Жетісайлық диқандар қырыққабаттың алғашқы өнімін экспорттауда

Жарбол Кентұлы 17 апр. 2024 11:28 1982

Жетісай ауданы негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын аграрлы аймақ. Ерте көктемнен бастап тыныс тіршілігі қайнап жататын өңірде шаруалар үшін еткен бейнеті ақталып, қырманның берекелі болуы бірінші орында, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Мырза ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімін көршілес Ресей еліне экспорттауды бастады. Қожалық төрағасы Әбдіжаппар Мырзаев соңғы бірнеше жылдан бері 60 күнде пісіп жетілетін қырыққабаттың макако сортын егіп келеді. Өнімділік те жақсы, бағасы да жоғары. Мейрамханалар мен дәмханаларда сұранысқа ие. Қазірдің өзінде егістік басынан келісі 175 теңгеден сатылуда.

Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, Жетісай ауданында биыл 1200 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 36 мың тонна өнім алу жоспарлануда.

Егілген өнімнің басым бөлігі «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ», «Макако» сорттары. Былтыр аудан диқандары 1,2 мың гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, 41 мың тонна өнім өндірген. Негізінен ерте пісетін қырыққабат өнімінің басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталған.

Айта кетейік, биыл ауданда 79,2 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде 42 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,5 мың гектар жерге көкөніс пен 14 мың гектарға мал азық дақылдарын егу жоспарланып отыр.


Рекомендовать
Последние новости