Жетісуда ауқымды күн электр стансасы салынуда

Dalanews 12 сент. 2018 14:49 1147

Қапшағай қаласы аумағындағы Шеңгелді елдімекенінің маңында Қазақстан бойынша ең ірі күн электр станциясы салынуда. Нысанның құрылысы  2019 жылы аяқталмақ.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жобаның алғашқы құрылыс кезегінің барысын өз көзімен көріп, танысып қайтты. Өңір басшысына  нысан бойынша атқарылған жұмыстар жайлы мамандар егжей-тегжейлі баяндап берді.



Жалпы қуаттылығы 150 МВт-сағат болатын станция аумағы 400 гектар жерді алады. Станса еліміздің Солтүстік – Оң

түстік бағытына электр қуатын тасымалдаудың өткізу мүмкіндігін арттыру арқылы Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы электр қуатына деген тапшылықты жабу мақсатында тұрғызылуда. «Еneverse Кunkuat» серіктестігінің жобалауымен тұрғызылып жатқан электр стансасы күн сәулесі энергиясын тұрақты кернеудегі электр тоғына айналдыратын 303 мың арнайы панельден тұрады. Жабдықтардың басым бөлігі Германиядан жеткізілген. Күн электр стансасының бірінші кезегі жылына 151,2 МВт-сағат электр қуатын өндіреді.

Қазіргі кезде Алматы облысы 200 Мвт энергияға тапшы болса, сол жетіспеушілік осы станция арқылы түбегейлі шешілмек. Дәл қазіргі кезде аумақта қызу құрылыс жұмысы жүргізілуде.

Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта күн электр стансасы іске қосылғанда 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Өткен жылдың сәуір айында жобалық сметасы жасалған өндіріс орнының құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр. Электр стансасының бірінші кезеңінің құрылысы биылғы тамызда басталыпты және 2019 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Ал екінші кезеңі келер жылдың үшінші тоқсанында бітеді деп жоспарланған. Бүгінде құрылыс аймағында «Назар», «Аманат» сияқты ірі серіктестіктер жұмыс істеуде.

Бұл өндірістің негізгі құрылтайшылары Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан электр құрылғыларын шығаратын «CHINT Group» компаниясы. Компанияның серіктестіктері Ресей, АҚШ, Канада, Австралия, Гонконг, Сингапур сияқты әлемнің дамыған 11 елінде ашылған. Ал Қазақстанда ашылатын жоба ТМД елдерінде бірінші әрі осы саладағы ең ірі инвестициялық нысан болмақ.

Айта кетейік, жоба 2016 жылы Алматы облысы делегациясының Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына арнаған жұмыс сапары барысында жаңартылатын қуат көздері саласы бойынша қол қойылған келісім аясында жүзеге асырылуда.

 

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы

Рекомендовать
Последние новости