Жетісуда жұмысқа тұрып, бизнес ашқандар көп

Dalanews 12 апр. 2019 04:28 990

Техникалық-кәсіптік білім экономиканы дамытудағы негізгі күш екені белгілі. Нарықтық қиыншылықтар орын алған тұста еліміздегі бірқатар кәсіби маман даярлайтын оқу орындары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Ал ел экономикасы қалыпқа келіп, өз арнасын тапқанда кәсіби мамандарға деген сұраныс қайтадан артты. Бүгінде мұндай құбылысты еліміздің барлық аймағынан байқауға болады. Соңғы уақыттары Алматы облысында кәсіптік-техникалық маман даярлау ісі жанданып, жаңа белеске көтеріліп келеді.  

Алматы облысы Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде Алматы облысында 75 колледжде 33 мыңнан астам студент түрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Олардың тең жартысынан астамы, яғни 18,6 мыңы мемлекет есебінен кәсіптік-техникалық маман даярлау бағдарламасы тапсырысы аясында тәлім алып жатыр.

Жалпы, елімізде шағын кәсіпкерліктің дамуы кәсіптік-техникалық мамандықтарға деген сұранысты арттыра түскені ақиқат. Бүгінде Алматы облысының жастары дәнекерлеуші, электрик, аспазшы мамандықтарын игеріп, мол табысқа кенелуге болатынын түсініп отыр. Осылайша, шағын кәсіпкерлік кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауда катализатор қызметін атқаруда.

Соңғы уақыттары Алматы облысында «Мойнақ» ГЭС-і мен түрлі инфрақұрылымдардың салынуы кәсіптік-техникалық мамандықтарға деген сұранысты арттыра түскен. Алдағы уақытта тиісті орындар нарықтың сұранысын дәл есептеп, облыстың экономикасын алға жылжыту үшін қандай мамандықтарға басымдық беруі керек екенін анықтауы тиіс. Бұл ретте білім саласына жауапты мекемелері жұмыс беруші кәсіпкерлермен тізе қосып, жұмыс істеуінің маңызы зор.

Осы қағидатты басшылыққа алған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алматы облысы бойынша филиалының мамандары бұл іске белсене араласып, мемлекеттік тапсырысты бөлу ісіне кәсіпкерлерді тартуға барынша атсалысуда. Мұны 2018 жылы мемлекеттік тапсырысты бөлетін комиссияның құрамындағы кәсіпкерлердің саны 44 пайыздан 50 пайызға дейін артқанынан байқауға болады.

Алматы облысында дуальді оқытудың Жол картасына орта буынды оқу орындардан бөлек жекелеген кәсіпкерлік нысандарда көптеп қатысып, маман дайындау ісіне қатысты өз ойларын айтуды әдетке айналдырған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты цифрларды сөйлете кетсек.

Бүгінде Алматы облысы аумағында іске асып жатқан дуальді оқтудың Жол картасына 2 310 мекеме қатысуда. Оның 24-і колледж болса, 231-і өңірдегі жетекші кәсіпорындар. Осылайша, әр саланың мамандары басқосып, Алматы облысындағы колледждерде  10 сала бойынша 24 мамандықты оқыту жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.  Нәтижесі де кісі қызығарлық. Айталық, 2017 жылы колледждерде 311 жас кәсіптік-техникалық мамандықты меңгеріп шыққан. Ал олардың жұмысқа қабылдануы 71 пайызды құраса, 2018 жылы 1189 түлектің 79 пайызы жұмысқа орналасып, өмірден өз жолдарын тауып кеткен. Осы мәліметтерден-ақ Алматы облысында кәсіптік-техникалық мамандықты дамыту бағдарламасы жоғары деңгейде дамып жастардың аяқтанып кетуіне септігін тигізіп жатқанын байқауға болады.

Бүгінде дүниежүзінің дағдарысты жағдайды бастан өткеріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен. Жоқ. Осы ретте елімізде дағдарыстың екпінін бәсеңдету үшін бірқатар шаралар қабылданған болатын. Соның арқасында әлемдік экономикалық дағдарыстың салқынын анау айтқандай сезініп отырған жоқпыз.

Әдетте дағдарыстың салқыны алдымен ірі кәсіпорындарға тиетіні белгілі. Ал шағын бизнес саласы мұндайда тез ес жиып, жаңа қиыншылықтарға қарсы иммунитет қалыптастыра алатынымен ерекшеленеді. Ал шағын бизнеспен айналысуға аңсары ауған адамның жаңа мамандықты игеруіне тура келетіні анық. Осы жайтты басты назарға алған Алматы облысы әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалы бірлесіп облыс көлемінде бизнеспен айналысуға ниеттенген азаматтарға бағыт-бағдар беретін 26 оқыту орталығын ұйымдастырған. Құрылған орталықтардың 20-сы өңірдегі іргелі кәсіпорындардың базасында құрылғанын айта кетуіміз керек.

Өткен жылы кәсіпорындар жанынан құрылған 20 оқыту орталығында 852 жұмыссыз азамат келіп, жаңа кәсіпті меңгерген. Бүгінге дейін орталықта тәлім алған азаматтардың бәрі жаңа мамандықтарды меңгеріп, олардың 72 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Осылайша, Алматы облысында жаңа мамандықты меңгеріп, жұмысқа тұрып, бизнес ашып жатқан жұрттың қарасы артып келеді.

Айнұр ЖҰМАХАН 

 

Рекомендовать
Последние новости