Жетісу облысында білім саласында ұрланған қаржының бір бөлігі шетелдік банк шотынан табылды

Кәмшат Тілеухан 19 мар. 2025 14:22 67716

Жетісу облысында білім саласындағы бюджет ақшасын ұрлау ісі бойынша күдікті ақшаны шетелдік банкке аударып отырған. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу барысында күдіктінің үйінен шетел банкіне тиесілі қаржылық құжаттар табылған. Антикордың Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен тексеруі кезінде ұрланған қаражаттың бір бөлігі шетелдегі банк шотына аударылғаны расталды.

"GlobE халықаралық жүйесі арқылы біздің қызметкер шетелдегі әріптестерімен байланыс орнатып, күдікті мен оның туысының шетелде ашқан шоттары мен жасаған қаржылық операцияларын анықтады", – деді Биғайдаров.

Сонымен қатар Қазақстан тарапы ақша аударымын қабылдаған шетелдік азамат туралы ақпаратқа да қол жеткізді.

Қазір Антикор шетелдік әріптестерімен қаржыны бұғаттап, кейіннен оны кері қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости