Камалиденов "маскүнемдер" мен "нашақорларды" қолдан жасады – қазақ қаламгері

Dalanews 15 дек. 2020 17:03 1720

Редакциядан: Желтоқсан оқиғасы – қазақтың жазылмаған жан-жарасы. Осы тақырыпты талай жылдан бері қаузап келе жатқан қаламгер Қайым-Мұнар Табеевтың Dalanews.kz-ке ұсынған зерттеу мақаласы Желтоқсанға жаңа қырынан қарауға жол ашады деп ойлаймыз.

Шаң басқан архивтердегі «аса құпия» құжаттарға қол жеткізген қаламгердің бұл еңбегі бірнеше бөлімнен тұрады. Әліге дейін саяси бағасын ала қоймаған Желтоқсан көтерілісінің тарихына қатысты тың мәліметтер осы мақалада бір арнаға тоғысып, оқиғаның өрістеуі мен кемеліне келген шақты оқырманның ой елегінен өткізеді.

(Жалғасы. Басы мұнда → dalanews.kz

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, Журналист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі    



 

Бір адам Қонаевтың кетерін күні бұрын білді


Мен Желтоқсан дүрбелеңін қаншалықты мұқият зерттеп жүрсем де, осы уақытқа дейін кішкентай бір детальға назар аудармаппын.

Қазақстанда біріншінің ауысатынын Саяси бюро мүшелерінің ішінен ең алғашқы болып партия ОК хатшысы, қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Камалиденов естіп, біліпті.

«Димаш Ахметұлымен түсте тамақты бірге ішеміз, сонда (Колбин – авт.) келерден бір күн бұрын айтқаны: «Ертең бірінші хатшылыққа басқа жақтан адам келеді» деді. Бітті. Басқа ешкім ештеңе білмейді. Сондықтан мен мына кітапта жаздым: «Желтоқсан оқиғасы – бұл Горбачевтің жіберген үлкен қателігі. Нақтылап айтсам, Қазақстанға Колбинді бірінші хатшылыққа жіберуінің өзі ағат қадам еді, себебі  ол республиканы білмейді» деп ағынан жарылыпты Камалиденов. («Аңыз адам» журналы, №12, 2010 ж.).

Бұл арада «үлкен ағаттық» деп өзінің тағайындалмай қалғанын айтып отырғаны аңғарылады.  Ол кезде Қазақстандағы жоғары биліктен үміткер төрт адамның аты жиі аталып жүрді.

Олар: Зақаш Камалиденов – Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы, Еркін Әуелбеков – Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы және Саламат Мұқашев – Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы.


Мәскеудің көзіне түсудің орайын құр жібергісі келмеген алғашқы үшеуі 1985 жылдың 6 ақпанында өткен партия съезінде Қонаевты аяусыз сынап та үлгерді.

«Назарбаев бұл іске жанын сала кірісті, - деп жазады журналист Лиза Бричкина. – Съездің алғашқы күні-ақ ол күні кеше өзінің жебеушісі болған адамды республика экономикасын құлдыратты деп айыптады». («Профиль» журналы, 06.12.1999 ж.).

Ал, өзін қолдап, билік баспалдақтарына әкелген Қонаевқа айтылған сынның қатты тигенін "Личность" атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев та мойындайды.

"...Жастық максимализммен айтқан сынымды түсіне алмады. ...Бірақ мен бір жайтты, өз заманының шын мәнінде ірі тұлғасы, ширек ғасырға жуық түрлі жоғары қызмет атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев психологиялық тұрғыдан және жасына байланысты (ол кезде 70-тен асқан еді) жаңа жағдайларға бейімделе алмағанын ескермеппін" деп жазады.

Иә, болары болды. Өзі тәрбиелеп өсірген ізбасарларының жасы келген кезде жан-жақтан талағанына ренжіген ақсақал «Орныңызға лайықты кім бар?» деп Горбачев сұрағанда, ешкімнің атын атамауын енді түсіндік.

Қонаев ел тағдыры сынға түскен ауыр сәтте, ұлт қамын ойлаудын гөрі өзінің пендешілік пиғылынан аса алмапты.

Қазақстанның жоғарғы басшылығындағы осындай саяси ішкі тартысқа қарамастан, Мәскеу жергілікті кадрлардың тамырын басып көруді тоқтатқан жоқ.

«Бірінші хатшылыққа үміткердің біреуі сіз болдыңыз емес пе? - деген тілші сауалына Камалиденов: «Иә, үміткердің біреуі мен, ал Мәскеуден әңгімеден өткен жалғыз мен ғана» деп жауап қайтарған.

- Солай ма?

- Үміткер төртеуміз – Әуелбеков, Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев. Осы тізім Разумовскийдің үстелінде жатыр дейді...» («Аңыз адам» журналы, №12, 2010 ж.).

Яғни, Саяси бюро мүшелерінің арасынан Қонаевтың орнына бөтен адам келе жатқанын бірінші болып Камалиденов естіген болып шықты.

Желтоқсан оқиғасы кенеттен басталған жоқ, оған Қамалиденовтің қатысы болуы мүмкін




Ал, екі адам білгенді екі рулы ел білетінін кім жоққа шығарады? Ендеше, Желтоқсан оқиғасының кенеттен басталмағаны, оған Орталық комитет хатшысы, МҚК генералының қатысы болуы мүмкін деген тұжырымды айтуымызға негіз бар деп ойлаймыз. Себеп – партия басшылығына Мәскеудің сырттан адам әкелуі. Камалиденовтың жолын байлауы.

Мен Мұхтар Шаханов басқарған Парламенттік комиссияның сарапшылар тобында жүргенімде, «ақ «Волга» мінген белгісіз адамдардың» жастар жатақханаларын аралап, үгіт жүргізгенін талай рет естідім. Оған мән бермегенім де рас.

Ал, енді ойлап қарасам, 17 желтоқсанда таңғы сағат 8 жарымда алаңға студенттердің жиналуы кездейсоқтық емес екен. Комиссия алаңға ең бірінші болып Алматы театр және өнер институты, КазГУ, СХИ, АЗВИ студенттері шыққанын анықтады.

Кеңестік студенттердің қазіргі студенттерден бір айырмашылығы – олар «октябрят-пионер-комсомол» ұйымдарында тәрбиеленіп, белгілі бір тәртіпке үйренген. Біреулер көз жеткізе сендіріп айтпаса, өз беттермен жиын өткізуге, көшеде ұрандатуға бара қоймайды. Бұл коммунистік идеологияға жат нәрсе. Сондықтан, оларды бір түн ішінде митингіге дайындау, “Лениндiк ұлт саясаты жасасын!”, “Әр республикаға – өзiнiң басшысы!” сияқты плакаттарды әзірлеу оңай шаруа емес. Тиянақты ұйымдық жұмыстың нәтижесі екені анық. Алғашқы шерушілер тобымен байланыс орнатуға барған, мәлімет жинақтаған да “үш әрiптің” адамдары.

Парламенттік комиссия материалында мынандай бір елеусіз ақпарат бар.

16 желтоқсан күні түнге қарай Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнің кезекші пултіне қазақ студенттерінің Пленум шешiмiне наразылық ұйымдастыруға әрекеттеніп жатқаны туралы алғашқы мәлімет келіп түскен.


Бұл туралы Орталық Комитетке хабарланған Бірақ, бірінші хатшыға жетпеген. Оны орта жолдан ұстап қалған кім? Әрине, идеология жөніндегі орынбасары Камалиденов!

Қолдан сусып бара жатқан биліктен айырылып қалмау үшін оған дәл осы бүліншілік ауадай қажет еді.

Желтоқсан оқиғасын зерттеген Парламент комиссиясындағы Зақаш Камалиденовтың түсiнiктемесiнен:

“Таңертеңгiлiк 9.00-де мен Оталық Комитеттiң бөлiм меңгерушiлерi А.Устинов, Е.Асанбаев, К.Смайыловты ақылдасуға шақырдым. Бiз терезеден Брежнев алаңы жақтағы тас мiнберге таяп келе жатқан 150-200-дей кiсi шоғырын көрдiк. Шақырылғандардың ешқайсысы да алаңдағы болып жатқан жиынның мәнiсiнен хабардар емес екен. Мен бөлiм меңгерушiлерiне өз қызметкерлерiн алаңға жiберту жайында шұғыл тапсырма берiп, сонан соң Шулико, Меңдiбаев, Князев, Мирошникке телефон шалдым. Бұл кезде мiнбердiң маңайына басқа да адамдар топ-тобымен келе бастады. Бiрiншi хатшының терезесiнен алаң мүлде көрiнбейтiндiктен, Г.В.Колбин жолдас идеология хатшысы отырған бөлмеге (Камалиденовтың кабинетiне – Авт.) шақырылды».

Жергілікті жағдайдан хабары аз жаңа басшылық алдында бар-жоғы екі жүз адамдық шоғырдың іс-әрекетін осыншалықты үрей туғызардай етіп көрсетудің не қажеті болды? “Колбинге қазақтар қарсы болып жатыр!» дегенді ұғындыру үшін бе?



Әрине, тек сол үшін. Камалиденовтің түпкі көздегені – Кремльдің асығыс қабылдаған шешімін өзгерттіру болғанында шәк жоқ.

Ендеше, бір күнде алаңға лап қойған студент жастардың бір қарағанда стихиялы көрінетін шеруін сырттай бағыттап, бақылап, қадағалап отырған Камалиденовті «Желтоқсан оқиғасын тұтандырушы, нөмірі бірінші арандатушы» деп жорамалдауға болады.

Бұған МҚК генералының қабілет-қарымы, тәжірибесі, мүмкіндігі, айласы да жетіп артылады. Оның Ауғанстанға жіберсең де құпия операцияны ың-шыңсыз өткізе алатын сенімді жансыздары тапсырманы өте шұғыл, мұқият орындағанын аңғаруға болады.

Қазіргі күні «Жастарды алаңға мен алып шықтым. Жатақхананы мен араладым. Плакаттарды мен жаздым» деп, кеуде соғып жүргендер көп. Оларға сене беруге болмайды.


Құпия тапсырманы орындағандар бұйрық беруші бастығының келісімінсіз ешуақытта өзін-өзі әшкерелемейді. 60 мыңдай адамды жинау, түн қараңғысында жүк көліктерімен алаңға жәшік-жәшік арақ жеткізу, наркотик тастау, оқ-дәрі, ракетница тиелген әскери машинаны қалдырып кету сияқты арандатушылық әрекеттер жай адамның қолынан келмесі анық. Менің архивімде Желтоқсан кезінде ерлік көрсеткендері үшін орден, медальмен, грамотамен марапатталған 5 мыңдай прокуратура, ішкі істер, қауіпсіздік қызметкерлерінің тізімі жатыр.  Марапатқа ұсынылатындар партияның ОК келісімімен ғана әзірленетінін ескерсек, Камалиденовтің жансыздары да осы тізімде болуы ықтимал.

Куәгерлер...


Раушан Қаһарманова (Байсейiтова көшесiндегi 42-үйдiң тұрғыны): “17 желтоқсан күнi кешкiлiк алаңдағы кiтап дүкенiнiң дәл жанында жүк машинасындағы бiреулер жәшiк-жәшiк арақ түсiрiп, келген жұртқа үлестiрiп жатты.

Алғашында сатылып жатыр ма деп ойлаған мен, жақындау барып қарап тұрып едiм, бiр дәу еркек “Саған не жоқ!” деп бажылдап, итерiп жiбердi. Бiр бұрышта (құймақ таситын) шағын машина тегiн темекi үлестiрiп жатыр… Сiрә, жастарды әдейi мас қылғысы келген арам ниеттi бiреулердiң iсi болса керек”.(Қ.Табеев, «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптан).

Үш күнгі дүрбелеңде Мәскеудің келісімімен орталық жаңа алаң қанға боялды. Челябі, Новосібір, Свердлов, Уфа қалаларынан арнайы бас кесерлік жаттығудан өткен әскер алдырылды.

Колбиннің бұйрығымен көшеге қалың әскермен бірге 16 мыңнан астам жұмысшы жасақшысы шықты. Оларды арнайы бөлінген автобустармен алып жүрді. Жұмысшы жасақшыларын ұйымдастыруға М.Меңдiбаев пен қалалық комитеттің 1-ші хатшысы Г.Шулико тікелей жауапты болды.

Алматы электр техникасы зауытының бұрынғы директоры Еркiн Қадыржанов былай дейді:

“17 желтоқсанда мен зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы шұғыл бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшiн оларға арматурадан арнайы темір кесіндісін қиып беру ескертiлдi”.

Қазақ ССР Ішкi iстер министрлiгiнiң анықтамасынан: “18-25 желтоқсан аралығында iшкi iстер бөлiмдерiне 883 студент, 1163 жұмысшы, 49 қызметкер, 164 училище оқушысы, 102 жұмыссыз әкелінді. Оның 1214-і ВЛКСМ мүшесi, 54-і СОКП мүшесі”. Бұлардың барлығының қылмыстық ісіне «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген таңба басылды. Итке таланды.

Бидахмет Жәмiшев, Ұлы Отан соғысының ардагерi, зейнеткер:

“Мен Алаңға таяу Абай проспектiсiнiң бойында тұрамын. 17 желтоқсаннан 18-не қараған түнгi екiлер мөлшерiнде қыздардың у-шуынан оянып кеттiм. Балконға шықсам, еңгезердей милиционерлер бiр-бiр ит жетектеп, қыздарды қуып бара жатты. Көше жарық едi, иттердi санасам – тоғыз екен. (Қ.Табеев, «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптан).

Куәгер Ләйлә Құспанова:

«Кешке таяу алаңға сіңіліміз екеуміз келіп, бір шетте қарап тұрдық. Толқу өте күшті екен. Әскер де көп. Кенет, екі қанатта тұрған милиционерлер бізге қарай лап қойды. Біз қашып үлгере алмай қалдық. Бетімізге, ішімізге, бүкіл денемізге ауыр соққылар тиіп жатыр. Етік пе, дубинка ма, айырудан қалдық. Бір кезде есімді жисам, алаңда қар үстінде жатыр екем. Қасымда сіңілім жылап отыр. Айналамыз толған жаралылар...».

Ұсталғандардың бірі ғалым, публицист Сәбетқазы Ақатаевтың түсініктемесінен:

«17 желтоқсанда бесін ауа сағ. 17-лерде алаңда болдым. Суретке түсіп қалыппын. КГБ қызметкері М.Танекеев деген тергеді. Сол күні алаңнан депутат Әзірбайжан Мәмбетовті көрдім. Оңбай таяқ жеген. Бірақ, қазір неге үндемейтінін білмеймін...». Депутат Мәмбетов не деп үндеуі керек? Ол алаңға кездейсоқ барған болса.

Сол секілді алаңға қызық үшін барған оқушылар немесе бала-шағасын іздегендер де уақытша ұстау изоляторына тоғытылып жатты.

Оны прокуратурада қызмет істеген С.Жақыповтың мына әңгімесінен байқайсыз. «Маған қамалған азаматтардың тізімін әкеліп берді, бірақ олардың не үшін ұсталғандары туралы ешқандай да хаттама толтырылмағаны белгілі болды. Тізімді қарасам, негізінен жастар, соның ішінен 12 жастағы Байғазинов деген жасөспірім, 15 жасар орыс қызы Горбунова дегеннің отырғандарын көріп, милиция бастығына айтып, үйлеріне босатқызып жібердім».

Мәселенің ақ-қарасын ажыратпастан 1986 жылдың 17 желтоқсан күні өткен Саяси ағарту үйіндегі түнгі жиналыста Камалиденов:

“Арандатушы элементтер өз соңдарынан жастарды елiктiрiп, ертіп алды. Олар наша мен шараптың буына масайған нағыз махровый ұлтшылдар  едi” – деп айдай әлемге жар салды. (Орысшасы «махровый национализм» деп аталатын  қарғыс таңбалы сөзi арқылы ол қазақ халқының алдында мәңгілік қарабет атанды. Әрине, өзі ақталғандай, мұны Мәскеу айтқызуы да мүмкін. Бірақ, енді бұл маңызды емес. «Бақ пен сордың арасы – бір-ақ қадам» деген осы).

«Құпия» белгісі бар хаттағы «махровый ұлтшылдық»


 Мәскеуге жол түскен бір сапарымда Ресей Президентінің мұрағатын қараудың сәті түсті.

Сол жерден З.Камалиденовтың «құпия»  белгісі қойылған қызметтік хатына кезіктім (ЦК КПСС, общий отдел. 06.01.1987 г. №00438 - хат көшірмесі қоса тіркеліп отыр). Бас көтеруден кейін арада небәрі жиырма күн өткеннен кейін жазылған хат.

Желтоқсанға ресми баға берілмесе де, ол алаңға шыққан жастардың ашық қимылын тағы да «махровый ұлтшылдық» деп айыптапты. Яғни, Камалиденовті Мәскеудің қинағаны  жалған болып отыр.



Ең сұмдығы осы хаттағы «махровый ұлтшылдық» сипатындағы айыптаулар Горбачев қабылдаттырған қазақ ұлтшылдығы жөніндегі Қаулыға сол қалпында еніп кетті.

Қаулыны қабылдату бір басқа да, оны тиянақты жүзеге асыру бір басқа. Колбиннің билігін әлсіретіп, өз орынтағын бекіте түсуді көздеген Камалиденов енді елдегі ұлтшылдарды анықтауға белсене кірісті.


Қазақ баспасөзінде жарық көрген барлық материалдар Орталық Комитеттің, КГБ-ның  арнайы назарында болды.

Камалиденовтің нұсқауымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде «Қазақтың буржуазиялық ұлтшылдары» деген құпия бағдарлама  жасалып, тыңшылық әрекеттерге жол ашылды. «Қоңыр», «Пантюркизм», «Номад» деген атпен қылмыстық істер қозғалды.   Режиссер Асқар Тоқпанов, сатирик Шона Смаханұлы, этнограф жазушы Ақселеу Сейдімбеков, ғалым-жазушы Мұхтар Мағауинді «пантюркистер» деп атаған авторсыз мақалалар республикалық газеттерге таратылды.

Тұңғыш қазақ теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаев туралы түсірілген «Түрксіб» атты толық метражды көркем фильмге Орталық комитет қарсы шықты.

«1917 жылғы клерикал-ұлтшыл топтардың лидері және басмашы қозғалысының алғашқы саяси базасы саналған Қоқан автономиясы үкіметінің премьерін насихаттады» дей отырып, экранда көрсетуге тыйым салды. Камалиденов кез-келген ірілі, ұсақты жағдайларды өз мүддесіне ұтымды пайдаланып, қолайына жақпаған жергілікті кадрларды тұқыртып, жазалауды науқанға айналдырып жіберді.

Бірақ, онысын белсенді қолшоқпарлары арқылы ғана орындауға тырысты. Сондықтан өзін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетуге құмар болды. Журналистер сұрағына да қаша жауап беріп жүрді.

«Еш нәрсені жасырып, болмаса өзімді қорғап отырғам жоқ. Кемшілік болғанын мойындаймын. ҚазМУ-дегі кездесуде университет мұғалімі Кәрішал Асанов желтоқсан оқиғасына мені кінәлады. «Барлығына кінәлі – Камалиденов. Жастардың тәртіп бұзғанына осы кінәлі» деді.

- Желтоқсан оқиғасында қателігіңіз болғанын мойындайсыз ғой. Жастар алдында кешірім сұрағыңыз келмей ме?

- Кешірім сұрау үшін қателігімді көрсету керек. Балаларға обал жасағанымыз рас. Бірақ, мен ешкімді атуға, жұмыстан шығаруға, қудалауға бұйрық бергем жоқ. Мысалы, Өмірбек Жолдасбековті тексеруге 86 комиссия жіберді дейді. Мен бірде-бір комиссия жіберген жоқпын. Өмірбекке жамандық жасаған емеспін». («Аңыз адам». №12, 2010 ж.)

Ал, жасаған іс-әрекеті осы айтқанына мүлде кереғар еді. Камалиденовтің қаһарына ұшыраған Оқу министрi Қ.Нәрiбаев, академик,  ҚазГУ ректоры Ө.Жолдасбеков, журналистика факультетінің деканы Т.Қожакеев, заң факультетінің деканы С.Досымбеков, профессор Н.Мамыров, сәулет институтының ректоры С.Байболов, доцент А.Уақов сияқты көптеген ғалымдар даңғаза шудың объектiсiне айналды. Іс қозғалып, алды итжеккенге айдалды, соңы партиядан шығарылып, қызметтерінен қуылды.

Расын айтқанда, олардың бірде-біреуін Колбин танымайтын. Алты аласы, бес бересі жоқ бөтен қазақтарды не қылсын?

Сол сияқты, сын сағаттарда кездейсоқ алаңда болған бір топ жазушы, журналистер жасақшылардың қолына түсіп қалады. Ақпарат ілезде Камалиденовтің үстелінде жатады.

