Жетісу төрінде Жамбыл облысының мәдени күндері өтуде

Dalanews 01 дек. 2021 13:01 1126

Жетісу жерінде Жамбыл облысының мәдени күндері басталды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек бастап келген делегацияны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қабылдады. Сол сияқты облыс басшысы жамбылдық өнерпаздардың «Жаңарған Жамбылдан жерұйығы Жетісуға!» атты концертін тамашалап, тілегін білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде өткен қабылдау барысында қонақтарға «Қош келдіңіздер» деген Амандық Баталов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы облыс жетістіктері, екі өңірдің бұрыннан қалыптасқан байланыстары, Жамбыл Жабаевтың меретойына арналған шаралар жайлы қысқаша баяндап берді.

– Алматы облысына келген қадамдарыңыз құтты болсын! Жамбыл облысымен біздің өңіраралық байланысымыз бұрыннан қалыптасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің облыс Таразда мәдени күндерін өткізсе, бүгін, міне, өздеріңіз өнер көшін Жетісуға әкеліп отырсыздар. Екі өңірге де тән ортақ құндылықтар, ортақ шаралар бар. Жамбыл бабамыз екі облысқа ғана емес, күллі қазаққа ортақ тұлға. Бұған дейін жыр алыбының музейін жөндеуден өткізсек, мерейтой қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігі бұл нысанды қайта жаңғыртуды қолға алды. Жамбыл ауылын, көшелерін абаттандырдық, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасап жаңарттық. 114 млн. теңге бөліп, 30 томдық кітабын шығардық. Осының бәрі облыс экономикасының жақсарғанының арқасында атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп келеді, – деп атап өткен облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің дамуы жайлы бірқатар шараларды әңгімелеп берді.

Мұнан соң Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек жылы қабылдау үшін облыс басшылығына, жетісулықтарға ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізді.

– Жетісуға сапарымызды Жамбыл бабамызға тағзым етуден бастадық. Басына барып, дұға еттік, музейін тамашаладық. Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени музейін, Үшқоңырдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көрдік. Әсеріміз керемет. Жетісу өңіріне келеген делегация құрамында 150-дей адам бар. Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараздың тарихының бір бөлшегін көрме ретінде ала келдік. Ән-жырымызды әкелдік. Жалпы екі өңірдің бір-бірінен үйренетін, бір-бірімен тәжірибе алмасатын бағыттары көп. Біздің өңірде қазір қант зауыты салынып жатыр. Биыл 6 мың га жерге қант қызылшасын ектік. Осындай шаруашылық жағынан болсын, өнер алмасу жағынан болсын қос өңірдің өзара әріптестік байланысы нығая берсін, – деді Дәулет Кәрібек.



Қабылдаудан кейін мәдениет күні Б.Римова атындағы драма театрында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның концертімен жалғасты. Концертте облыс әкімі көпшіліктің алдында делегацияны Жетісуға арнайы жіберген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ыстық ықыласын білдіріп, өнерпаздардың шығармашылығына табыс тіледі.

Атап өтсек, мәдени күндер аясында жамбылдықтар Б.Римова атындағы драма театрында «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Кітапханалары «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени шара өткізді. Делегация Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақынның музейін аралады. Мәдени шаралар бүгін де жалғасып, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры жетісулық көрерменге «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты қойылымын ұсынады.


 

Рекомендовать
Последние новости