Жетісу шаруалары қант қызылшасын жинауды бастады

Dalanews 07 сент. 2023 12:35 1327

Биыл Жетісу облысында қант қызылшасынан 370 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Қазіргі кезде Ақсу және Көксу зауыттарында қызылшаны қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы жоспар бойынша 8100 гектарға тәтті түбір дақылы себілуі тиіс болса, іс жүзінде егіс алқабының көлемі 8742 гектарды құрады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, Көксу қант зауыты қызылша қабылдауды 10 қыркүйектен, ал Ақсу зауыты 15 қыркүйектен бастауды жоспарлап отыр.

– Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласының қызылша өсірушілері өнімдерін Көксу қант зауытына тапсырады. Ол үшін 6 үйме салушы машина мен 3 автотаразы дайындалды.

Ал Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының қызылша өсірушілері Ақсу қант зауытына өткізеді, онда 5 үйме салушы машина мен 2 автотаразы дайын тұр.

Егін жинау науқанына 60-тан астам қызылша жинайтын комбайн мен 40 бірлік пәлек жинайтын техника жұмылдырылады.

Сондай-ақ, Жамбыл облысынан 5 бірлік қызылша жинайтын комбайн тартылады. Бұл ретте қызылша өсірушілерге қажетті қолдау көрсетіледі. Мысалы, биыл ғана Көксу қант зауыты 385 шаруашылыққа көктемгі егіс жұмыстары мен қант қызылшасының тұқымына 1 млрд 459 млн теңге бөлді. Сондай-ақ шетелдік селекция тұқымдарын жеткізу жолға қойылған. Бұл бағытта Көксу қант зауыты 9,5 мың себу бірлігі болатын шетелдік тұқымдармен қамтамасыз етті, – деп атап өтті Н.Кененбаев.


Өткен жылдан бастап Көксу қант зауыты көлік шығындарын жол қашықтығына байланысты 1-ден 3 теңгеге дейін өтей бастады. Осылайша, тоннасына 1 мыңнан 3 мың теңгеге дейін шығады.

Бұл тәжірибені биылдан бастап Ақсу қант зауыты да енгізе бастады. Атап өтсек, өңдеуге өткізілген қант қызылшасының сатып алу бағасы тоннасына 30 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін өсті (зауыт 1 тоннаға 15 мың теңгеден қабылдайды, ал жергілікті бюджеттен берілетін субсидия 1 тоннаға 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін өсті).

Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы шаруашылықтардың ішінара шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жылдан жылға артып келеді. Атап айтқанда, осы жылы өсімдік шаруашылығы бағытына 10,3 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге артық, соның ішінде тұқым, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға да қаржы бөлінді.

– Биыл 236 гектарға қант қызылшасын септік. Қазірдің өзінде бір гектардан 60-70 тонна аламыз деп айта аламыз. Ол үшін біз барлық тиісті шараларды қабылдап, агротехнология талаптарын сақтадық. Енді тағы бір рет суарамыз. Мемлекет қолдауын уақытылы алдық.

Атап айтқанда, гербицидтерге, фунгицидтерге, тұқымға, дизель отынына жеңілдікпен берілетін субсидия берілді. Көксу қант зауытынан аванс алдық. 1 гектарға 100 мың теңге есебінде, яғни көктемгі егіс жұмыстарына 20 млн теңге шамасында берілді. Өз басым қант қызылшасы өсіруге тұрарлық дақыл деп есептеймін. Өнімділігі де, бағасы да жақсы, дегенмен оны нәресте секілді күтіп-баптау керек.

Егіс алқаптарын біртіндеп ұлғайтсам деген ниетім бар. Мәселен, өткен жылы біздің кооперативте шамамен 50 гетар тәтті түбір себілсе, биыл 240 гектарға жетті, – деген Көксу ауданының «Құрақты» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Ыбырай Дәуітов кооперативте 36 адам жұмыс істейтінін де атап өтті. Қант қызылшасымен қоса фермерлер соя, жүгері, жоңышқа да өсіреді.

Көксу ауданының тағы бір қызылша өсірушісі қант өндірісін одан әрі дамыту туралы ой бөлісті:

– 8-9 жылға жуық қант қызылшасын өсірумен айналысамын. Бұрын 50 гектардан аспайтын жерге себетінмін, ал биыл 100 гектарға жеткіздім. Оған мемлекеттік қолдау шаралары көп септігін тигізді. Басқа дақылдардан мұндай табыс тапқан жоқпын. Бірақ, әрине, қызылшаның жұмысы жеңіл емес, көп еңбектенгенде ғана мол өнімге қол жеткізуге болады, ауыспалы егіс талаптарын да сақтау керек.


Өңдеуге өткізетін өнімнің сатып алу бағасын көтеру де бізді  ынталандырды. Қазір тоннасы – 40 мың теңге. Оған қоса қант зауыты көлік шығындарын өтейді. Осылайша тәтті түбірдің әр тоннасына 41 мың теңге аламын, бұл өте жақсы. Сонымен қатар, мен 30 шақты адамға жұмыс беремін. Келесі жылы қант қызылшасын 200 гектарға дейін өсіруді жоспарлап отырмын, – деді «Жалайыр» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Жайлығұлов.

Рекомендовать
Последние новости