Жеткен жеріміз - жыртық джинсымен күресу...

Dalanews 08 сент. 2017 10:55 1161

Дәл қазір мемлекетімізді нығайтуға қатысты маңызды мәселелермен сөз етудің орнына өздерін ұлт мүддесін қорғаушылардың қатарына қосып қойған (оларға мұндай атақты кім бергені белгісіз) кейбір азаматтар жыртық джинсының мәселесіне бас ауыртып, сол жайында құлаш-құлаш пост жазуға құмар. Жыртық джинсы киген қазақ жастарын әлеуметтік желіде жерден алып, жерге салғаннан не ұтамыз?



Ғаламдасу үрдісін көрсоқырлықпен қарсы алдық

Рас, қазір жұрттың бәрі шетінен моралист, орта ғасырдағы ой-пайымдармен байлам жасайтын болды (бүгінгі моралистерге қарағанда Қазтуған, Бұқар жырау бабаларымыз әлдеқайда озық ойлы болған-ау). Ата сақалы аузына түскен ағаларымыздың жыртық джинсыда не әкесінің құны қалды десеңізші?
Мұндай шалбар қазіргі кезеңнің сәні емес пе? Бүкіл дүниежүзінің жастары жыртық джинсы киіп жүр. Керек десеңіз, әлеуметтік желіде сол жыртық джинсының соңына шам алып түскен моралист ағаларымыздың үйіндегі ұл-қыздарының өзі жыртық джинсы киіп жүруі мүмкін ғой.

Жастардың жыртық джинсы кигенінен қандайда бір трагедия жасау бұл көрсоқырлық.

Біздер ғаламдасу дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бір қызығы, біздің бөзөкпе ұлтшылар (олар өте көп) ғаламдасу үрдісіне де шоқпарын алып, тұра жүгіруге дайын тұрады (әлін білмейтін әлектің әрекеті ғой).

Ойланайықшы, қазақ ғаламдасу үрдісінен жамандық көріп отыр ма? Жоқ. Сол ғаламдасудың арқасында американдықтар ойлап тапқан Фейсбукте көсіліп пост жазсақ, WhatsApp-пен жақындарымызбен заматта хат пен фото алмасып мәре-сәре болып жүрміз ғой. Бұл үшін бізден ешкім ақы сұрап жатқан жоқ. Керек десеңіз, күнделікті ішіп-жеп жүрген тамағымыз бен киміміз де сол экономиканың ғаламдасқанының арқасында қол жеткізіп отырмыз емес пе?

Біреулер "ғаламдасу біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді жұтып қойды" деп айдалаға оқ атып, ойына келгенін айтып жүр.
Қазақ тілі мен салт-дәстүрімізге ғаламдасу үрдісі иненің жасауындай зиянын тигізіп жатқан жоқ. Қайт ғаламдасу үрдісінің арқасында тұрмыс жағдайымыз артуда. Егер қазақ тілі мен салт-дәстүріміз көмескі тартып, ұмытылып бара жатса оған біріншіден билік пен өзіміз кінәлі.

Осы компьютер шыққанда (ғаламдасудың бір нышаны деп қабылдаңыз) "қазақ тілі компьютерге икемсіз екен" деген ертегіге оншақты жыл сеніп жүрдік қой. Ал ғаламдасу үрдісі дендеп енгенде мұның бос сөз екеніне көзіміз жеткендей болды. Оған Фейсбук пен WhatsApp-та қазақ тілінде көсілтіп постар жазып жатқанымыз айқын дәлел болмай ма?

Сондықтан жас ұрпаққа ғаламдасуды, батыстың музыкасын мәдениетін құбыжық қылып көрсетудің қажеті жоқ. Французша ән салып, бүткіл Қытайды (жарты әлем) аузына қаратқан Димаш жаман болды ма? Ғаламдасудың арқасында Димаш өзін ғана емес, қазақ халқын да әлемге танытты.

 

Бибігүл Төлегенова мен Ескендір Хасанғалиев қазақ музыкасы үшін неге күреспейді?

Қазақ радиосынан музыка мамандары "жастар қазақтың дәстүрлі ән-жырын тыңдамайды" деп етектері жасқа толып, тікеелй эфирде күнде әңгіме айтады. Одан қалса дәстүрлі музыкамызды батыстың музыкасымен қарсы қойып, бір кебісті бір кебіске сұғып отырғаны.

Батыстың музыкасын дүниежүзінің жастары тыңдағаннан кейін біздің де жастарымыз тыңдайды. Батыстың музыкасының жарнамасы мықты. Жалпы халыққа арналып жазылады. Бұдан кейін оны қалай тыңдамайсың. Әрине, тыңдайсың. Бұл үшн жастарды айыптауға бола ма? Болмайды.

Біздер күресудің тәсілін білмеген соң, ештеңенің мәнін түсінбестен "ойбай, қазақ мәдениеті ғаламдасу үрдісіне жұтылып барады" деп айғайға аттан қосуға шеберміз.
Егер дәстүрлі музыканы жастар тыңдамаса оның насихаты кем. Билік басындағылар Батысты әуенін тыңдайды. Әрине, сапалы студияда жазылған музыканы кім тыңдағысы келмейді. Бәрі тыңдағысы келеді. Бай-манаптарымыз той жасаса, шетелдің әнші-күйшілерін шақырады.

Осы бір шенді мен бизнесменнің Қайрат Байбосыновты, Еркін Шүкімәнді шақырып баласының үйлену тойында әуелетіп ән салғызыпты деген әңгімені өз басымыз естіген емеспіз. Жақын, жуықта мұндай әңгімені естімейтініме де сенімдіміз.

Ал жастарға келгенде "бұлар салт-дәстүрімізді білмейді, дәстүрлі әнді тыңдамайды" деп бар пәлені жастар мен ғаламдасу үрдісіне жаба саламыз.
Сол сияқты қазақ музыкасының корифейіне айналған Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев сынды танымал өнерпаздар қаланың қақ ортасында қандайда бір мейрамханада шетелдің әнін беріп қойса, соларға барып "арасында қазақ әндерін де беріңіздер" деп өтініш айтуына болады ғой. Болмаса осы кісілер Алматының мейрамханаларын аралап рейдке шықсын. Бауыржан Байбек олардың жолына қарсы тұрар ма екен. Жоқ, қарсы тұрмайды. Қайта әкімдердің өзі қолдауы мүмкін.

Егер өтініштері орындалмаса, қазақ әні үшін дауласуға дейін баруы керек. Өз басымыз Ескендір ағамыз бен Бибігүл апайымыздың қазақ әні үшін Алматыдағы мейрамхана, телеарна, радиомен дауласыпты деген әңгімені естіген емеспіз. Есесіне Бибігүл апаймыздың Қайрат Нұртаспен дүрдараз болып жүргенін білемін.

Қазір еліміздегі өнер иелері қазақ тілінде айтылған әндерінің арқасында материалдық игілік пен халықтың ықыласына бөленіп жүр. Демек өнердегі азаматтар қазақ тілі, қазақ әні үшін күресте алдыңғы шепте жүруі азаматтық борышы.

Бірақ қазақ музыкасының арқасында шалықтап өмір сүріп жүрген өнер адамдары қазақ музыкасының ертеңгі күніне "бей-жай" қарап отырғанда (бұдан басқа не деуге болады?), жастарға "батыстың музыкасын тыңдама" деп ақыл айтуға қандай моральдық қақымыз бар? Ешқандай қақымыз жоқ. Сол сияқты ғалымдасу үрдісі біздің мәдениетімізді жұтып жатыр деудің өзі де нағыз көрсоқырлық екенін түсінесің.

Қазақ мәдениеті, руханияты үшін күрестің бағыты айқындалмаған осындай кезеңде адасқан жұрт жыртық джинсимен күресіп, болмашы нәрсені сөз ететіні анық. Осы ой-санамыз қашан өседі екен?

Нұрлан ЖҰМАХАН

Рекомендовать
Последние новости