқанын айтып, істің әділ өтуін қадағалайтындарын жеткізді. Мен елімізде әділдіктің барына сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі кәсіпкерлерге жағдай жасауды, олардың құқын қорғауды тапсырып келеді. Менің жанайқайымды жоғарыдағы шенді, ықпалы кісілер естиді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Т. ӨСКЕНБАЙ.


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости