Журналистерге шабуыл жасаушы құрықталды

Dalanews 28 февр. 2023 11:22 1051

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы “Қорқыту”, 147-бабы “Жеке өмірге қол сұғу”, 158-бабы “Журналистік қызметке кедергі келтіру”, 202-бабы “Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру” және 293-бабы “Бұзақылық” бойынша айып тағылуда.

Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды.

Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда “тапсырыстар” беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленген.

Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған.


Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар. Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.

Шұғыла Тұрлыбек

Рекомендовать
Последние новости