Ол қалам ұстағандардың лениндік принциптерді түсінбейтін «саяси сауатсыздығын» мүлде кешіре алмайтын. Қан-жоса боп таяққа жығылған, екі қабырғасы сынған Мейірхан Ақдәулетов партиядан, қызметтен қуылды.


Аманхан Әлімов типографияға жұмысқа жіберілді. Лесбай Оспанов жарақаты асқынып, бірнеше жылдан соң қайтыс болды. «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жақыпов, тілшісі Мейрамбек Төлепбергенов, ҚазТАГ директоры Жұмағали Ысмағұлов қызметтерінен шеттетілді. Еліміздегі бүкіл қазақ басылымдары бақылауға алынды, аңду ұйымдастырылды.

 Қудалауға шыдамағандар өзіне қол салды


Ондай қуғын-сүргінді өз басымнан да өткергенімді қоса кетсем, артық болмас.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Желтоқсан жаңғырықтары» атты зерттеу мақаламызда осы көтерілістің ақиқатын алғаш рет ашып айтуға тырыстық (1989 жыл 10 қараша). Мақала жарық көрісімен 16 қараша күні ҚазГУ-дің журналистика факультетiнiң студенттері мені кездесуге шақырып, қозғалыстың белгісіз жақтары хақында естігісі келді. Бардық. Жүздестік. Ашық-жарқын әңгіме өткіздік. Үлкен акт залы лық толыпты. Студенттер ғана емес, оқытушылар да қатысқан бұл жүздесу өте тартымды, қызу өтті десе де болады. Жалындаған жастардың рухы оянғанын көріп қуанғаным есімде.

Бірақ, бір аптаға жетер-жетпес уақытта Алматы қаласының прокуроры

«рұқсат етілмеген митинг өткізіпсіз» деп кінә тақты.Ж Оған дәлелдер де табыла кетті. Біріншісі, желтоқсанға байланысты 2 жылға сотталған Бахша Мергенова деген бойжеткен МХҚ тапсырмасымен «Мақалада менің ар-намысыма нұқсан келтірілді» деген тұрғыда шұғыл арыз жазыпты. Көппен бірге аты аталғаны рас еді. Артынан білсем, арыздың өтеуіне жазасы шартты мерзімге ауыстырылыпты. Екіншісі ҚазГУ-ден түскен мынау донос.

“Прокурору г.Алма-Аты, тов. Азарову А.И.

Ректорат и партийный комитет просит Вас рассмотреть возможность принять меры в отношении корреспондента газеты “Қазақ әдебиетi” Табеева К. который на состаявшейся 16 ноября 1989 года встрече со студентами в общежитии №5 КазГУ допускал тенденциозные, клеветнические суждения о декабрьских событиях  1986 г. в г. Алма-Ате.

И. о. ректора Неронов В. С.

Секретарь парткома Болдырев  В. М.”

Алматы қаласына Азаров деген прокурордың әмірі жүргізіп тұрған қилы кезең еді. Қазақтарды кісі қатарына қоспайтын тарпаң. Өскеменде студент жастарды қуғынға салған, он алты жасар Сәбира Мұхамеджанованың қазасына себепкер болған қандықол жендет болатын. Ұзақ уақыт әуре-сарсаңмен сабылтқанын қанша ұмытқым келсе де, ешбір жазықсыз абақтыға тоғытпақ болған шовинистік пиғылын ұмыта алмай жүрдім.

Тым асыра сілтеушілікпен көрінген осындай ұр да жық орындаушылардың кесірінен барлық еңбек ұжымдарында, партия ұйымдарында, құқық органдарында адам шыдатпас психологиялық ауыр ахуал орнады. Адамдардың жүйкесін әлсіретті. Қызметіне әсерін тигізді. 1986-88 жылдары Ғылым академиясы мен Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі жүйесіне қарасты оқу орындарындағы қазақ тілінде оқитын 316 аспирант диссертациясын қорғамай аяқтады.

Торғай облысы Жақсы аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Шолпан Оразгелдинова ұлты орыс басшылардың қудалауына шыдамай өз кабинетiнде сiрке суын iшiп, мерт болды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Энгельс атындағы кеңшардың директоры Айтбек Есенқұлов желтоқсанға қатысқан студент қызы Гүлнәрға «идеялық дұрыс тәрбие» бере алмағаны үшін партбилетінен айырылып, орнынан алынды. Ақыр соңында жүрек талмасына ұшырады. Алматы облысының «Сарыбұлақ» совхозының директоры Сәкен Бекболатов партиядан шығарылып, нақақтан сотты болды. Соның қайғысынан денсаулығы бұзылды, әйелі де мүгедектікке ұшырады. Мұндай мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіруге болады.

Аңду мен аяқтан шалу, «тырнақ астынан кір іздеу» барлық мемлекеттiк органдардың күнделікті жұмыс тәртібіне сіңіп үлгерді.

Қауiпсiздiк комитетiнiң подполковнигi Тәңiрберген Бекiмовтің төмендегiдей екi сұраққа жазбаша жауап беру талап етiлгенін айғақтайды: «16-18 желтоқсан күндерi сiз қайда болдыңыз? Және қандай оқиғалар мен жағдайлардың куәсi болдыңыз? Оқиғаға Сiздiң қатысыңыз бен көзқарасыңыз қандай?».

1987 жылдың қаңтарында, яғни, бiр айда 2300 адам “ішкiлiкке салынды” деген сылтаумен ақшалай айып төледі, оның ішінде, 150 адам күшпен емдеу орнына жiберiлді.

Горбачев пен Колбиннiң алдында ақталу үшін Камалиденов “маскүнемдер” мен «нашақорларды» осылайша қолдан жасады.

Бiр ғана Алматының өзiнде маскүнемдермен күрес жөніндегі 128 жедел топ айналысты! Құрығы ұзын МҚК көршілес Ресей, Қырғыз елдеріне де сақтық шараларын жасауды тапсырды. Қазақстарға көмекке ұмтылған қырғыз жігіттеріне тосқауыл қойылды. Асанбек Стамов деген жазушының естелігінде «Мырзағапаров, Ақылбеков деген жігіттердің топ жинап Алматыға бара жатқанда, Қордайдан КГБ автоматшылармен ұстап, кері қайтарылғаны» айтылады.

Ұлан Оразалиев: «Ол кезде мен баспада істейтінмін. 89 кітапты қолыма беріп, осылардан қазақ ұлтшылдығын дәлелдейтін фактілер тауып бер деп қинады. Әрине, мен арымнан аттаған жоқпын» («ЕҚ», 10.12.96 ж.).

Қамалиденовтің «қырық өтірігі» немесе Желтоқсанның Жаңаөзеннен айырмашылығы неде?


Камалиденов «Аңыз адам» журналындағы бір сөзінде «Желтоқсанның Жаңаөзеннен айырмашылығы – онда ашық қару қолданылса, біз су шашумен шектелдік» деп мақтаныпты.

Шынымен солай ма? Жоқ, фактілер керісінше сөйлейді.

Ішіне оқ тиіп жараланған Әділ Молдыбаев, сапер күрегінен жарақат алған Нұрсұлу Ерғалиева, Халуат Қожалиев, Ыдырысхан Тілешов, Ләззат Елекова, Мұхамед Мұратов дегендердің кейінгі тағдырын ешкім білмейді.


Алаңда соққыға жығылып ауылына қашып барып, хабарсыз кеткендер де аз емес. Абай атындағы Алматы педагогикалық институттың студенті Бақытгүл Мырзағазинаның қос бүйрегі зақымдалып, Торғайдағы еліне барған соң, көп ұзамай қайтыс болды.

1989 жылғы 12 желтоқсандағы Президент Н.Назарбаевтың жарлығынан кейін ғана сталин кезінен бергі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған, атылған, сотталған 76 309 адамның ісі қайта қаралды. Одан тыс КГБ пәрменімен ерекше статьямен кеткен 3601 адам ақталды. Оның ішінде 99-ы желтоқсаншы жастар еді. Жамбыл Тайжұмаев секілді «милияцияға қару көтерді» деген жалаға іліккен 10 желтоқсаншы сол беті ақталмады. Ал, оқудан, комсомолдан шығарылып, жұмыстан қуылған мыңдаған адам өз істерінің ақ екендіктерін дәлелдей алмай, өмір ағынының толқынымен әлі алысып келеді.

Ең басты сауал – олардың жастай солған тағдырына кім жауап береді?

Біздіңше, өз жеке басының мүддесі үшін осы қырғынды ұйымдастырып алып, артынан жағдайға ие бола алмай тайқып кеткен Камалиденов жауапты. Желтоқсан көтерілісі туралы зерттеу кітап жазған публицист Кәрішал Асановтың «Барлығына кінәлі – Камалиденов! Жастардың тәртіп бұзғанына осы кінәлі!» деп, көптің көзінше айып тағуы осы пікірімізді түйіндей түседі.

Ол кім еді?


Ал, өмір бойы партия мен үкіметке қалтқысыз қызмет етіп келіп, биліктің ұшар басына бір-ақ қадам жетпей қалған, өмірінің соңында бармағын шайнаған Камалиденов кім еді?

Өзінің айтуы бойынша, әкесінен бір жаста, шешесінен 9 жаста жетім қалған, қарт әжесі мен ағайынның қолында, кейін мектеп-интернатта тәрбиеленген советтік кадрдың бірі. Рас, соғыс жылдарының қиындығына қарамастан, мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітіріпті. Әрине, үлкен жетістік. Бірақ, бұл адами көрсеткіштің биік өлшемі емес. Бар болғаны тағдырға бейімделген пысықтықтың, асса білімділіктің  белгісі. Әл Фарабидың бір айтқаны бар: «Тәрбиесіз алған білім, қолдағы қару сияқты». Ата-ана жылуы мен тәрбиесін сезінбей өскен Камалиденовтың бойындағы қаталдық, өзін тыңдамаған жанға деген сенімсіздік, өшпенділік жастайынан қалыптасқан мінез екені аңғарылады. Халқымыз «Жетім қозы тасбауыр» дегенді осындайларға қарата айтқан болар.

«Елена аралына» жер аударылып бара жатқан  Напалеон Бонопарт «Бақ пен сордың арасы – бір-ақ қадам» депті өкінішпен. Камалиденовке де осыны айтуға болады.

Қонаевтың жеке қамқорлығын көп көрген ол қызмет баспалдақтарымен жылдам көтерілді. Қазақстанның комсомол жастар ұйымын сегіз жыл басқарып, Қонаевтың қолдауымен Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберледі.

Одан кейін Мәскеуде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде екі жылдай жұмыс істеп, Қонаевтың шақыруымен партия Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне сайланады. Ал, 1982 жылдың ақпанынан бастап, республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне төраға болып бектіледі. 1986 жылдың 06 қаңтарында Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшылығына қайтып келеді. 1988 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне сайланып, сол жылы 52 жасында зейнетке шығып, МХК мектебіне оқытушылыққа ауысады.

Міне, айналасы он жылдың ішінде бірінші хатшылықтан басқа қызметтің бәрінің дәмін татып көрген Камалиденовтің қысқаша өмір жолы осындай.

Қазақстан Компартиясы ОК ХІІ пленумында М.Меңдібаевтың: «...ең алдымен Камалиденов пен Устиновтың жағдайды нашар біліп, нашар ықпал жасауы, идеология кадрлары арасындағы жұмысты жақсарту жөнінде дер кезінде  шұғыл шаралар қолданбауы неліктен?» (07.06.1988 «СҚ») деп кінәлілерді жауапкершілікке шақыруды талап етуі оның тағдырын біржолата күйретті.  


Бір сөзбен қайырсақ, Камалиденов қазақ елінің тарихында «Берияның көлеңкесі» деген қара таңбамен қалған бірегей тұлға. Ол баянсыз билік жолындағы бітіспес айтыс-тартыстың, Кремль жүргізген өктем әрекеттер мен демократиялық принциптер арасындағы қайшылықтардың құрбаны болды. Өзінің Желтоқсан зобалаңында өз қандастары мен студент жастарға жасаған қысастығының салмағын сезінді ме, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.

Р.S.


Осы аз ғана уақыт ішінде Тәуелсіз жас мемлекетіміз жүз жылдық кезеңді жүріп өткендей. Ел еңсесін тіктеді. Еліміз саяси реформалар мен эко­номи­калық түлеудің жаңа белестеріне аяқ басты. Қазіргі күні сол өзгерістердің жалғасы ретінде рухани жаңғыру қолға алынуда. Бұл қадам көзге көрінетін ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, көзге көрінбейтін құндылық – сананы жаңғырту деген сөз. Ендеше, келер жылы 35 жылдығы атап өтілетін Ұлы Желтоқсан көтерілісіне нағыз жаңғырған санамен қайта көз жіберетін уақыт жетті деп ойлаймыз!

 

 

Рекомендовать
Последние новости