Жүрегі ел деп соғатын азамат

Dalanews 15 дек. 2017 10:19 1171

Жақында атымтай жомарт, белгілі меценат, танымал кәсіпкер Оралбек Ботбай ҚР Перезиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде студенттермен кездесіп, өзі тағайындаған білім грантын жастарға табыс етті. Шара барысында Оралбек Қожамжарұлының өмір жолынан сыр шертетін «Өмір өзен» деп аталатын деректі фильмнің тұсауы кесілді. Кездесуде бизнестің биік шыңын бағындырған азамат жастардың сұрақтарына жауап беріп, көкейде жүрген ойларымен бөлісті.

Қазіргідей қиын заманда ел мүүдесін көздеп, қолындағысын өзгемен бөлісуге даяр тұратын азаматтар көп емес. Солардың бірі, һәм бірегейі – Оралбек Ботбай. Елімізде шығатын баспасөз беттерін парақтаған адам оның әлеуметтік жағдайы төмен көптеген адамдарға қол ұшын беріп, қайырымдылық шарасына белсене қатысып жүретінін білер еді. 27 сәуір күні ердің жасы 50-ге толып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарлмасы аясында «50 игі іс» жобасын қолға алған аптал азаматты әңгімеге тартып, сыр суыртпақтадық.

– Биыл мен үшін ерекше жыл болып тұр. 50 жасқа толып, жұртшылыққа қандайда бір пайдамызды тигізіп, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоса түсуге ықыласым ауды. Тәуелсіздік жылдар еліміз экономикалық тұрғыдан барынша дамып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында әлем танитын елге айналды. Осы 26 жыл ішінде ел-жұрт арқа сүйейтін кәсіпкерлік орта қалыптасты. Өз басым еліміздегі әрбір кәсіпкерді еліміздің нығайтуға бар күшін жұмсаған азаматтар деп қабылдаймын. Осы ретте Тәуелсіздік жылдар Президентіміз шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасады. Қазіргі таңда Қазақстанда бизнес ашу, оны жүргізудің барынша дамығанын Батыс елдерінің өзі мойындап отыр. Өз басым Тәуелсіздік жылдар бизнеске бет бұрып, бүгінде жетістікке қол жеткізген азаматтардың жұртшылыққа қайырымдылық жасауы бұл елімізде азаматтық қоғамның толықтай қалыптасқанын айғақтай түседі. Енді өзімнің қолға алған іс-шараларым жайында аз-кем айтсам, «50 игі іс» жобасы аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де және «Тұран» колледжінде арнайы шәкіртақы тағайындап, жағдайы төмен отбасындағы жастардың алаңсыз білім алуына жағдай жасап жатқан жайым бар. Сонымен қатар Мәскеуде білім алып жүрген бір қазақ баласының да оқу ақысын төлеуді мойныма алып отырмын, – деді Оралбек Қожамжарұлы.

Ата-бабаларымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтмаған. Қарақан басының қамын ғана емес, қатарындағылардың барлығының бақуатты болуына тілектес болып жүретін Оралбек мырза жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Біздің білуімізше, бүгін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ өткен іс-шарасы Орекең ұйымдастырған қайрымдылық шарасының басы да, аяғы да (қолындағысын елмен бөлісуге даяр тұратын аптал азаматқа Аллам ұзақ ғұмыр берсін!) емес. Сондықтан болар, оны білетіндер, тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде құрметтейді. Мен көмек бердім, демеушілік жасадым деп әңгіме қылған Орекеңді көрген емеспін.

Бүгінгі шараға қатысқанымызда Оралбек Қожамжарұлы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 13 факультетіне бір-бірден білім грантын тағайындап, оқуға құштар жандарға тапсырды. Биылғы оқу жылының басында «Тұран» колледжінде білім алып жүрген 30 студенттің оқу ақысын көтеріп алғаны және бар. Оралбек Қожамжарұлынан қайрымдылық шарасы жайында сұрай қалсаңыз бәрін санамалап айтып жатпайды. Тумасынан текті жан бергенін айтпайтыны анық.



Бірақ қазір баяғы заман емес. Қайырымдылық шараларына бастамашыл болып, елге ет-жүрегі бұрып тұратын азаматтардың атқарған ісін атап-атап айтудың түк те сөкеттігі жоқ. Қайта Орекеңдей атымтай жомарттың іс-әрекеті миллиондарды қалтасына басып, шетелден шықпайтын кәсіпкерлерімізге үлгі болары анық.

Оралбек Қожамжарұлы бұған дейін қолға алған қайырымдылық шаралары жайында әңгімелейтін болсақ, әңгіме-баянымыздың бірнеше мақалаға созылатыны анық. Сондықтан Орекеңнің елді елжіреткен бір-екі қайырымдылығы жайында айта кетуіді жөн санап отырмыз. Ол әр қашан өзінің кіндік қаны тамған Бәйдібек ауданындағы Қошқар Ата ауылына барынша қамқорлық жасап келеді. Биылдың өзінде 7 шақым жолға асфальт төсеп берді. Сонымен қатар ауыл ішінде 48 шақырымға созылатын негізгі көшелерге 480 шам орнатып, тауған ауылын самаладай жарқыратып қойды. Қазақтың дархан даласында кең пейіл Орекеңнің бойынан жершілдікті мүлде таппайсыз. Оралбек мырза үшін «әр қазақ оның жалғызы» десек артық айтқандық болмас еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір жайтты да айта кетейік. Бүгінде меценат-кәсіпкер Ақтау қаласындағы 12 мөлтек ауданға жарық тартып, жұрттың ризашылығына бөленді. Алдағы уақытта Орекең Маңғыстаудың шалғайда жатқан аудандарындағы ауылдарға жарықтандырып, өзінің қайырымдылық шарасын жалғастырмақшы.

Жомарт кісінің жүрегі өз байлығына байланбауы маңызды. Сондықтан ел ішінде жүрегі ел деп соққан Оралбек Ботбай сынды аптал азаматтар көбейгені ел болып қалыптасқанымыздың белгісі деп есептеймін. Еліне сүйеніш болатын азаматтарымыз көп болсын!

Н.ӘУБӘКІР.

Рекомендовать
Последние новости