Жұмыссыз қалған азаматтар қандай мемлекеттік көмек ала алады?

   Асель Қайратқызы 23 сент. 2025 10:36

Қазақстан азаматтары жұмыссыз қалған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алуға құқылы,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек:

"Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және бұл төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалады. Бұл- азамат жұмыс іздеу кезеңінде оны қолдауға бағытталған көмек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады және жоғалтқан табыстың 45%-ына дейінгі мөлшерде төленеді".

Жұмысынан айырылған азаматқа әлеуметтік төлем тағайындау үшін келесі қадамдар орындалуы қажет:

  1. kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
  2. "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінен "Жұмыс іздеуші тұлғаларды тіркеу" қызметін таңдау;
  3. Онлайн түрде қызметке тапсырыс беру: барлық қажетті жолақтарды толтырып, өтінімді ЭЦК арқылы растап жіберу;
  4. Бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан мансап орталығы жұмыс ұсынатын болады;
  5. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа қашықтықтан "жұмыссыз" мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін мансап орталығының қызметкері хабарласады.

Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) порталы арқылы да алуға болады.

2025 жылдың қаңтар-шілде айларында МӘСҚ- дан 1,1 млн. адам  жалпы сомасы 570, 3 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды,бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5,8% артық.


Рекомендовать
Последние новости