Жетісуда биыл тағы 30 елді мекен газдандырылады

Нұрлан Жұмахан 16 апр. 2024 11:14 1684

Өткен жылы Жетісу облысында 9 елді мекен газдандырылса, биыл тағы 30 елді мекенге газ беріледі. Соның арқасында өңірдің 37 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізе алады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының деректеріне қарағанда биыл өңірде газдандырудың жалпы құны 13,5 млрд теңге болатын 30 жобасы іске асырылуда, соның 22-і – жаңа, 8-і – өткен жылдан ауысқан жоба. Аталған жобалар аясында 656 шақырым газ желілері салынады.

Қаратал ауданының Көкпекті, Сарыбұлақ, Достық, Ортатөбе, Тастөбе, Жаңаталап, Ескелді ауданының Жаңалық, Шымыр, Жетісу, Жастар, Абай, Ешкіөлмес, Өтенай, Қаратал, Теректі, Көксу ауданының Алғабас, Талапты, Ақтекше, Жетіжал, Қызылтоған, Айнабұлақ, 10-жылдық Қазақстан, Жеңіс, Ақшатоған, Бозтоған, Жарлыөзек, Кеңарал, Көксу, Еңбекшіқазақ ауылдарына, сондай-ақ Талдықорған қаласының Мойнақ ауылына көптен күткен көгілдір отын келеді деп күтілуде. Осылайша жалпы саны 37 289 адамға газға қосылуға мүмкіндік жасалады.

Бұдан бөлек, II жартыжылдықта «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Мәселен, үш жарым жыл ішінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенінің 124 мың тұрғыны газға қол жеткізе алады.

«Бұл жалпы құны 100 млрд. теңгеден асатын ауқымды қымбат жоба, оның ішінде Президенттің халықты газбен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында республикалық бюджеттен 20 млрд. теңге бөлінді. ЖСҚ дайын, мемлекеттік сараптама нәтижелері алынды. Осы жылдың ІІ жартысында құрылысты бастаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев жақында Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Жетісу облысында 33 елді мекен газдандырылған, 321,7 мың адам немесе өңір халқының 46%-ы газға қол жеткізе алады.


Рекомендовать
Последние новости