Ж.Түймебаев: «Бюджетті дұрыс игермеген басшылар жазаланады»

Dalanews 24 окт. 2017 06:25 834

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті мәжілісінде аймақ басшысы Ж.Түймебаев бюджет қаржысының игерілмеуіне қатысты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға берді.



Бюджет қаражатын тиімді және мерзімінде игеру әрбір мекеме басшысының басты мақсаттарының бірі болу керек екенін айтқан облыс әкімі қазынадан бөлінген қаржыны дұрыс ұқсатпаған басшылар жазаланатынын жеткізді.

– Біздің осы бағыттағы жұмысымызды Мемлекет басшысы мен Үкімет қатаң бақылауға алған. Осыған сәйкес біз бюджет қаражатын игеру мәселесін тұрақты түрде ай сайын қарап, талқылаймыз. Алайда, қаржы басқармасының бүгін жасаған баяндамасына сәйкес, облыстық басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бағытындағы жұмыстары төменгі деңгейде болып отыр. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бері бюджет қаражатын игеру бойынша берілген тапсырмалар орындалмағаны белгілі болды. Осы ретте, бірқатар облыстық басқарма басшыларының және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бойынша жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға беремін, – деді Ж.Түймебаев.

Мәжілісте 2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің атқарылуы туралы сөз алған облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Мүлкеманов облыстық басқармалар бойынша 209,6 млн теңге, ал, аудан, қалаларда 559,4 млн теңге қаржы игерілмей қалғанын мәлімдеді.

– Жалпы жыл басынан бері облыстық құрылыс, энергетика, автомобиль жолдары және кәсіпкерлік басқармалары қаржыландыру жоспарларына 17,1 млрд. теңгеге 25 рет негізсіз өзгерістер енгізген. Егерде қыркүйек айындағы 4,4 млрд теңге кейінгі айларға ауыстырылмаған жағдайда аталған облыстық бюджеттік қаржының игеру деңгейі төмен болар еді. Бүгінгі таңда облыс бюджетінің қаржысы 99,8 пайызға игеріліп отыр, – деді Р.Мүлкеманов.

Баяндамашының мәліметінше, ең ірі көлемде игерілмеген қаржы Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласы және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен дене шынықтыру және спорт басқармаларына тиесілі екен.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ж.Түймебаев баяндамадағы дәйектерге сүйене отырып, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне кемшіліктерге жол берген тиісті жауапты орынбасарларына үш күн ішінде тәртіптік шара көріп, нәтижесін баяндауды және аудан, қала әкімдеріне осы жылдың кіріс жоспарын толық орындалуын қамтамасыз етуін тапсырды.

Сондай-ақ, әкім аудан, қала басшыларына  2017 жылғы бюджетте қаралған қаржыларды толық игеріп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізуді, жыл қорытындысымен бұл жұмыстар толық орындалмаған жағдайда бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетіндігін ескертті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости