Жолың болсын, жас түлек!

Dalanews 25 мая 2015 22:54 1153

Атырау облысы бойынша ҚМДБ өкіл имамы мектеп бітіруші түлектермен кезігіп, білім мен ғылымның Исламдағы орны туралы баяндама жасады. Сол баяндаманың өзекті тұсын газетімізге ұсынып отырмыз. Мектеп бітіруші түлектердің әуелі білім мен ғылымның не үшін керектігін білгені жөн. Төмендегі мақаланың өзегі иманды ұрпақ – білімді ұрпақ деген үндеуді негіз етеді.

 Ең алғашқы аяттары «Оқы!» деп басталатын Алла тағала тарапынан жіберілген ең соңғы кітап – қасиетті Құран-кәрімнен-ақ Ислам дініндегі білім-ғылымның маңызы мен орнын байқаймыз.

DSC_0649Дәлірек айтқанда, «Алақ» сүресінің 1-5-аяттарында Алла тағала былай дейді: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті». Олай болса, Алла тағала аманатқа берген ой-санаға қиянат жасамай, білім іздеу – біздің басты міндетіміз.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Білім іздеу мұсылман әйелге де, ерге де парыз», «Білім мен хикмет – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алсын»,  – деп келетін хадистерін көкейге түйген мұсылмандар әрқашан ілімге ұмтылған. Пайғамбарымыз өз заманында он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, сахабаларын мешітке жинап, ілімге үндеген. Біле білсек, алғашқы ілім ошағы осылайша пайғамбар мешітінен бастау алған.

Білімді, сауатты болу – Ислам дінінің талабы. Сол себепті дініміз ең әуелі адамзатты білімге шақырады. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) сынды аяттар  – сөзіміздің айғағындай.

Тарихқа зер салсақ, мұсылмандар дін ілімімен ғана сусындап қойған жоқ, бұл дүниелік ғылымды да игеріп, оны адамзат игілігіне айналдырған. Атап айтқанда, медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді ғылымдарды дамытқан. Әсіресе, халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған.

DSC_0592Исламды ғылым діні деп білген Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х.Дулати, Хасан Әли Жалайыри, Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин секілді даналардың есімдері ұлттық тарихымызда өшпес із қалдырды.

Ислам діні ғылымға ерекше құрметпен қарайды. Мұсылмандар қай ғасырда да ғалым сөзіне ілтипат білдірген. Шәкірттері ұстаздарына екінші әке ретінде қарады. Өмірде алған ілімінің пайдасы мен берекесін көру үшін ұстаздарының ақ батасын алуға тырысқан.

Төрт халифаның бірі хазіреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның қырық жыл қызметшісі болуға бармын», – десе, мәзһабымыздың негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды  созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», – деп ұстазға, ғалымға қаншалықты құрметпен қарау керектігін білдірген.

Бүгінгі ХХІ ғасыр – ғылым мен жаңа технологиялар дамыған заман. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген даналық сөз дәл қазіргі біздің дәуірімізге арналып айтылғандай. Негізінде өнер, ғылым-білімге құмарлық мұсылмандарға тән сипат. Дініміз бізден осы нәрселерді қалайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғибадаттың ең артығы – ғылым іздеу», – десе, енді бір хадисінде: «Қараңғы білімсіздер мен білім талабындағының парқы – өлі мен тірідей», – деп ілім иесінің әрдайым жоғары тұратындығын білдірген.

Иә, ғылым-білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты бүгінгі ғасырымыз дәлелдеуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдер мен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені, адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін тек қана – білім.

Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған халқымыз: «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады», – деп білімдінің берері көп екенін айтқан.  «Ислам дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауларында еліміздің жастарына айрықша серпін беріп келеді.

DSC_0554Қазіргі таңда дін ілімі мен дүниелік білімді бір-бірінен бөліп-жармай, бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Кейінгі кездері теріс діни ағым жетегіне ерген жастар дүниелік білімді тәрк етуде. Оның дұрыс еместігін әр заманда өткен қазақ зиялылары айтып кеткен. Айталық, Махмұд Қашқаридай данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақын: «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ал, хакім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық...», – деп, қазақ халқының даналығы айтқандай «білектінің бірді, білімдінің мыңды жығатынын» қуаттай түседі. Әрине, «оқу инемен құдық қазғандай». Дегенмен, оның артықшылығы да осында.

Міне,күні ертең мектеп қабырғасынан қанат қаққалы тұрған жас түлек үлкен өмір айдынына, білім сапарына қадам басқалы тұр. Ол ақтайтын үміт көп. Ата-ана, мектепте білім берген ұстаз – бәрі-бәрі оған зор сеніммен қарайды.

Сондықтан, жас түлек, өмірдің сынағы мен соқпағына еш мойымай, батыл да қайтпас қайсарлықпен әрдайым білім мен ғылымға ден қойып, бойыңдағы күш-жігерді елдің ертеңіне жұмсай біл!

Батыржан МАНСҰРОВ,


ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,


«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.


Рекомендовать
Последние новости