Жетісуда алма бақтарының көлемі 23 мың гектарға жетті

Dalanews 05 сент. 2019 06:56 1314

Алматы облысы Жамбыл ауданында «Атек Агро» серіктестігі 54 гектар  жерге тамшылатып суаратын алма бағын өсіріп отыр. Биылғы көктемде алманың «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» сияқты танымал сорттары отырғызылған. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Жамбыл ауданына жасаған сапары барысында белгілі болды. Бақтың күтіп-бапталу жағдайымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров та танысты.

Серіктестік басшысы Жанат Алтынғадысұлының айтуынша, жобаның жүзеге асырылып жатқанына үшінші жыл болған шақта тамшылатып суару әдісін қолданудың арқасында бір гектардан 30-дан 45 тоннаға дейін алма  алу жоспарланып отыр.

Тамшылатып суару құрал-жабдықтары Израильден, жас көшеттер Түркиядан әкелінген. Қазіргі кезде түркиялық мамандар қажетті агротехникалық шараларды жүргізуде. Алқап қоршалып жатыр, тамшылатып суаруға арналған су бөгетінің шұңқыры қазылып қойған.

Іске асырылып жатқан теңдессіз жоба үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – өнімді өсіру, екіншісі – дайын өнімді ұзақ мерзімге сақтау, үшіншісі, әрине – өңдеу.

Амандық Баталов өз сөзінде Елбасының бақ өсіруді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес заманауи агротехнологияны қолдана отырып бақ шаруашылығын дамыту басым бағытқа айналғанын атап өтті. Бұл ретте өз өнімдерін сақтау мен өңдеу ісін қатар дамытудың да мыңызы зор.

Ж. Алтынғадысұлы алмаларының біразын жергілікті нарыққа шығаруды, ал көп бөлігін өңдеуді жоспарлап отырғанын айтты.

Атқарылған жұмыстарды оң бағалаған Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров жергілікті мамандарды бақ шаруашылығында замауани технологияларды қолдана білуге үйрете отырып тарту қажеттігін де еске салды.

Жалпы жобаның құны – 850 млн. теңге. Бір бөлігін «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ қаржыландырса, тағы бір бөлігі – кәсіпкердің жеке қаржысы. Жобаны жүзеге асыру арқылы ауданда 75 жаңа жұмыс орны құрылды.

Қазіргі кезде Алматы облысындағы жалпы бақтардың көлемі – 23 мың гектар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жеміс-жидек пен жүзімнің жалпы өнімінің көлемі 126 мың тоннаға жеткен. Соның ішінде алма – 85 мың тонна. Қажеттілік 27,2 мың тонна болғанда ішкі нарықтағы отандық алманың үлесі 95% болып отыр, сондықтан дайын өнімді өңдеу мәселесі облыс басшылығының ерекше бақылауына алынған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости