Жетісу биотехнология саласы өркендейді

Dalanews 29 окт. 2017 08:11 1046

Талдықорғанда І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 45 жылдығы аталып өтілді. Оқу орнының айтулы датасы шеңберінде биотехнология мәселесінің ғылыми-зерттеу институтының салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.



ЖОО ұжымы мен студенттерін мерейтойымен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, университет жанынан құрылған ғылыми-зерттеу институтының ашылуына қатысты.

Институттың құрамында екі – биогеотехнология және агробиотехнология зертханалары бар. Олардың жұмысы тау-кен және аграрлық өнеркәсіп салаларына инновациялық биотехнологиялық тәсілдерді енгізуге негізделеді. Қазіргі кезде институтта докторлар мен ғылым кандидаттарын қосқанда 9 қызметкер бар. Зерттеу жұмыстарына «Биология» және «Экология» факультеттерінде оқитын студенттер де тартылады.

Институт жұмысымен кеңінен танысып, лабораторияны аралаған облыс басшысы зертхана қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеп, тілектестігін білдірді. Сонымен қатар олардың агробиотехнология саласындағы еңбектері бүгінгі күн үшін, әсіресе біздің агро-индустриалды облысымыз үшін және ауыл шаруашылығына инновацияларды енгізу жұмысы атқарылып жатқан осы шақта аса маңызды саналатынын атап өтті.

Мұнан соң Амандық Баталов ЖОО-ның 45 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау тілегін жеткізді.

– Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің атымен аталған университет жарты ғасырға жақын уақыт ішінде отандық білім жүйесінде өз орны мен дәстүрі бар білім ордасына айналды.Университет түлектері өңіріміздің экономикасының әр саласында еңбек етіп жүр. Әсіресе, педагог мамандардың 90 пайызға жуығы – Жетісу мемлекеттік университеті даярлаған кадрлар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың университетке арнайы келіп, дамудың басты бағыттарын айқындап беруі оқу орнының өркендеуіне тікелей әсер етті.Елбасымыздың жоғары білім беру жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларына орай, бүгінгі таңда университетте заман талабына сай жас буынды оқытып, тәрбиелеу жақсы жолға қойылған. Жетісудың басты білім ордасында оқыған жастарымыз облыстың, еліміздің абыройын асыра берсін!Университет ұжымына мол табыстілеймін! – деді А. Баталов. Білім ордасында облыс әкімінің грантымен білім алып жатқан студенттер оқуын оқу жылының соңына дейін аяқтауы үшін  35 млн. теңгенің сертификатын табыстады.Сонымен қатар облыс әкімі университет ректоры Куат Баймырзаевқа облыс әкімінің алғыс хатын және білім ордасының бірқатар қызметкерлеріне құрмет грамоталарын тапсырды. Шара барысында Амандық Баталовқа «Құрметті профессор» атағы берілді.

Салтанатқа құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров арнайы қатысты. Жиын университет түлектерінің, оқытушыларының, студенттер мен қонақтардың ізгі тілектерімен жалғасты.

Жалпы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін құрылғаннан бері 49000 түлек бітірген. Олардың 35 мыңы – педагогикалық мамандықтар бойынша тәмамдаған. Бітірушілер арасында ғарышкер-сынақшы, авиация генерал-майоры, «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов, Атлантадағы Олимпиада ойындарының жүлдегері, қола медаль иегері Мәулен Мамыров та бар. Бүгінгі күні университетте 6 мың студент оқиды. Олардың ішінде 40-ы мамандық бойынша – бакалавр, 21-і – магистр, 6-уы – докторанттар. Биылғы жылы университет тұңғыш рет Еуропа мен Орта Азияның дамушы үздік жоғарғы оқу орындарының арнайы рейтингісінде алдыңғы қатардағы 300-діктің ішіне кірді. Ал ұлттық рейтинг бойынша көпсалалы ЖОО 12-ші орында.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

https://dalanews.kz/31415

https://dalanews.kz/31415

Рекомендовать
Последние новости