Жетісудағы қоныс тойы мерекемен тұспа-тұс келді

Dalanews 25 окт. 2023 05:42 1565

Жетісу облысында кезекте тұрған 110 отбасы көптен күткен баспаналарына Республика күнінде қол жеткізді. Атап айтқанда, демеушінің қаржысына салынған көп қабатты үйдің жаңа пәтерлеріне талдықорғандық 60 отбасы ие болды. Ал Ақсу ауданында 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді, оның құрылысына бюджеттен 855 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорған қаласындағы демеуші компанияның қаражатына тұрғызылған 60 пәтерлі 5 қабатты жаңа үй «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді.

Олардың қатарында толық емес және көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, тұрмысы ауыр отбасылар бар. Бұл үйде 30 үш бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер бар.

Жаңа қоныс иелерін Республика күнімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл өңірде 2000-ға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болатынын, солардың бірқатары бүгін баспаналарына кіретінін атап өтті. Құрылыстың осындай қарқынын сақтай отырып, 3-4 жыл ішінде облыс орталығындағы кезекті 50%-ға қысқартуға болатынын айтты:

– Соңғы жылдары Талдықорғанда пәтер мәселесі өзекті болды. Біз қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін тиісті шараларды қабылдадық. Өкінішке қарай мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегінде 15-20 жыл бойы тұру – тек біздің облыста ғана орын алып отырған жайт емес. Бұл – біздің кінәміз, ол үшін кешірім сұраймын.


Енді электрондық кезекті енгізудің арқасында біз әділдік пен ашықтық қағидатын қатаң сақтай отырып, пәтер бөлудің ашықтығын қамтамасыз еттік. Бұл туралы Президент үнемі айтып келеді.

Ал бүгін, мерекеде қабылданып жатқан шаралардың арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен талдықорғандық 60 отбасы демеуші компания мен қайырымдылық қордың қолдауымен қоныстой қуанышына кенеліп отыр.

Жыл басында меценаттардың көмегімен бір 60 пәтерлі үйді қолданысқа бердік, бүгін тағы біреуін, екі аптадан кейін 60 пәтерлік тағы біреуін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, өмірлік қиын жағдайға тап болған халықтың әлеуметтік осал топтарынан  кезекте тұрған 180 азамат көптен күткен баспаналарына демеушілердің қолдауының арқасында тегін қол жеткізді. Үйді салған демеуші компания – «Eurotranzit Terminal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдеріне алғысымды білдіремін. Баршаңызды Республика күнімен және қоныс тойларыңызбен тағы да құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! – деді Бейбіт Исабаев.

Облыс басшысы жаңа үйдің жанында балалар алаңын орналастыруға арналған орын бар екені, оны келесі жылы салу жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті.

«Eurotranzit Terminal» ЖШС директорының орынбасары Сергей Гордиенко тұрғындарға құттытау тілегін білдірді:

– Біздің компания  әлеуметтік маңызды жобаларға үнемі қатысады. Талдықорған қаласының әкімдігімен жасалған меморандумға сәйкес 60 пәтерлік үй салып, бұл үй бүгін кезекте тұрғандарға тегін беріліп отыр. Тұрғын үй деген – жай ғана қабырғадан, төбеден, шатырдан тұратын ғимарат емес, бұл – көмекке мұқтаж отбасылар үшін үміт шырағы, құтты қоныс, – деді ол.

Қор өкілдерінің атынан оның құрылтайшыларының бірі Мадияр Серікбаев сөз алды. Қордың жұмысына тоқталған ол 6 жыл ішінде қор мұқтаж жандарға 1000-нан астам пәтер бергенін айтты:

– Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бүгін тағы 60 отбасының шексіз қуанышына куә болып отырмыз. Жетісу облысында біздің қолдауымызбен осы алпыс отбасын қосқанда барлығы 182 отбасы жаңа қонысқа кірді, – деді ол.

Баспанаға қол жеткізгендердің бірі – жеті бала тәрбиелеп отырған Әлия Тазабекова. Ол осыдан 12 жыл бұрын тұрғын үйге кезегіне тұрған:

– Бүгін мерекеде үш бөлмелі пәтердің кілттерін қолыма алдым. Бұл – біздің үлкен отбасымыз үшін ең бақытты күндердің бірі. Үлкен қызым 18 жаста, кенже ұлым небәрі 5 айлық. Үйленгенімізге 20 жыл болды. Өзімнің мамандығым – аспаз. Күйеуім жұмыс істейді. Үй сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Жалдамалы пәтердің бірінен біріне көшіп жүруден шаршадық, әрі қиын, әрі қымбат. Бүгін көптен күткен қуанышты сәтіміз туды. Шын жүректен ризамыз, – дейді жаңа қоныс иесі.


Тағы бір тұрғын ризашылық кейіппен ізгі тілегін білдірді: «11 жыл кезекте тұрдық. Ұлым мен келінім жол апатынан қаза тапты. Олардың қызы, немерем Аянды өзім тәрбиеледім. Оның бірінші топ мүгедектігі бар, өте қиын, оған тұрақты күтім керек. Қазір оның жеке пәтері бар. Енді екеумізге де әлдеқайда жеңіл болады, жылы, жайлы қоныста тұратын болдық», - дейді Күләш апай.

Атап өтсек, бүгін Ақсу ауданының тұрғындары да мерекелік қоныс тойын атап өтті. Кезекте тұрғандарға 50 пәтердің кілті берілді. Олардың арасында жетім балалар, көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек адамдар, апатты үйлерде тұратын отбасылар бар.

Жансүгіров ауылындағы бұл жалгерлік көп пәтерлі үйді салуға бюджеттен 855 млн. 709 мың теңге бөлінген. Тұрғын үйдің құрылысын «Ритм Строй» ЖШС өткен жылдың маусым айынан бастап жүргізді.

Жыл басынан бері Жетісу облысында әр түрлі қаржыландыру көздері есебінен 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ретте 1100-ге жуық отбасы, оның ішінде 145 көпбалалы және 158 аз қамтылған отбасы жаңа қонысқа ие болды.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай

Рекомендовать
Последние новости