Жетісайдың кіреберісіне қақпа орнатылып жатыр

Dalanews 05 нояб. 2018 09:07 1038

Жетісай ауданына кіреберіс саналатын Ш. Ділдабеков ауыл округіне қарасты Сырабат елдімекенін кесіп өтетін көше бойына темір шарбақтар орнатыла бастады.

Сондай-ақ, ондағы бұрылыстың екі жақ бетін қайта құрылымдау жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, Асықата кентінің шыға берісіндегі үлкен мазарат маңы жасыл шарбақтармен қоршалуда.

Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев аталған нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен арнайы танысып, тиісті сала басшыларына қосымша нақты тапсырмалар берді

«Ең алдымен ауданымыздың шекарасына кіреберіс жерге қақпа орнатылатын болады. Аудан қақпасын елге көрінетін ыңғайлы жерге қоятын боламыз. Бірнінші талап — қақпаның маңы мен шекарадан Сырабат ауылына дейінгі көшенің бойы толық жарықтандырылуы тиіс. Ол үшін электр бағаналарын орнатып, желі тартылуы керек», — деді Жамантай Қанайұлы.

Сырабат ауылынан бастау алған шарбақ орнату жұмыстары Асықата кентіне дейін жүргізілмек. Ал көшенің екі беті толық қоршалып, онда ерте бой алатын тал-дарақтар отырғызу жоспарлануда.

Мұнан соң аудан әкімі Жетісай қаласындағы жаңа көпір маңына «Жетісай қаласы» деген жазуды орналастыру қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы шекара аймақтарына белгі орнатуды жүктеді. Бұл жұмыстар Жетісай қаласы күні мерекесіне дейін аяқталуы тиіс.

Рекомендовать
Последние новости