Жетісу облысында халықаралық инклюзивті этнокөрме өтті

Ақтоты Жапатова 19 мая 2025 15:07

Жетісу облысының Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Kazakhstan: Ethno-Inclusive Dialogue» атты тұңғыш халықаралық инклюзивті этнокөрме өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Іс - шараны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мейірім» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Көрме орталығының ғимаратында өткен іс-шараның негізгі мақсаты – өнер мен мәдениет арқылы инклюзияны ілгерілету. Ерекше қажеттілігі бар жандардың өз қолымен жасаған авторлық бұйымдарының таныстырылуына ерекше назар аударылды.

- Біз шығармашылықтың шегі жоқ екенін көрсетуге тырыстық. Мүгедектігі бар адамдар жай ғана көрермен емес, мәдени диалогтың толыққанды қатысушысы да бола алады. Бұл көрмеде біз мұны ашық жариялауға мүмкіндік алдық. Біз жай ғана көрме емес, қарым-қатынас орнататын, шабыт алатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң құруға тырыстық. Көптеген қатысушылар іс-шара барысында жаңа тұтынушылар мен серіктестер тапты, - деп атап өтті «Мейірім» МҚБ төрағасы Гүлвира Таубалдинова.

Жалпы көрмеге келушілер отандық және Ресей, Түркия, Өзбекстаннан келген шетелдік шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарының көрме-жәрмеңкесін аралап, қолөнершілердің шеберлік сабақтарына қатысып, жергілікті әртістер мен шығармашылық ұжымдардың өнерлерін тамашалады.

Бұл іс-шара түрлі мүмкіндіктер мен көзқарастардағы адамдар арасында алтын көпір қызметін атқаратын ашық және толерантты қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болды.

Жетісу облысындағы көрме ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірде әр адамның өз құндылығын сезіндіретін және өз әлеуетін іске асыра алатын инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған бастамаларға әрдайым қолдау білдіріледі.


Рекомендовать
Последние новости